«Қайрат» ФК Академиясының түлегі Сагди Смаилбек Қазақстан-Британ техникалық университетіне грантқа түсті. «Сары-қаралардың» баспасөз қызметі 18 жастағы ойыншымен сұхбаттасып, жас футболшының өміріндегі оқудың рөлі, клуб құрылымына енуі және «Қайрат-Жастар» сапындағы дебюті туралы сөйлесті.
– Сагди, алдымен өзіңді жанкүйерлерге таныстыра кетсең. Өзің туралы қысқаша айтып берші.
– Менің атым – Сагди Смаилбек, жасым 18-де. Алматы қаласының тумасымын. Шамамен 7 жасымнан бері футбол ойнап келе жатырмын. Орталық шабуылшы ретінде ойнай бастадым, бірақ қазір кез келген позицияда ойнай аламын. «Қайрат-Жастарда» жартылай қорғаушы болып ойнаймын, анда-санда шабуылшы ретінде шығамын.
– «Қайрат» Академиясына қай жылы және қалай түстің?
– 2013 жылы «Қайрат» Академиясы филиалында қатыса бастадым. 3 айдан кейін негізгі Академияға мені байқап көруге шақырды. Сол кезде клубта Нидерландтан келген мамандар жұмыс істеп жатқан. Мені бір аптадан астам уақыт байқап көрді. Нәтижесінде мені Академияға алды.
– «Қайрат-Жастар» командасына дейінгі жолың қандай болды?
– Осы жылдың басында «Қайрат-Жастар» оқу-жаттығу жиынына 2005 жылғы ойыншының барлығы шақырылды. Қиын болды, бірақ менің күш-жігерім мен бапкер құрамының талаптарын түсінгенімнің арқасында командаға кіре алдым.
– 2023 жыл сен үшін ерекше жыл болды деп айта аламыз. Көктемде Қазақстан Бірінші лигасында дебют жасадың. Дәл сол сәт есіңде ме? Саған маңызы бар ма?
– Иә, мен үшін өте маңызды оқиға болды. «Қайрат-Жастар» сапында Бірінші лигада дебют жасауды бұрыннан армандайтынмын. Дебютім «Жеңіспен» өз алаңымыздағы матчта болды. Ойынның соңында 5 минутқа шықтым. Өзімді жақсы көрсете алдым. Осыдан кейін мені жиі шығара бастады. Бұл менің «Қайрат-Жастардағы» мансабымның басталуы деп білемін.
– Клубымыздың атынан университетке грантқа түсуіңмен құттықтаймыз. Қалай түскеніңді толығырақ айтып берші.
– Рақмет! 2022 жыл басталғалы бері ҰБТ-ға қарқынды дайындала бастадым. Қосымша сабақтарға бардым, сондықтан кейде жаттығудан сұрануыма тура келді. Басында соның кесірінен қиын болатын. Қыста ҰБТ-дан 116 балл жинадым, бірақ бұл емтихан тек ЖОО-ға түсу үшін болатын. Ал жазда негізгі ҰБТ болды. Мен 100 балл жинап, Қазақстан-Британ техникалық университетіне (ҚБТУ) грантқа түстім. Мамандығым – IT саласындағы ақпараттық жүйелер.
– Қиын болды дедің. Қалай қиын болды?
– Ұйқым қанбай жүрді. Сабақ пен спортты бірге алып жүру мүмкін емес деп ойладым. Бірақ ата-анамның қолдауының арқасында мақсатыма жету жолында алға жылжып келемін. Мысалы, жазда мемлекеттік емтихандар мен ҰБТ кезінде мені Қазақстан U-19 жасөспірімдер құрамасына шақыды. Ең маңызды оқу-жаттығу жиынын өткізіп алғаныма қатты өкіндім.
– Кәсіби футболшы үшін спортпен қатар уақытын оқуға, білім алуға арнау қаншалықты маңызды?
– Менің ойымша, футболшы үшін ең маңызды факторлардың бірі – ақыл мен сана. Оны алаңда пайдаланып, дұрыс шешім қабылдап, жағдайды жақсы бағалау үшін маған осы аспектілерді дамыту өте маңызды.
– Маусым айының соңында 11-сыныпты бітірдің, ал бітіру кеші Сегізбаев атындағы Академияда өтті. Осы кеште қандай әсер алдың?
– Осы кеште тек жағымды эмоцияда болдым. Бізді жақсы қабылдады. Ата-аналар мен клуб басшылары келді. Көңіліміз де көтеріліп қалды. Жігіттер мектепті аяқтағанына қуанды.
– Мектебіңде Академиямыздың басқа ойыншылары оқыды ма?
– Менімен жастылары жоқ болды, ал 2008 жылы туған «Қайрат» Академиясының ойыншысы – інім Ғани Әлімбек әлі де сонда оқиды.
– Басты арманың қандай?
– Жоғары деңгейде ойнау, негізгі құрамамызға дейін көтерілу, содан кейін Еуропа чемпионаттарында өзімді сынап көру. Алдыма биік мақсат қоямын. Оқуға келетін болсақ, менің ойымша, екінші мамандықтың болуы, әсіресе бағдарламалау болса, артық болмайды.