Бүгін «Қайраттың» Түркиядағы ОЖЖ аясында екінші жолдастық матчы өтті. Бұл жолы алматылық команданың қарсыласы Босния және Герцеговинаның «Вележ» футбол клубы болды.
Матч қазақстандық футбол клубының шабуылымен басталды. Алексей Шпилевскийдің шәкірттері қарсыластың қақпашысын жиі мазалады, бірақ команда бірден гол соға алмады.
«Вележге» келер болсақ, Мостар қаласының командасы өте сирек шабуылдады. Алайда нәтижелі шабуылды бірінші болып ұйымдастыра алды. Есепті «қызыл әскерлердің» шабуылшысы Нузмин Фаич ашты. Оның соққысынан кейін доп жолай Раде Дугаличке тиіп, бағытын өзгертті де, күтпеген жерден қақпаға еніп кетті.
Қайраттықтар бірнеше шабуылмен жауап қатты. Солардың бірінде қарсылас ойыншысы өз айып алаңында Адеринсола Эсеолаға қарсы ойын тәртібін бұзды. Нүктеге келген Бауыржан Исламхан соққыны салқынқанды орындап, есепті теңестірді.
Бір минуттан соң біздің команда алға шықты. Ян Вороговский жойқын әрі әсерлі соққы бағыттаған. Жиырма бес метрден ұшқан доп қарсылас қақпасында тулады!
Алға шыққан алматылық команданың ойыншылары қанаттанып, шабуылдарарын жалғастыра берді, сөйтіп, тағы бір гол соқты. Бұл жолы да қарсыластар өз айып алаңында Эсеолаға қарсы ереже бұзған. Польшалық арбитр Кшиштоф Якубик ойланбай 11 метрлік айып соққысын белгіледі. Пенальтиді орындауға Эсеоланың өзі келді. «Вележдің» қақпашысы қанша тырысқанымен, командасын үшінші голдан құтқара алмады.
Үзіліске дейін мостарлық команда екі мүмкіндікке ие болып, екеуін де орындай алды. Алдымен Владимир Плотников қақпасына тағы бір соққы бағыттаған Фаич дубль авторы атанды. Кейін «қызыл әскерлердің» бразилиялық легионері Брандау айып алаңына енер тұста дәл соққы жасады.
Үзілістен кейін «Қайрат» тактикасын өзгердді. Енді команда орталық арқылы ойнап, қарсыласты ашық қалған шептер арқылы ұстап отырды. Техникалық шеберлігі аздау «Вележ» жиі дөрекі ойнады. Мостарлық команда «Қайраттың» шабуылдарын көбіне ойын тәртібін бұзу арқылы тоқтатты. Соның салдарынан ойыншылар жиі жанжалдасып қалды. Төреші көрсеткен бірнеше сары қағаз соған дәлел бола алады.
Кездесу аяғында «Қайрат» бар күшін шабуылға жұмсады, Ғафуржан Сүйімбаев бірнеше рет комбинациялық шабуылдар ұйымдастырды. Оның сол қапталдағы ұмтылыстары ерекше байқалды. Бірақ «сары-қаралар» сол шабуылдардың тағы біреуін пайдаланып, жеңісті жұлып әкете алмады.
Нәтижесінде, көрермендер алты гол көріп, ойын тең аяқталды – 3:3.