«Қайраттың» қорғаушысы Сергей Кейлер KazFootball.kz берген сұхбатында коронавирус пандемиясы кезіндегі өмірі, Қызылордада өмір сүрудің ауыр жағдайлары, Алматылық клубқа оралуы және де «Ақжайық» қақпасына соғылған атақты голы туралы айтып берді.
- Коронавирус пандемиясы туралы айтсақ. Футболшылар бос уақытта немен айналысады? Өзінің физикалық формасын қалай қадағалайды?
– Мұның бәрі өте маңызды және біздің қауіпсіздігіміз үшін жасалып жатыр. Әйтпесе, бұл вирусты жеңе алмаймыз. Қазір барлық футболшылар үйлерінде –кино көреді, кітаптар оқиды, өзін-өзі дамытумен айналысады. Бапкерлер штабымен бейне-байланыс арқылы қашықтықтан жаттығамыз.
- Қалай ойлайсыз, команда, чемпионатты қайта бастаған жағдайда әр 3-4 күн сайын ұшуларды есепке ала отырып ойнауға қаншалықты дайын?
- Барлығы футболды сағынды. Егер солай болса, біз дайынбыз. Бәрі жақсы болады!
- Футболдан басқа немен айналысасыз?
- Футболдан басқа үстел теннисімен, приставка ойнаймын және де отбасыммен көп уақыт өткізуге тырысамын. Меніңше, көп адамдар менің жануарларға қалай қарайтынымды біледі. Өзімнің үй жануарларыммен де қуана уақыт өткіземін.
- 18 жасыңызда сіз «Қайраттың» негізгі командасында ойнадыңыз. Айып алаңының сыртынан «Ақжайықтың» қақпасына соғылған голыңыз көпшіліктің есінде қалды. Сол кезде қандай эмоциялар сезіндіңіз? Бұл сіздің мансабыңыздағы ең керемет гол деп айтуға бола ма?
- Команда үшін бірінші гол соққан кезде қандай эмоциялар болуы мүмкін? Ол тағы жеңісті гол болса. Ғажап эмоциялар сезіндім, бұл сәт дәл қазір болғандай есімде. Мұндай сәттер өмір бойы есте қалады. Қазіргі уақытта бұл менің кәсіби мансабымдағы ең керемет гол.
- «Қайраттан» қандай себеппен кеттіңіз? «Қызыл-Жар СК»-ға қалай ауыстыңыз?
- Мен жарақат алып, маусымның екінші жартысында ойнамадым. Сол кезде жалға алу құқығында басқа клубта ойнауға мүмкіндік пайда болды. Мен жас болдым және көп ойын уақытын алғым келді. Сондықтан да «Қызыл Жар СК»-ға ауысуға келісім бердім.
- «Қайсарда» ойнаған кезіңізден қызықты не айта аласыз?
- Қызылордада көптеген адамдар футболға барады,тіпті бүкіл қала деп айтуға болады. Әрбір таксист «Қайсар»ойыншыларын біледі. Өмір тұрғысынан ол жақта қиын. Біз базада тұрдық және жаттығуларға ғана шығатынбыз. Қызылордада өте ыстық, 60 градустай ыстық шығар. Бассейнге барған кезде плиткаға жалаң аяқ басу мүмкін емес еді–бәрі қызып кеткен. Тіпті, түнде де ыстық болды, бөлмеде кондиционер болғанның өзінде ұйықтау қиын еді. Сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев футболды жақсы көргені есімде. Ол ойынды өткізбейтін, тіпті біз бірінші лигаға ұшып кеткен кезде де ойынға баруға тырысатын. Сонда ол былай деді: «Қорқынышты ештеңе жоқ, мен сендерге сенемін, сендер әлі көтерілесіңдер!» - келесі жылы да біз Премьер-лигаға оралдық. Жақсы жанкүйерлері бар жақсы қала.
- «Қайрат» сізді Түркиядағы жиынға шақырғанда не сезіндіңіз?
- Әрине, керемет сезімде болдым. Мен үмітті ақтау үшін бар күшімді салдым. Өз клубың үшін ойнаған және отбасыңмен бірге болу керемет.
– Бүгінгі күнге оралайық. Қостанайда не болды, неге «Қайрат» ұпай жинай алмады?
- Өткен жылы «Шахтерде» мүлдем басқа команда болды. Олар пасқа ойнайтын, өз айып алаңында жабылмайтын... Осы жылы команда мүлдем басқа ойын көрсетті. Біз өз сәттерімізді жүзеге асыра алмадық, ал олар гол соғып, өз жартысында қорғаныста ойнады. Мұндай командалармен ойнау қиын. Бірақ қорқынышты ештеңе жоқ – бұл тек басы ғана, Құдай қаласа барлығы жақсы болады!
– Қазақстан чемпионатында қай ойыншыға қарсы қорғаныс қиын болды?
- Серба Огнен Красич есімде, сол кезде ол қостанайлық «Тобыл»үшін өнер көрсетті. Жақсы, жылдам және техникалық футболшы.
- Жанкүйерлерге не тілейсіз?
- Жанкүйерлер мен әлемдегі барлық адамдарға бірінші кезекте денсаулық пен шыдамдылық тілеймін. Ешқашан ауырмаңыздар! Біз бірге осы вирусты жақын арада жеңіп, жасыл алаңда көрісеміз! Кез келген жағдайда бізді қолдауды тоқтатпаңыздар! Сіздердің қолдауларыңыз бізге өте қажет. Біз бірге ортақ мақсатымызға қол жеткіземіз!
Автор: Арман Джаксыгулов