«Қайрат» бас бапкері Қазақстан Кубогының 1/8 финалында «Каспийге» (3:0) қарсы матчқа қатысты пікір айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді:
— Сәлеметсіз бе! Біз Кубоктың келесі кезеңіне өткенімізге қуаныштымыз. Алдымызда үлкен тапсырмалар бар. Барлық турнирде үздік нәтижеге жетуді көздейміз.
3:0 есебі сенімді болып көрінгенімен, арасында бізге оңай болмады деп бірден айта аламын. «Каспий» — тәжірибелі де білікті ойыншылары бар жақсы команда. Оларға әрекет еткенге еркіндік берсеңіз, қиындық туындауы мүмкін. Біз жігіттердің назарын дәл осы нәрсеге аудардық. Оларға тығыз ойнау керегін және қарсыласқа барынша қысым көрсету қажетін айттық. Кейбір жерлерде бұл нәтиже берді, бірақ кейде қарсылас қысымнан шығып кетіп жатты. Жалпы, бұл жақсы матч болды. Біз жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз.
Ойынның сапасы мен мазмұнына келетін болсақ, бәрі ойдағыдай болмады деп айта аламын. Бұл кездесуде біз үш күннен кейін «Атырауға» қарсы маңызды матч өтетінін ескеріп, ротация жасадық. Алдыңғы матчтарда аз ойнаған жігіттерге мүмкіндік бердік. Біз жүктемені біркелкі бөлуге тырыстық. Негізгі ойыншыларға да ойын ырғағын сезінуге мүмкіндік берілді. Біз нәтижеге де, ойыншыларымызға берген уақытымызға да ризамыз. Әрі қарай жұмыс істей береміз. Жексенбі күні қалпымызға келеміз. Келесі матчқа дайындаламыз.
Жанкүйерлерге рақмет. Олар үлкен қолдау көрсетті. Тапсырманы орындап, жанкүйерлерімізді қуанттық деп айта аламыз.
— Гиорги Зариа жайлы сұрағым келеді. Оның жұмысына қандай баға берер едіңіз? Ол тұрақты пенальти орындаушы ма? Ал екінші пенальти жайлы айтсаңыз. Болған жағдайды бәрі көрді деп ойлаймын.
— Зариаға келетін болсақ, әр ойын алдында нақты матч жоспарымыз бар. Стандартты жағдайларды, яғни пенальтиді, айып соққыларын кім орындайтынын алдын ала талқылаймыз. Сондықтан туындаған жағдайды толық түсінбедім, бірақ әр ойыншы өз жауапкершілігін біледі. Бұл проблема емес деп ойлаймын. Зариа — біздің басты пенальти орындаушымыз. Офри де тепкісі келген шығар. Бірақ біз мұны талқыламаймыз. Бәрі нақты анықталған. Ешқандай проблема жоқ.
— Лука Гадраниді алаңда қашан күтуге болады?
— Гадраниге келсек, ол қазір сауығып жатыр. Жақында жалпы топта жұмысқа кірісуі керек. Қазір жеке жаттығып жүр. Бірақ біз оның қосылғанын асыға күтеміз.
— Биылғы маусымда Данияр Ташпулатовтан басқа футболшылардың барлығы дерлік «Қайрат» сапында дебют жасады. Біз оның дебютін жақын арада күтеміз бе?
— Иә, біз оны қадағалап жүрміз. Ол жас әрі болашағы зор ойыншы. Жиында бізбен бірге болды. Біз оған сенеміз. Оны біртіндеп қосып отырамыз. Бірінші лига матчтарының басталғаны жақсы болды. Біраз ойын тәжірибесін алсын деп «Қайрат-Жастарға» жіберсек болады. 10-ында 90 минут ойнаса, бүгін демалды. Кеше қалпына келді. Көрейік. Жақын арада мүмкіндігін алады деп үміттенеміз. Барлық жас ойыншымыз құрамда бар. Біз оларға ойнауға уақыт береміз.
— Исмаил Бекболат бүгін бастапқы құрамда шықты. Көп адам ол жайында айтып, оның голын күтті. Бірақ, өкінішке қарай, ол өзін көрсете алмады. Сіз оның ойынын қалай бағалайсыз?
— Мен одан көп нәрсе күтемін. Гол міндетті түрде салынады. Оның мүмкіндіктері болды. Әлеуеті зор. Оның бүгінгі ойынына 100% риза емес шығармын. Бұл бірінші матчы болғанына, толқығанына байланысты шығар. Дегенмен біз оған сенеміз. Оған 90 минут бергеніміз кездейсоқ емес. Бастапқы құрамда ойнаудың не екенін сезінсін дедік. Жас футболшыларымыздың алаңға шығып, форма киіп алып ойнап жүрмін деген мақсатпен Instagram-ға салатын сурет үшін ойнамағанын қалаймыз. Олар алаңға шығып, тәжірибелі ойыншылармен тең дәрежеде ойнап, лайық екенін дәлелдеуі керек. Оған немқұрайды қараса, онда басқалары ойнайды. Бастапқы құрам — жауапкершілік. Қолыңнан келгеннің бәрін істеуің керек. Командаға, әріптестеріңе, клубқа пайдалы болуың қажет. Мен осыған назар аударамын. Алаңға жай шыққаны үшін емес. Бізде ондай жоқ. Әркім тырысады. Әркім «Қайрат» футбол клубының жейдесін бекер кимегенін дәлелдеймін деген ниетпен шығады. Бәрі жақсы. Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз.