Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында «Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Премьер-лиганың 23-турында «Тұранды» жеңгеніне (5:1) байланысты пікір айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
– Жалпы, біз жоспарлап, жігіттермен келіскенімізді орындадық. Алғашқы минуттардан бастап ойыншыларды белсенді ойнауға бағыттадық. Тапсырма – жылдам гол соғу болды. Дайындағанымыздың бәрі ойдағыдай өтті. Біз нәтижеге, үш ұпайға, Жоның гол соққанына қуаныштымыз. Әрі қарай жылжи береміз.
– Бірінші таймда алаңда басымдық танытсаңыз, екінші таймда қарсылас белсендірек болды. Бұл немен байланысты?
– Менің ойымша, бұл қарсыластың ойынын өзгертуіне байланысты. Шынымды айтсам, екінші таймда шыққан шабуыл шебі алғашқы минуттардан-ақ ойнайды деп ойладық. Біз жігіттерге сап өзгертуді немесе қорғаныста ойнауды мақсат еттік деп айтпаймын. Жоқ, керісінше, бірінші таймдағыдай ойнай беріңдер деп сұрадық. Бәлкім, санадан тыс мұқият ойнауға тырысқан шығармыз. Бұл жерде қарсыласқа құрмет көрсетуіміз керек. Демек, қарсылас бізді осылай ойнауға мәжбүр етті.
– Гиорги Зарианың қазіргі формасы туралы не айта аласыз? Ол көп ойнай бастап, тиімді әрекеттерімен көзге түсіп жүр.
– Біз Гиоргидің әлеуетін біліп, оны белгілі бір қасиеттері үшін осында шақырдық. Енді ол ойнап, маңызды голдар соғып жүр. Ол өзін сенімді сезініп, көшбасшылық қасиеттерін көрсетіп жүрген шығар. Мұның бәрі оның гол соғып жүргеніне байланысты. Негізінде біз күткен футболды көрсетуде.
– Зариа үшін Грузия құрамасына ілігу мақсат па?
– Осы ойын алдында мен онымен жеке сөйлескенмін. Оған осы нәрселерді айтып, әр жаттығуда, әр ойында өз деңгейін көрсетсе, оған міндетті түрде назар аударытынын жеткіздім. Зарианы Грузия құрамасына шақырса, бәріміз қуанамыз. Ол бұған кәсіпқой ретінде қарайды.
– Командада чемпиондық үшін күресуге деген көңіл күй жоғалып кетті деген пікір бар. Осы себепті «Тұран» бапкері айтқандай, көрермендер де трибунаға келуді қойды.
– Бүгін біз жеңдік. Иә, Ақтөбеде есе жібердік, бірақ матчты көрсеңіз, жақсы ойын көрсеттік. 80-минутта қиындықтар туындап, екі жылдам гол жіберіп алдық. Әрине, бұл жігіттерге психологиялық тұрғыдан әсер етті. Бірақ біз күресе береміз. Алда тағы төрт ойын бар. Соның бірінде жеңіске жеттік. Бапкер ретінде мен өз командама жауаптымын әрі маған әр матчта жеңіске жету маңызды. Бізге әр ойын финал сияқты көрінеді. Жанкүйерлерге келсек, жақсы ойнап, жеңіске жетсек, олар стадионға келетіні анық.
– «Жетісумен» болатын матчқа дайындықтарыңыз қалай өтіп жатыр?
– Біз матчтарды бөліп-жармаймыз. «Ақтөбе» болсын, «Жетісу» болсын, әр қарсылас бізге екі есе жігерленіп келеді. Соңғы жылдардағы ойындарға көз салсаңыз, «Қайрат» кестенің басында тұрған командалармен жақсы ойнаса, төменгі жағындағы командалармен қиналып қалады. Біз мұны түсініп, талдаймыз. Бұл кезеңде біз ойындарды бөліп-жармаймыз. Мақсатымыз – әр матчта жеңіске жету.
– Олжас Байбектің дебютін қалай бағалайсыз? Кей жерде жақсы ойнады, тіпті гол соғатын мүмкіндік те жасады, бірақ алаң ортасында серіктестеріне пас бергенде қателесті.
– Ол дебют жасаудан өсті деп есептеймін. Біз оны ертерек шығарып, ойнатамыз деп жоспарлағанбыз, бірақ мүмкіндік тумай жүрді. Осы матчта біз оған сендік. «Қайрат-Жастар» сапында және Қазақстан жастар құрамасында ойнап, өзінің дайын екенін көрсетті. Ол айтарлықтай жақсы формада. Біз жас ойыншыны кәсіби мансабындағы келесі қадам жасай алуы үшін осы деңгейді сезінуге мүмкіндік беруіміз керек. Біраз қате жасағаны қалыпты жағдай. Қанша дегенмен, бірінші матчы болды. Толқыды. Жалпы, дебют болғанына қарамастан, өте жақсы ойнады. Басты мақсатымыз – оның әрі қарай дамуы.