«Қайрат» футбол клубы

«Қайрат» футбол клубы

Вячеслав Швырев: «Бізде үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатын керемет команда жиналған»
Қайрат

Вячеслав Швырев: «Бізде үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатын керемет команда жиналған»

27 июня 2023
/ 06:00

«Қайраттың» шабуылшысы Вячеслав Швырев клубтың баспасөз қызметі мен Meta-Ratings.kz сайтына бірлесе берген сұхбатында «Қызылжарға» (3:0) қарсы өткен матч туралы пікір білдірді, сонымен қатар Қазақстан құрамасына алғашқы шақырту мен еліміздің басты командасына оралған кезіндегі эмоциясы жайлы айтты.

– Слава, «Қызылжарды» жеңгендерің құтты болсын! Ойын туралы айта кетсең.

– Құттықтап жатқаныңа көп рақмет! Өз алаңымызда жеңіске жетіп, үш ұпай алғанымызға өте қуаныштымыз. Біз стадиондағы жанкүйерлерімізді қуантқымыз келгендіктен тыңғылықты дайындалдық. Бапкерлер штабы ойындарды саралап, «Қызылжардың» қалай ойнайтынын және біздің қалай ойнайтынымызды айтып берді. Біз бас бапкеріміздің ойын идеясына қатты сенеміз. Сенгеніміз де оң нәтиже берді деп ойлаймын. «Қызылжар» – қиын команда. Олар кездесу барысында допты өз бақылауына алуға тырысты. Үнемі ротация жасап, сонымен бізді шатастырғысы келді. Ең бастысы, біз жеңіске жеттік.

– Алаңға шығар алдында бапкерлер штабы қандай нұсқаулар айтты?

– Кирилл Сергеевич бізден командаға допқа қарсы ойнауға, сондай-ақ спринт пен алға қарай жүгіріп, көмектесуді сұрады. Тағы бір гол соғу керек деді. Оның барлық тапсырмаларын орындай алдық деп ойлаймын.

– Сен жақсы позицияда болып, қақпа бағанасына тепкен қауіпті сәтің болды.

– Негізі әр ойында гол соғатын мүмкіндіктерім жеткілікті деп айта аламын. Өкінішке қарай, әзірге жолым болмай жүр. Кейде қақпашы жақсы қайтарып жібереді. Немесе осындай сәттерде өзім қате жіберемін. Бірақ ешбір жағдайға қарамастан мен үмітімді үзбей, жұмысты жалғастырамын. Еңбек етсең, нәтижесі болады деп сенемін. Сондықтан жұмысты жалғастырамын және де бәрі жақсы болады деп үміттенемін.

– Соңғы минуттарда сен өзің соға алатын едің, бірақ Ян Труфановқа пас бердің, сөйтіп ол гол салды. Неліктен мұндай шешім қабылдадың?

– Адик пас бергенде екіге үш шығып келе жатқанымызды көрдім. Сейдахметтің менің артымнан жүгіріп келе жатқанын байқап, Янды да көрдім. Қорғаушыны алдап өткенде Янның менен жақсырақ жағдайда тұрғанын көріп, оған пас беруді жөн көрдім.

– «Қызылжарға» қарсы келесі сырт алаңдағы ойында дайындық қандай болмақ?

– Дайындығымыз күшті болады, өйткені біз әр матчта жеңіске жеткіміз келеді. Өзім айтқанымдай, «Қызылжар» – өз футболын ойнайтын оңай команда емес. Тағы да ойын өте қиын болады, бірақ оң нәтижеге жету үшін бар күшімізді саламыз.

– Чемпионаттың бірінші айналымы аяқталды. Оны қалай бағалайсың? Нақты жағымды және жағымсыз жақтарын атап өте аласың ба?

– Шынымды айтсам, мен маусымның бірінші жартысын қандай да бір түрде бағалаудың мәнін түсінбеймін. Чемпионат әлі аяқталған жоқ, бәрі енді басталады. Тек оң сәттерді ғана атай аламын. Бізде үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатын керемет команда жиналған. Біз тек жұмыс істеп, сенуіміз керек.

– 2018 жылды еске түсірейік. Сол жылы кәсіпқой футболда дебют жасадың. Сен небәрі 17 жаста болдың, ал қазір 22-десің. Сенің ойыңша, психикалық, физикалық және футбол тұрғысынан қаншалықты өзгердің?

– Әрине, уақыт зымырап өтіп барады. Кеше ғана дебют жасаған сияқты едім. Негізі өз өзіме баға бере алмаймын. Бәлкім әр нәрсеге байыппен қарап, ақыл кірген шығар. Алаңда да, өмірде де байсалды болуға, өзіме және физикалық жағдайыма кәсіби көзқараспен қарауға тырыстым. Көбінесе осы тұрғыда. Сөйтіп, есейген сайын жолыңда көптеген кәсіпқойды көргенде, жақсы адамдар кездескенде, олардан жақсы, пайдалы нәрсе алуға тырысасың. Осылайша өзіңді дамытуға көмектесесің.

arrow-prev
arrow-next

Поделиться

Біздің серіктестер

close

Единый личный кабинет ФК «Кайрат»