«Қайрат» шабуылшысы «Каспий» қақпасына соққан голы (1:1), гол салу мәселесі және «Зенитпен» болатын жолдастық кездесу туралы айтты.
– Слава, ойынға деген дайындық қалай болды?
– Әдеттегідей жеңіске жетіп, «Қызылжарды» басып озып, жанкүйерлерімізді қуантамыз деп шықтық. Өкінішке қарай, тең ойнап қалдық. Жаман емес нәтиже деп ойлаймын. Біз алға жылжып, өзімізбен жұмыс істейміз. Осы сәтті пайдалана отырып, ауыр жарақат алған «Каспий» қақпашысына денсаулық тілеп, тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Алда чемпионатта өте қиын екі матч күтіп тұр. Бар күшімізді салып, екі рет жеңіске жетуге тырысамыз.
– Бірінші таймда төмен түсіп ойнап жүрдің. Алғашқы минуттардан бастап алдыңа қандай міндет қойылды?
– Бірінші таймда да, екінші таймда да «ондық» болып ойнадым. Бұл позиция қорғаныста да, шабуылда да көмек көретуді талап етеді. Артурды ауыстырғаннан кейін мен «тоғыздық» позициясына көтерілдім. Сол жерден гол соға алдым, бірақ, өкінішке қарай, біз қалаған нәтижеге қол жеткізе алмадық.
– Екінші таймда команда бірінші таймға қарағанда белсендірек көрінді. Себебі неде?
– Алғашқы 15-20 минутта біз алаңға үйренісіп жүрдік. Кейбір сәтте мүмкіндігіміз болды, кейбір сәтте сәтсіз ойнадық. Бірақ бірінші таймда гол соғатын мүмкіндіктер де болды. Екінші таймда төрт қорғаушыға ауыстық. Ойынымыз да жүре бастады.
– Гол салған эпизодың, қуанғаның туралы айта кетші.
– Егор Ткаченко қарсылас қорғаушының аяғынан допты жұлып алып кетті. Маған керемет пас шығарды. Қақпаға дәл тебуім ғана қалды. Қуанғаныма келетін болсақ, «Каспий» жанкүйерлері командамызға қатысты көптеген жағымсыз сөз айтты. Сондықтан мен эмоционалды түрде жауап беріп, оларға осылай ишарат көрсеттім. Олай әрекет етпеуім керек еді. Бірақ болар іс болды. Жай ғана гол соққаныма қуандым.
– Кирилл Сергеевич соңғы кездері команда гол соғуда қиналып жүргенін айтты. Оның себебі неде деп ойлайсың?
– Мұның себебі неде екенін білмеймін. Өткен жылмен салыстырғанда қарсыластар алаңның жартысында жиі жатып ала бастады. Тығыз қорғанғанда қорғанысты бұзып-жару қиынға соғады. Сондықтан болар, қазір бізде соғылған голдар саны көп емес. Ойын басында өз мүмкіндіктерімізді жүзеге асыруымыз керек. Жүзеге асырсақ, ойын да ашыла түседі. Бүгінгідей бірінші таймда гол соға алмасақ, онда көп күш жұмсауымызға тура келеді.
– «Зенитпен» болатын ойыннан не күтесің?
– Әрине, мен «Зенит» сияқты атақты командамен ойнағым келеді. Оның сапында жақсы легионерлер бар, командасы өте мықты, Ресейдің үздігі. Жақсы ойын болады деп ойлаймын. Мұндай қарсыласпен ойнап, дамуға болады. Осындай командалар барлық күшті және әлсіз жақтарымызды көрсете алады. Бұл ойын командаға да, әрқайсымызға да пайдалы болады.