«Қайрат» бас бапкері клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында жаңа келісімшартқа қол қоюдан алған эмоциясын айтып, маусымды да қорытындылады.
– Алдымен қос мерекеңіз, яғни туған күніңіз бен келісім шартыңызды ұзартуыңыз құтты болсын! Қазір не сезіп тұрсыз?
– Құттықтап жатқаныңызға көп рақмет! Эмоция толып тұр. Мен өте қуаныштымын! Жаңа келісімшартқа отыру – мен үшін үлкен жауапкершілік. Менің арманым орындалды деп айта аламын. Жанымның бір түкпірінде осыны армандап едім. Кәсіпқой футболдағы алғашқы қадамымды «Қайратта» жасадым. Бапкер жолымды да «Қайрат» Академиясында бастап, барлық кезеңнен өттім. Мен үшін бұл қуанышты оқиға! Әрқашан жасап жатқан жұмысыңа сенуің керек. Мойнымда үлкен жауапкершілік бар. «Қайрат» футбол клубының маған артқан сенімін ақтауға тырысамын. Артымызда тұрған адамдарды, атап айтқанда жанкүйерлерімізді қуанту үшін өз еңбегімізді көрсетіп, жақсы нәтижеге жетіп өтеу қажет.
– Чемпиондық матчтан кейін бір аптадан астам уақыт өтті. Бүгін маусымның нәтижелерін қалай қорытындылайсыз?
– Біз тамаша жұмыс жасадық. Қала мен жанкүйерлерімізге үлкен қуаныш сыйладық. Клубтың 70 жылдық мерейтойында чемпион болғанымызға өте қуаныштымыз. Әрине, біраз уақыттан кейін эмоция басылады. Енді біз неге қол жеткізгенімізді түсіндік. Енді бәрімізге екі есе жауапкершілік жүктелді. Еурокубокта футбол клубының да, Қазақстанның да намысын қорғау керек. Біз бұдан да көп жұмыс істейтін боламыз. Еліміз бен футбол клубымызды халықаралық аренада лайықты түрде көрсетуге тырысамыз. Барлық турнирде өз алдымызға үлкен мақсат қойып, сол бағытты жалғастырамыз. Атқаратын жұмыс көп. Біз бұл жұмысқа дайынбыз.
– Жанкүйерлерге айтар сөзіңіз бар ма?
– Бізді қолдап, сенім білдірген барша жанкүйерге мың алғыс! Қандай жағдай болсын, келесі маусымда да бізді қолдаса екен деймін. Футбол – ешкім болжай алмайтын ойын. Сәтсіздіктер мен жеңілістер – футболдың сөзсіз бөлігі. Осындай сәттерде біз күшейіп, дұрыс талдау жасап, ілгері басамыз. Өз жұмысымыздың, көзқарасымыз бен нәтижелеріміздің арқасында жанкүйерлеріміздің көңілін түсірмеуге тырысамыз.