«Қайрат» бас бапкері алдағы Қазақстан Суперкубогы үшін «Ақтөбемен» өтетін матчқа қатысты пікір айтып, журналистердің сұрағына жауап берді:
– Дайындыққа келетін болсақ, бәрі ойдағыдай өтті. Біз жоспарлаған жұмысты аяқтадық. Бірінші жиын Алматыда, ал соңғысын Түркияда өткіздік. Осы аптада қайта оралдық. Жігіттер біраз демалып, Суперкубокқа дайындала бастады.
– Жаңадан келгендер ертеңгі ойынға дайын ба?
– Иә, барлығы дайын. Кім ойнайтынын ертең білесіздер. Қазір ештеңе айта алмаймын. Ертеңге дейін күтейік.
– Қарсыластың бас бапкері жиындағы ойындарыңызды көріп, «жаңа ештеңе көрмедім» деді. Жиында «Ақтөбені» бақыладыңыз ба?
– Біз де жиындағы ойындарын тамашаладық. біз берген баға өзімізде қалады. Ертең бәрін көреміз. Қалай ойнайтынымызды көрейік. Әрине, ертеңгі матчта жеңгіміз келеді. Біз мұнда жеңеміз деп келдік.
– Пенальти сериясына дайынсыз ба?
– Матчты пенальти сериясына жеткізгіміз келмейді. Бірақ солай болса, Темірлан Анарбеков деген құпия қаруымыз бар. Сондықтан біз мұндай нәтижеге дайынбыз.
– Маусымның басында қақпашы позициясында кімді қоясыз?
– Қақпашылар бапкері Юров Илья Сергеевичке толық сенемін. Ол олармен көбірек араласады. Соңғы сөз соныкі болады. Кімді таңдайтынын ертең білеміз. Қазір айта алмаймын.
– Өткен маусымда Еркебұлан Сейдахмет қол астыңызда ойнады. Ертең «Ақтөбе» сапында шықса, оның күшті және осал тұстарын пайдаланасыз ба?
– Біз Еркебұланды қатты құрметтейміз. Футбол өмірі деген сондай. Бүгін осындасың, ал ертең басқа командада болуың мүмкін. Онымен сөйлестім. Әлі де сөйлесіп жүрмін. «Ақтөбеге» ауысқан соң алдағы мансабына сәттілік тіледім. Әрине, ертең ойнаса екен дейміз. Дегенмен ойынды Еркебұланға қарай арнайы үйлестірмейміз. Бізге ойыншыларымыздың команда болып ойнағаны қызық.
– Жиында бірде-бір жеңіс болмағандықтан, команда ішінде толқу бар ма?
– Толқуға келетін болсақ, жанкүйерлер көбірек алаңдайтын шығар. Әрине, кез келген жанкүйер өз командасының әрқашан жеңіске жеткенін қалайды. Жиында алға қойған мақсаттарымызды орындадық. Иә, жеңіс маңызды, бірақ бізге жігіттердің қалай ойнағаны, ойнаған уақыты көбірек қызық болды. Негізі атқарылған жұмыстарға көңіліміз толады. Барлық жеңісті чемпионатқа сақтап қойдық деп үміттенеміз. Еш алаң жоқ. Жиынның аты – жиын. Ондай болып тұрады. Сондықтан жанкүйерлерімізге сабырлы болайық деп айтқым келеді. Чемпионатта оларды қуантамыз деген үміт бар.
– Бұл матч Қазақстан Суперкубогының тарихындағы ең көп адам келетін матч болмақ. Қазір ол қазақстандық «Эль класико» деп аталады.
– Қараңыз, бірінші матчтың өзінде өте көп жанкүйер жиналмақ! Менің ойымша, «Эль класико» сияқты матчтар көп болса, бәрімізге, барша Қазақстан футболына жақсы болар еді. Футболға адам көп келіп, қызығушылық артады. Бұл кез келген бәсекелестіктен маңыздырақ деп есептеймін. Мұндай матчтардың қазірдің өзінде көрермендер арасында үлкен қызығушылық тудырып, үлкен назар аударып жатқанына қуануымыз керек.
