Алматылық «Қайраттың» орталық қорғаушысы Сергей Политевич клубтың ресми сайтына петропавлдық «Қызыл-Жар СК» командасына қарсы матчтағы жеңіс жайлы өз пікірімен бөлісті. Бұл ойында оның командасы қарсыласын сенімді жеңген болатын – 1:3.
- Сергей, қарсыласты 1:3 қылып жеңдік. Екінші айналымның соңғы матчында күштің аз қалғаны байқалды ма?
- Иә, жалпы алғанда, күш-қуатымыз аз болды, себебі ұзақ сапарлар мен ауыр матчтар. Голландиялықтармен оңай болған жоқ, кейін Қарағандыға ұштық, чехтармен ауыр ойын өтті, артынша Петропавлға аттандық. Әрине, ауыр болды, бірақ біз бұл кестеге дайынбыз, мұнда ешқандай мәселе жоқ. Маңыздысы, жеңіске жеттік.
- Бұл сіз үшін мансабыңыздағы жаңа чемпионат. Премьер-лиганың деңгейі қалай?
- Чемпионаттың деңгейіне келер болсақ, маған жауап беру қиын. Өйткені бір ойын ғана өткіздім. Толық бағасын беру өте қиын, бірақ, түрік лигасымен салыстырғанда, деңгейі сәл төменірек екені көрінеді. Аз ғана матч ойнадым, бірдеңе айту қиын.
- «Қызыл-Жармен» матчта орталық қорғаныста бірден үш футболшы ойнады. Мұндай жүйемен ойнау ыңғайлы болды ма?
- Бұл қалыпты тактика деп санаймын. Мен үшін бұл жаңа емес, Беларусь құрамасында және алдыңғы клубымда бір-екі рет ойнағанмын. Оларда үш ірі ойыншы, бойшаң шабуылшылар болған және олар осындай тактиканы қолданды. Бұл олардың жүйесіне жауап саналады, себебі олар да үш орталық қорғаушымен ойнады. Мұнда таңқаларлық ештеңе жоқ, бұл футбол әлемінде қалыпты тәжірибе болып саналады. Қарсыласқа ыңғайлану қажет. Біз жақсы ойнадық және қарсыласқа мүмкіндіктер берген жоқпыз деп ойлаймын.
Фото: «Қызыл-Жар СК»