Бразилиялық шабуылшы Вагнер Лав клубтың баспасөз қызметіне берген бірінші сұхбатында Алматы қаласынан алған әсерін, Қазақстанға көшу туралы шешімді қабылдау, футзалдан Ұлттық Құраманың бас бапкері Какамен достық, АФК «Қайрат» қақпашысы Игитамен танысқаны жайында және осы маусымға қойылған мақсаттар туралы айтып берді.
— Вагнер, «Қайратқа» қош келдің! Командада кіммен танысып үлгердің?
— Рақмет! Мен клубта, базада жұмыс жасайтын кісілермен толықтай таныстым. Дегенмен, әзірше есімдерін әлі есімде сақтамадым, бірақ барлығымен жақсв қарым-қатынастамын.
— Өкінішке орай, қазір карантин режимі. Алайда қаланың кей жерлерін көріп үлгердің бе?
— Иә, үлгердім деп айтсақ та болады. Отбасыммен тауға шыққанымыз бар. Шымбұлақта болдық. Әдемі суреттер жасап, сол жермен таныстық. Мен әлі көрмеген жерлер көп. Карантин біткен соң, Алматының басқа да көрікті жерлерін көреміз деген ойдамын. Алматыны білетін барлық таныстарым осы жерде көптеген керемет туристік орындар барын атап өткен.
— Жанұяңа Алматы ұнады ма?
— Жұбайым мен қызым екеуіне Алматы өте қатты ұнады. Қала бізді таңқалдырды десек те болады. Өте жақсы әрі тыныш қала. Әрі бұл жерде барлығы бар. Сол себепті Алматы бізге ұнады. Басында біз кей қиыншылықтарға тап боламыз деп ойлап едік, алайда, Құдайға шүкір, бәрі жақсы. Есесіне, бізге осы қалада тұратын бразилиялықтар мен клубта жұмыс істейтін Виктор көмектеседі. Қысқаша айтқанда, көшіп келуіміз жақсы өтті және қала өте ұнап жатыр.
— «Қайратқа» көшу мүмкіндігі қалай шыққанын айтып берсең?
— «Қайрат» футбол клубында спорттық директор қызметін атқаратын Константиннен ұсыныс түсті. Басында клуб жайында, Қазақстан жайында және осы жердегі футбол жайында хабардар болмаған соң қорқыныш болды. Алайда, ғаламтордан ақпаратты іздеген соң, осы жерге көшу мүмкіндігі пайда болды. Егерде адаптация жақсы өтіп, қалағанымыз іске асса, осы жердегі жұмысымды жалғастырғым келеді.
— Қалай ойлайсың, сенің Ресейде доп тепкен тәжірибең Қазақстандағы адаптацияны жақсы өткізуге әсерін тигізеді ме?
— Ресей мен Қазақстан арасында көптеген ұқсастықтар барын білемін. Әрине, тәжірибе адаптацияның жақсы өтуіне ықпалын тигізеді. Есесіне мен адаптацияны өтіп болғанымдай сезінемін. Келесң аптада менің Қазақстанға келуіме бір ай болады. Енді маусымның қайта жалғасуын күтуіміз қалды. Бұл мен үшін жаңа белес.
— «Қайратқа» көшер алдында достарыңмен кеңестің бе?
— Қазақстандық футзалда доп тепкен, Рио-де-Жанейродағы досым бар. «Қайраттан» ұсыныс түскен соң бірден соған қоңырау шалдып. Ол менің қай қалаға көшетінімді сұрады. Алматы деп айтқан соң, ол қаланың барлық жақсы тұстарын айтып өтіп, ол жерде бразилиялықтардың көптігін мәлімдеп, Алматыға еш қорқынышсыз бара алатыныма көзімді жеткізді. Оның аты Рони. Ол футзалды 11 жыл бұрын ойнаған. Рони менің Алматыға көшуіме ықпалын тигізген адамдардың бірі.
— Бұрын-соңды біздің чемпионат жайында естідің бе?
— Ешқашан да Қазақстан додасы жайлы білмегенмін. Бәрі мен үшін жаңа. Алда енді ойындарға қатысуымды күту қалды. Сосын ғана чемпионат жайында айтсам болады.
— АФК «Қайрат» қақппшысы Игитамен қалай таныстың? Лео саған жаңа елге көшу кезінде көмек беруге дайын екенін айтқан.
— Игитамен досым менің үйлену тойымда жігіт жолдас болған Рони арқылы таныстым. Екеуі жақсы қарым-қатынаста, және Игитаның Алматыға көшуіне Рони ықпал етті деп ойлаймын. Мен Алматыға көшетінімді нақты білгенде, Рониден Игитаның нөмірін сұрадым. Ол маған көмек беретінін айтты. Үлкен футболдың «Қайратындағы» физиотерапевт Диогомен, АФК «Қайрат» және футзалдан Ұлттық Құраманың бас бапкері Какамен сөйлестім. Олар маған қала жайында айтып беріп, көмектесетіндіктерін атап өтті.
— Соңғы сұраққа келетін болсақ, «Қайратта» қандай мақсаттар қоясың?
— Чемпионатты ұтып, Еуропа Лигасының топтық кезеңіне өткім келеді. Бұл клубтың басты мақсаттары, және мен осы мақсатарға жету барысында командаға көмегімді тигізгім келеді.