«Қайраттың» ресейлік қорғаушысы Виктор Васин біздің баспасөз қызметіне берген сұхбатында клубпен келісімшартты ұзарту, Алматыдағы өмір, өткен маусым, оқу-жаттығу жиынының басталуы туралы айтып, жанкүйерлерге жүгінді.
– Виктор, желтоқсан айының соңында сіз біздің клубпен келісімшартты ұзарттыңыз. Бұл туралы не айта аласыз?
– Бұл жағдайға өте қуаныштымын. Жалпы, өткен маусымның соңында, «Қайратта» қалатыныма 90 пайызға сенімді болдым. Сондықтан бұл шешімді қабылдау мен үшін қиын болған жоқ.
– Бұл шешімді қабылдауда қандай фактор шешуші болды? Біреумен ақылдастыңыз ба?
– Мен әйеліммен ақылдастым. Егер қалсам, жаңа жылда біз бүкіл отбасымызбен Алматыға көшіп келеміз, ал балалар осында мектепке барады деп шештік. Алдыңғы маусымның соңында біз осы мәселе жайлы сөйлестік, әртүрлі мектептерді көрдік. Менің екі ұлым да спортшы. Сөйтіп, біз тағы бір жылға қаламыз деген шешімге келдік.
– «Қайраттағы» бірінші жылыңызды қалай бағалайсыз?
– Ең алдымен, жарақат немесе карточкаларға байланысты бірде-бір минутымды жіберіп алмай, барынша ойнағаныма қуаныштымын. Әйтпесе, маусым оғаш болды. Біз бір бапкермен бастадық, маусым барысында бапкерлер құрамы өзгерді. Көптеген ойыншылар кетті, олардың орнына көптеген жастар келді. Жалпы, өткен маусымды бес балдық жүйе бойынша төртке бағалауға болады.
– Қазақстан чемпионатының деңгейін қалай бағалайсыз?
– Чемпионаттың орташа деңгейі тең деп есептеймін. Супераутсайдерлер жоқ, тіпті кестенің төменгі жағындағы командалармен ойнау оңай емес. Кестенің жоғарғы жағында ерекшеленетін бірнеше клубтар бар. Өткен маусымның екінші жартысында бұл «Астана»болды.
– Өткен маусым барысында сіз команда капитандарының бірі болдыңыз. Бұл жеке сіз үшін нені білдіреді?
– Әрине, бапкерлер штабының және жігіттердің маған сенетініне қуаныштымын. Менің жасым мен үлкен тәжірибемнің арқасында менің жауапкершілігім бар. Командамыз жастардан құралғандықтан, мен оларға осы тәжірибенің бір бөлігін бергім келеді. Ал «Қайрат» капитандарының бірі болу – қосымша жауапкершілік.
– Сіз Алматыда өмір сүруге үйрендіңіз бе? Қаланы қаншалықты жиі аралайсыз?
– Келген күннен бастап-ақ Алматыға, жергілікті табиғатқа ғашық болдым. Мен бұл қаланың әдемі екенін білдім, бірақ оны өз көзіңізбен көрмейінше, сезбейді екенсіз. Әрқашан, базадан шығып бара жатқанымда тауларды, осындай керемет көріністі көрген сайын, бұдан жалығу мүмкін емес шығар деген ой келеді. Алматы табиғаты мен инфрақұрылымы жағынан өмір сүруге өте қолайлы қала. Мәскеумен салыстырғанда кептелістер аздау. Тамақтану орындары бар. Балаларды да апаратын жерлер өте көп екен. Оларға жалпы білім беру және спортпен айналысатын орындар да жеткілікті. Балалар мұнда батуттар мен гимнастикадан бастап футбол мен хоккейге дейін бәріне барады. Бұл мұнда көшудің маңызды факторларының бірі болды.
– Екінші оқу-жаттығу жиыны басталды. Қазір командадағы атмосфера қандай?
– Біз жұмыс істеуге дайынбыз. Бапкерлер құрамы бізге футбол деген алаңда өткізетін 90 минут қана емес екенін жеткізуге тырысады. Қаңтар – команданың негізін қалаудың негізгі айы. Жүгіру жұмыстары өте көп ай, сондықтан жұмысқа байыпты қарау керек екедігін бәрі түсінеді. Жұмыстың көптігіне қарамастан, жігіттер әзіл-қалжыңға да уақыт табады. Сондықтан, команда ішінде атмосфера – өте жақсы.
– Біздің жанкүйерлерге айтарыңыз бар ма?
– Біріншіден, барлығын келіп жеткен 2023 жылмен құттықтаймын! Баршамызға денсаулық, жақсылық және отбасымыздың амандығын тілеймін. Осы жылы жанкүйерлеріміздің сүйікті командасының жеңісті күндері көп болсын деп тілеймін. Олардан аздап шыдамдылық танытуын сұраймын. Командамызда көбісі өткен маусымда өнер көрсеткен жігіттер болғанымен, олардың жастары мен тәжрибелері өскен. Тиісінше, уақыт бізге әсер етеді және жыл сайын бұл команда күшейе түседі. Футбол алаңында көріскенше!