– Басқа өңірлерде жаңа стадион салынып жатыр. Алматы сияқты ірі мегаполиске жаңа стадион керек деп ойлайсыз ба?
– Негізі Алматыда стадион бар. Біреу болса да, бар. Оны жаңарту керек. Өз алаңымыз болса, одан да жақсы болар еді. Бірақ алдағы бірнеше жылда Алматы сияқты қалада жақсы стадион пайда болады деп ойлаймын. Ал мен қазір басқа өңірлерде жаңа стадион салынып жатқанын қос қолдап қолдаймын. Бұл аймақтарға жақсы стадион қажет, өйткені сол жақтың халқы футболды жақсы көреді. Жанкүйерлері де керемет. Олар жақсы стадионға лайық.
– Сіздер ойынға бір күн қалғанда келіп, ойын алды жаттығуды Алматыда жасадыңыздар. Астанада матч алды жаттығу өткізіп, жаңа алаңды сезініп, доптың қалай қозғалатынын көргілеріңіз келе ме?
– Біз әртүрлі нұсқа қарастырғанбыз. Логистика жағынан кішігірім мәселе болды. Не тым ерте ұшып кетуіміз керек еді, не керісінше, жаттығу алдында ұшып келуіміз қажет болды. Жігіттерді алаңдатпай, мазаламаймыз дедік. Өз алаңымызда асықпай жаттығып, Астанаға ұшып кеттік. Иә, біз бұл алаңда жаттықпадық, бірақ ешқандай қиындық көріп тұрған жоқпыз. Ертең қыздырынуға шығып, алаңды да сезіп, денемізді үйретеміз. Бізде мұндай жағдай болған. Чемпионатта жиі жасап тұрамыз. Өз алаңымызда жаттығып, ұшып келеміз де, бірден жасанды алаңда ойнаймыз. Біз үшін бұл мәселе болған емес.
– Дастан Сатпаевтың трансфері жанкүйерлер арасында күшті әсер тудырды. Ол ертең алаңға шыға ма?
– Иә, ол командамен бірге келді. Оны жанкүйерлер көреді деген үміттеміз.
– БАҚ назары Дастанға қалай әсер етіп жатыр?
– Өзіне, оның ойын қасиеттеріне не жаттыққанына қандай да бір түрде әсер ететінін байқамаймыз. Бәрі жақсы екеніне сенімдіміз. Оның өзі ментал жағынан өте мықты.
– Командада шетелдік ойыншылардан басқа Абдрахманов, Бағдат сияқты жас ойыншылар бар.
– Легионерлердің бәрін дерлік сақтап қалдық. Биыл бірнеше майданда ойнайтынымызды ескерсек, әрине, жас жігіттерге, Академияға көз қырын салып отырамыз. Онда назар аударуға тұрарлық жас, болашағынан үміт күттіретін футболшылар жетерлік. Биыл да оларды жиындарға шақырдық. Біз оларға сенеміз. Кем дегенде кубок ойындарына олар міндетті түрде қатысады. Содан кейін өздерін қалай көрсететінін көреміз.
– Лука Гадранидің жағдайы қалай?
– Ол қазір осындай қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Кез келген футболшы жарақат алуы мүмкін. Оның барлық мүмкіндігін білеміз. Ол өте шебер футболшы. Деңгейін Қазақстан чемпионатында көп командада ойнап көрсетті. Қазір оның жоқтығына байланысты біз де, өзі де қиналып жүр. Қазір жарақатынан жақсы айығып келеді. Жуырда қатарымызға қосылады деп сенеміз.
– Былтыр чемпионатымызда сұрмергендер неліктен 10-ақ гол соқты деп ойлайсыз?
– Қазақстан Чемпионаты шын мәнінде қиын чемпионат. Бізде көп таласып ойнайды. Қорғаныс футболын ойнайтын, жабық командалар көп. Менің ойымша, соған байланысты. Грузия чемпионатын алсаңыз, көбіне техникаға салып ойнайды. Ашық футбол көрсетеді, сондықтан көбірек гол соғады. Сәйкесінше, біздің чемпионатта көбі жабылып алады. Гол соғу қиынырақ. Биыл ойыншыларымыз осы статистиканы түзетеді деп үміттенеміз.