«Қайрат» бас бапкері Премьер-лиганың 10-туры аясындағы «Оқжетпеске» қарсы матчқа қатысты пікір айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
— Өкінішті жеңіліс. Бірінші таймда ойынымыз жүрмей қойды. Біз дайын болмадық деп те айта алмаймын. Футболда атақ, даңқ ойнамайды. Футбол алаңына шыққан соң соңына дейін күресуің керек, барынша ойнауың керек. Жігіттер тапсырманы дұрыс орындамады немесе қате ойнады деп айтқым келмейді. Қарсыластың қалай ойнайтынын түсіндірдік, жаттығу жасадық, кеңес бердік, ескерттік. «Оқжетпес» жарады. Нағыз жанкештілік танытып, мақсатына жетті. Ал біз дұрыс қорытынды жасап, алға жылжуымыз керек. Чемпионат әлі алда. Қазір оның үштен бір бөлігі ғана өтті. Мұнда ең бастысы — абыржымау. Жігіттер мұның бәрін түсінеді, көңіл-күйі түсіп тұр, бірақ біз алға жылжуымыз керек.
— Командада жарақат алған ойыншылар көп. Осындай жағдайда құрамның тереңдігі жеткіліксіз болып тұрған жоқ па?
— Мен ақталғанды ұнатпаймын. Қолда бар ойыншыларды пайдаланамыз. Трансфер терезесі жабық, бірақ жаңа ойыншылар бойынша жұмыс жүріп жатыр. Олар болады. Қазір бізге біреу жетіспейді деп айтатын адам емеспін. Бар құраммен ойнап жүрміз. Біз қазіргі барлық жігітке сенеміз. Жағдай осындай. Трансфер терезесін күтеміз. Ал әзірге бар күшімізді салып, жұмыс істеп жатырмыз.
— Команда қарсыластың алғашқы шабуылына дайын болмаған сияқты. Бұл шындыққа жанаса ма?
— Қарсыластың қарымта шабуыл арқылы ойнайтынын білдік. Бұл олардың мықты жағы. Оларда жылдам футболшылар бар. Қазақстан құрамасының бас бапкері де олардың шабуыл шебінен үш ойыншыны шақырғаны кездейсоқ емес. Біз бұны айттық, түсіндірдік. Бірақ, өкінішке қарай, дұрыс ойнамадық. Оларға қарымта шабуылға шығуға мүмкіндік бердік. Бірінші тайм бойы айқайлап, жігіттерге қалай ойнау керегін айтып тұрдым, бірақ бәрібір дұрыс әрекет етпедік. Футболда атақ, даңқ емес, нақты әрекет етіп нәтиже көрсету маңызды деп осыны меңзедім. Екінші таймда бұл жағдайды жіті талдап, нақты нұсқау бердік. Содан кейін ойын түзеле бастады. Бірақ тағы да қарымта шабуылдан гол жіберіп алдық.
— Команда тығыз қорғанысты бұзу жағынан қиындық көріп жатқандай. Солай ма?
— Әрине, қақпа алдында он ойыншы тұрған қорғанысты бұзу әрдайым қиын. Мұндайда алыс қашықтан соққы жасап, жекелеген шеберлік көрсету қажет. Ал бізде биік бойлы шабуылшы жоқ. Қапталдан доп асырсақ та, соны іліп алатын адам жетіспейді. Сол себепті комбинациялық футбол ойнауға тырысып, мүмкіндік іздейміз. Кейбір сәттерде соғуға болатын сәттер болды, бірақ ойыншылар соққы жасамады. Біз бұны да айтып, талқылаған едік.
— Соңғы екі жеңіліс психологиялық қысым тудырып жатқан жоқ па?
— Былтыр біз бес ойында жеңілдік, бірақ соның өзінде чемпион болдық. Бізде дүрлігу жоқ. Иә, жігіттер уайымдайды. Бұл қалыпты жағдай. Ешкім жеңілгенді жақсы көрмейді. Бірақ жеңіле білу де — өнер. Басыңды көтеріп, өз қателігіңді мойындап, әрі қарай жұмыс істеуің керек. Барлық нәрсеге біреуді кінәлай беруге болмайды.
— Жазғы трансфер терезесінде құрамды күшейтуді жоспарлап отырсыздар ма?
— Иә, мен жаңа айттым. Трансфер терезесі 29 маусымда ашылады. Соған дейін қолда бар жігіттермен ойнай береміз. Жаңа ойыншылар бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бірақ бұдан біз командаға сенбейміз немесе құтқарушы күтіп отырмыз деген түсінік тумасын. Жоқ, біз қазіргі құрамға ризамыз. Оларға сенеміз. Жай ғана осындай жағдайға тап болдық. Жарақат алып, ауырып қалғандар бар. Ондай болып тұрады. Бұл — біз бірге өтуіміз керек сынақ. Жанкүйерлер де бұл сынақты абыроймен өткеруге тиіс. «Қайраттың саудасы таусылды» деп айтудың қажеті жоқ. Жақсы кезде жаныңнан табылатындар көп, бірақ шалыс басып қалсаң, жоғалып кететін адамдар болады. Біздің нақты мақсатымыз бар, соған қарай бет алып келеміз. Жол әрдайым түзу бола бермейді. Кейде құлдырау болады, кейде көтерілеміз. Бірақ біз міндетті түрде өз мақсатымызға жетеміз.
— Бұл жай ғана сәтсіздік емес пе?
— Мен ырымға сенбеймін. Жігіттерге де сенбеңдер деймін. Ашығын айту керек, шындыққа тура қарау керек.