«Қайрат» бас бапкері Премьер-лиганың 4-туры аясында «Атырауға» қарсы кейінге қалдырылған матчқа қатысты пікір айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді:
— Жалпы, нәтижеге, жеңіске, үш ұпай алғанымызға қуаныштымыз. Бақытымызға орай, бірінші голды да, екінші голды да тез соқтық. Бізге оңай бола бастады. Негізінде біз жоспарлағанның барлығын орындадық. Ойынның соңын, яғни шамамен 10-15 минутты қоспағанда. Есеп 4:0 болып, жігіттер босаңсып кетті. Маған солай көрінді. Мен ғана емес, бүкіл біздің бапкерлер штабы да соңында аздап босаңсып, қарсыластың қақпамызға бірнеше қауіпті сәт тудыруына мүмкіндік бергенімізді атап өтті. Біз ойыннан кейін жігіттерге түсіндірдік. Чемпион команданың бұлай ойнауға құқығы жоқ. Мен ойынның соңын айтып отырмын. Яғни өз деңгейімізді сақтауымыз керек. Жалпы, жігіттер түсінді. Мұндай жағдай қайталанбайды деп сенемін.
«Атырау» футбол клубына да құрмет көрсетіп, алғыс айтқым келеді. Олар жағдайымызды түсіне қарады. Олардың белгілі бір мәселелері бар екенін білеміз. Олар бірте-бірте шешіліп келе жатыр. Мен бапкер Горовенко Константин Александровичті құрметтеймін, білемін. Олар бізді түсініп, 16-турдың матчын жылжытқанына, әрине, алғысымыз шексіз.
Әдеттегідей жанкүйерлерімізге де алғыс айтқым келеді. Қолдауларыңызға көп рақмет. Біз тапсырмамызды орындап жатырмыз. Енді олардың кезегі келді деп ойлаймын. Өз алаңымызда өтетін матчтарда жанкүйерлер саны артып келеді. Ал біз оларды жақсы ойын ойнап, тамаша нәтиже көрсетіп қуантуға тырысамыз. Әр матч сайын стадионымызға жанкүйерлер көбейе береді деп сенеміз.
— Әділет Садыбековтің ауыр жарақаттан кейін алаңға оралуына қандай пікір айтасыз?
— Біз үшін Адиктің осынша ұзақ уақыттан кейін бұл кедергіні еңсеріп, футбол алаңына шыққаны маңызды болды. Бұл жерде одан сапалы ойнасын деп талап етпедік те. Оның шығып, алаңды сезініп, бұл жағдайдан өткергені маңызды болды. Қанша дегенмен ол ұзақ уақыт бойы үзіліс жасады.
— Бүгін Данияр Ташпулатов «Қайрат» сапында дебют жасады. Оның ойынын қалай бағалайсыз?
— Негізі, біз Даникке де ризамыз. Бұл да ол үшін жаңа тәжірибе. Жалпы, оның әлеуеті зор. Ал алдағы ойындарда да дәл солай тиімді болып, командаға пайдасы тиеді деп сенеміз.
— Соңғы ойындарда команда бір құрамда ойнады. Алдағы ойындарда ротация бола ма?
— Маусым, шілде, тамыз айларында біз үшін жүз пайыз өте тығыз күнтізбе болғалы тұр. Ротация жасаймыз. Біз бұл жайлы жігіттерге үнемі айтып отырамыз. Олар барлығына мүмкіндік берілетініне, бәрі ойнайтынына, командамызда жүргендердің бәрі дайын болуы керек. Бір құрамда ойнап шығу мүмкін емес.
— Дастан Сатпаевтың прогресін қалай бағалайсыз? Ол бастапқы құрамда шығып 90 минут ойнауға дайын ба? Ал қарсылас одан ғана қауіп күтпей ме?
— Оны алаңға шығып, гол соғып дәлелдеп жүр. Оның міндеті — шығып, гол соғып, команда мен клубқа пайдалы болу. Адам дайын болса, алаңға шығып, ойнасын. Прогресс бар. Ілгерілейтіні анық. Бұл ол үшін жаңа деңгей. Біз оның қолынан келетініне сенімдіміз. Бұл жерде маңыздысы — ойынының тұрақты болуы, гол соғып, жақсы ойнауы. Қарсыластарға келетін болсақ, әрине, біз бір ойыншыға ғана тәуелді болғымыз келмейді. Командада білікті ойыншылар жеткілікті. Әрқайсысы қауіпті бола алатынына сенімдіміз. Дастан арқылы ғана ойнамаймыз. Ол гол соғады. Ыңғайы солай түсіп жүр. Бірақ бұл оның жұмысы. Ол шабуылда ойнайды. Әрине, біздің барлық күш-қуатымыз, барлық ұмтылысымыз шабуылшыларға бағытталған. Өйткені шабуылшы соңғы нүктені қояды. Ал біздің барлық жұмысымыз, біздің барлық әрекетіміз гол соғуға бағытталған.