«Қайрат» футбол клубы

«Қайрат» футбол клубы

Рафаэль Уразбахтин: «Есепке қарамастан, ойын оңай болған жоқ»
Қайрат

Рафаэль Уразбахтин: «Есепке қарамастан, ойын оңай болған жоқ»

08 марта 2025
/ 23:08
«Қайрат» бас бапкері «Ордабасыны» жеңгені жайлы айтты:
– Сәлеметсіз бе! Есепке қарамастан, ойын оңай болған жоқ. Қарсылас өте байыпты, мықты болып шықты. Тоғызыншы минутта соққан жылдам голдың арқасында оңайырақ болған болар. Қарымта шабуылдардағы мүмкіндіктерімізді тиімді пайдаландық. Әрине, бірінші таймды гол жібермей аяқтау өте маңызды болды. Жігіттерге дәл осыны мақсат еттік.
Екінші таймда үзілісте біраз түзету жасадық, өйткені бірінші таймда бәрі ойдағыдай болмады. Біз жігіттерге қалай әрекет ету керегін айттық. Матчтың екінші жартысында олар есептің 3:0 екенін біле отырып, онша белсенді ойнамады. Бірақ шабуылдай берді. Әрине, екінші таймда «Ордабасы» көбірек шабуылдады. Өкінішке қарай, ойыншымызды амалсыз ауыстыруға тура келді. Негізгі орталық қорғаушымыз Александр Мартынович ыңғайсыз сезінді. Біз оны ауыстырамыз деп шештік. Матч барысында сап өзгерттік.
Жалпы, екінші тайм дәл солай өтеді деп болжадық. Қарсыластың жоғалтатын ештеңесі жоқ болғандықтан, алға көп шықты. Біз жігіттерге қарсы шабуылда мүмкіндіктеріміз болатынын көздедік. Оларды жүзеге асыруымыз керек дедік. Ақыры солай болды. Бір шабуылда допты тартып алып, қарсы шабуылға шығып, төртінші голды соқтық. Матчтың соңында қарсылас ойыншы алаңнан қуылғаны да әсер етіп, ойын аяқталды.
Сондай-ақ қолдау көрсеткен жанкүйерлерімізге алғыс айтқым келеді. Үйде ойнап, олардың энергиясын сезіну тамаша. Біз жігіттерге өз алаңымыздағы алғашқы матчты лайықты өткізу керегін мақсат еттік. Олар айтқанымызды орындады.
– Дамир Қасабулат екінші таймға шыққанда тіреуіш аймақта ойнай бастады, Арад қорғанысқа түсті. Сіз Дамирді осы позицияда қолдана бересіз бе?
– Иә, Дамир әмбебап ойыншы. Оң қапталда да, орталықта да, тіреуіш аймақта да ойнай алады. Жиын кезінде де оны осы позицияда ойнаттық. Бүгін ойынымен бізді толығымен қанағаттандырды. Ойыншы бірден бірнеше позицияда ойнай алатын кезде жан-жақтылық үлкен артықшылық болады.
– Сіз Мартыновичтің жарақаты жайлы айттыңыз. Оның жарақаты қаншалықты ауыр? Толық айта аласыз ба?
– Мен бұл ауыр жарақат деп ойламаймын. Жай ғана аяғы тартылып қалды. Аяғын қайырып алғанда жайсыз сезінді. Александр – өте кәсіби футболшы. Ол өз ағзасын біледі. Жағдайды ушықтырмас үшін бірден ауыстырсын деді. Оған қоса, ол 17-сі ұлттық құрамасына барады. Біз оған толық сенеміз.
– Команда тамаша бастап, жақсы қарқын алды. Қазір халықаралық үзіліс болғаны көңіліңізді түсірмей ме? Қарқынды бәсеңдетуі мүмкін деп ойламайсыз ба?
– Бұл қандай да бір түрде көңілімізді түсіреді деп айта алмаймын. Керісінше, үзілісті кондициямызды жақсарту мүмкіндігі ретінде қарастырамыз. Иә, кейбір ойыншылар ұлттық құрамаға кетеді. Олар ойынға үш күн қалғанда ғана оралады, бірақ бұл да жұмысымыздың бір бөлігі. Қалғандар үшін олардың физикалық жағдайын жақсартатын және ойын сәттерін күшейтетін мүмкіндік болады. Үзіліс біз үшін жақсы.
– Ұлттық құрамада мүмікін дебют жасайтын 16 жасар Дастан Сатпаев жайлы не айтасыз? Ол халықаралық деңгейге қаншалықты дайын?
– Жасқа қарамаймыз. Ойыншы дайын болса әрі деңгейі жетсе, ол ойнайды. Оның психикалық тұрғыдан мықты екенін, бірқатар халықаралық кездесу өткізіп үлгергенін және жақсы бейімделгенін көріп отырмыз. Біз оның ұлттық құрамаға шақырылып жатқанына қуаныштымыз. Өзін көрсетеді дегенге сенімдіміз.
– Командаға маусым алдындағы дайындықсыз қосылған, бірақ бастапқы құрамда ойнап жүрген Мата жайлы не айта аласыз?
– Біз оны желтоқсан айынан бастап бақылап келеміз. Жақсы дайындалып келді. Осы уақыт бойы бұрынғы командасымен жаттықты. Олармен жиында 4-5 матч өткізді. Сондықтан оның дайындығына еш күмәніміз болған жоқ. Ол – кәсіпқой әрі командаға жақсы сіңісіп кетті.
– Сантананың жарақатына байланысты алдыңғы шепті күшейтуді жоспарлап отырсыз ба?
– Әзірге нақты айта алмаймын, өйткені Сантананың жарақаты бойынша әзірге белгісіз. Барлық легионер позициялары жабық. Менің жұмысым – бар адамдармен жұмыс істеу.
– Осылай сәтті бастағаннан кейін эйфория пайда болмай ма? Бұл қарқынды еурокубокке дейін қалай сақтап қалуға болады?
– Біз жігіттерге чемпиондықты растау – оны жеңіп алудан да қиын екенін үнемі айтып жүреміз. Әр команда бізден ұпай алуға тырысады. Біз ойында тұрақтылық бар екенін көріп отырмыз. Оны сақтап қалуға әрі жақсартуға күш саламыз.
– Әзірге ротацияда ойнап жүрген Жоржиньо жайлы сұрақ. Оның қазіргі бейімделу деңгейін қалай бағалайсыз?
– Біз оны ротация ойыншысы ретінде емес, негізгі ойыншы ретінде қабылдаймыз. Оған сенеміз. Оның позициясында мықты бәсекелестері бар, бірақ ол тез бейімделеді. Ол бүгінгі ойында өте жақсы ойнады. Төртінші гол – оның еңбегі. Біз оның деңгейі мен шеберлігіне сенімдіміз.
arrow-prev
arrow-next

Поделиться

Біздің серіктестер

close

Единый личный кабинет ФК «Кайрат»