Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында «Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Премьер-лиганың 21-турында «Қайсарды» жеңгеніне (1:0) байланысты пікір айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
– Ойын осылай өтеді деп болжадық. Қарсылас бір аптада үшінші кездесуін өткізді. Біз оларды шаршайды деп күткен едік. Алдыңғы матчта шағын ротация жасағанымен, ойыншылардың көбі ойнады. Біз бұл мүмкіндікті пайдаландық. Алғашқы минуттардан-ақ дәл осындай футболды ойнауға тырыстық. Допты жылдамырақ жылжытып, ойынды ширатқымыз келді. Әрине, әрқашан қолымыздан келе бермеді, бірақ жылдам гол соғу деген тапсырма болды. Өкінішке қарай, мүмкіндік саны көп болғанымен, бұл тапсырманы орындай алмадық. Біз лайықты түрде жеңдік деп есептейміз. Өйткені біз көбірек бастама жасап, гол соғатын мүмкіндіктер көп болды. Есеп әділ болды деп айта аламыз.
– «Қайсардың» басымдығы – стандартты жағдайлар. Мұны қалай шешеміз деп жоспарладыңыз?
– Жасыратыны жоқ, Виктор Балютович Кумыковтың барлық командасы стандартты жағдайлардың жақсы қолданатынымен ерекшеленеді. «Қайсардың» биыл соққан голдарының барлығын алсақ та, оның тең жартысы стандарттан соғылған. Осының бәрін талдап, жақсы мән беріп, ойыншыларға түсіндірдік. Барлық команда осы стандарттардан зардап шегеді, атап айтқанда турнирлік кестенің көшбасшылары. Видео көріп, теорияны зерделеп, жаттығуда тексеріп көрдік. Бізде білікті, жақсы қорғаушылар бар. Олар өз міндеттерін орындады. Біз оларға лайықты бағасын беруіміз керек.
– Бас бапкер ретіндегі алғашқы жеңісіңіз құтты болсын. Біреу сіздің көмекшіңіз Максим Зуевке рация арқылы хабарлама айтып тұрды. Бұл қандай хабарламалар болғаны қызық. Бұл жүйені қалай пайдаланасыз?
– Құттықтағаныңызға рақмет! Бізге команда болу маңызды, ең бастысы біздің команда, біздің клуб үш ұпай алды. Мақсатымызға қарай жылжып келеміз. Рация арқылы келетін кеңестерге келетін болсақ, жоғарғы жақта бізге көмектесіп, кеңес айтатын бапкер бар. Егер ол кей жайттарды байқаса, оны көмекшіме, атап айтқанда Зуевке айтады, ол маған хабарлайды. Негізінде бұл кей ойын, тактикалық сәттерге байланысты. Менің ойымша, бұл жаңалық емес. Жұмыс кезінде болатын сәттер.
– Юг Станоев алаңда көп уақыт өткізді. Сіз оған сенесіз бе, әлде ол осы дайындық кезеңінде өзін дәлелдеді ме?
– Әрине, жаттығу үдерісіне қараймыз. Ол «Зенитке» қарсы матчта жақсы өнер көрсетіп, ойынды күшейтіп, гол соқты. Жаттығуда да өзін көрсете білді. Бапкерлер штабымен бірге оған сенім артамыз деп шештік. Ол өте білікті ойыншы. Мен оған тезірек бейімделіп, физикалық формаңа келуің керек деп бірнеше рет айттым әрі тағы да қайталаймын. Оның форма келтіру кезінде бірқатар қиындықтары болды. Ол бізбен бірге толық оқу-жаттығу жиынынан өткен жоқ. Оның дайындығын тездетуге тура келді, сондықтан кейбір шағын жарақаттары болды. Бірақ қазір ол формасына келіп жатыр.
– Шешуші айып добын кім орындайтынын қалай шештіңіз?
– Бізде ештеңе бірден өздігінен болмайды. Бұрыштаманы, жақын қашықтағы, орта қашықтағы, алыс қашықтағы айып соққыларын орындайтындарды алдын ала талқылайтын адамдар бар. Қосалқыдан алаңға шығатын ойыншылар стандартты жағдайды кім орындайтынын және оның қалай өзгеретінін алдын ала біледі.