Кезекті дәстүрлі алматылық марафон алдында Вадим Боровскиймен әңгіме соқтық. Футболдан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, қазіргі таңда Т.Сегізбаев атындағы Академияда физикалық дайындық бойынша бапкер марафонға қалай дайындалу керектігін айтты.
- Вадим, марафон жүгіру ойыңызға қалай келді?
- Мен 15 жыл бойы кәсіпқой спортпен шұғылдандым. Спорттан кеткенімде, ағза үйренген ауыртпалықтарды қайдан алсам деген ой келді. Марафон деген көпшілікпен бірге жолға шығып, белгіленген қашықтықты жай жүгіріп өту емес. Марафонда жүгіру ағзаға ауыр жүктеме түсіреді. 42 км, 194 метр. Бұған күшті дайындық керек. Өмір бойы жаттықтым. Сондықтан, аса қиын болмады. Үш жыл бұрын алғашқы марафонға дайындық барысында арнайы кітаптарды оқыдым. Сонымен қатар, футбол мансабынан кейін жүгірумен айналысқан досым да көп көмегін тигізді. Ол - 2002 жылы Қазақсатнның үздік футболшысы атанған Евгений Ловчев. Айтпақшы, ол осыдан үш күн бұрын атақты Бостон марафонын бағындырды. Марафоннан алатын эмоция бір матч ойнағанмен тең.
- Қазақстан Кубогы кездесулері секілді ме?
- Иә, «Қайрат» - «Астана» матчы секілді.Я болмаса Еуропа лигасының іріктеу кезеңін бағындырғанмен тең. Марафонға қатысудан осындай ләззат алам.
- Ұзақ қашықтықтарға қалай дайындаласыз?
- Жопарбойынша дайындаламын. Алғашқы марафонды 4 сағаттан кем уақытта жүгіріп өтем деген мақсат қойдым. қойдым. 3 сағат 42 минут уақыт көрсеттім. Марафон – тұрдың, жүгірдің емес. Кем дегенде, алты ай дайындық керек. Жүгіру барысында жүрегіңнің қалай жұмыс істейтінін бақылау қажет. Физикалық дайындық бойынша бапкер болып істегенннен кейін жаттығу барысын жоспарлау қиын емес. Өзіме эксперименттер қоямын десем де болады. Бір апта бұрын 25 қашықтықты бағындырдым. Осылайша, әр түрлі жаттығулар жасап, ағзамды сынақтан өткіземін.
-Марафондық қашықтықтар өмірде қандай пайдасы бар?
- Марафон жүгірген кезде өз уақытыңды бағалап үйренесің. Жеке тайминг жақсарады. Аптасына 4-5 рет жаттығу жасау керек, сол үшін де бәрін уақытында жасауға тура келеді. Алматылық марафонның жақсы бір жері: қашықтықты таңдау еркіндігі. Балаларға арналған 3 км-ден бастап 10 км-ге дейін, жартылай марафоннан толыққанды марафонға дейін.