«Қайрат» бас бапкерінің міндетін атқарушы Рафаэль Уразбахтин матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында 1XBET-Лига Кубогында «Ақжайықты» жеңгеніне (9:0) түсініктеме беріп, журналистердің сұрақтарына жауап берді:
– Жалпы нәтижеге көңіліміз толды. Жігіттерді барынша дайындадық. Оларға кәсібилігін көрсеткендеріне алғыс айтқым келеді. Біз оларды қандай қарсылас болмасын – Бірінші лигадан болсын, Премьер-лигадан болсын, алаңға шығып, өзімізді 100 пайыз көрсетуіміз керек деп жігерлендірдік. Жігіттер айтқанымызды тыңдап, алаңға шығып, өз деңгейлерін көрсетті. Жеңгенімізге өте қуаныштымыз. Алға қарай жылжи береміз. Енді өз алаңымызда «Шахтёрге» қарсы ойнаймыз.
– 9:0 – бұл «Қайраттың» тарихтағы ең ірі жеңісі. Сіз бұл туралы білдіңіз бе?
– Жоқ, білмедік. Есепке мән бермедік. Жігіттерді тактикалық және құрылымдық жағынан дұрыс ойнап, қоятын талаптарды орындауға көп мән беруге шақырдық. Олар мұнымен тоқтап қалмасын деп жігерлендірдік. Есеп осылай болып тұрғанда босаңсуға болар еді. Бірақ олай істегіміз келмеді.
– Есеп 6:0, 7:0 болып тұрғанда, қарсыласыңызды аяуға деген ниет болды ма?
– Жоқ, ондай ой болмады. Біздің өз міндеттеріміз, өз мақсаттарымыз бар. Бірінші таймнан кейін есеп 5:0 болып тұрды. Қаласақ, ойыншылар тобын ауыстырар едік. Ал біз, керісінше, жігіттердің тоқтамауын талап еттік. Осы ойындардың арқасында келесі ойындарға дайындалып жатырмыз. Біз кейбір нәрселерді басқа ойындарда іске асады деген үмітпен жаттықтыруға тырысамыз.
– 15 жастағы шабуылшы Дастан Сатпаевтың дебюті жайлы айта кетіңізші.
– Дастанды абайлап ойынғка қосып отыру керек. Ол жақында ғана Бірінші лигада дебют жасады. Ал қазір бірден Премьер-Лига деңгейінде ойнап кетті. Асығудың қажеті жоқ. Оның уақыты келеді. Әлі де өзін көрсете алады. Оның әлеуеті зор. Артық кетіп қалмай, оны біртіндеп ойынға қосу маңызды. Бастапқыда егер есеп қолайлы болып тұрса, Дастанды ойнатамыз деп ойладық. Жалпы ол 15 минут ойнады. Бұл кезеңде жеткілікті деп есептейміз. Біз оған атмосфераны сезінуге мүмкіндік бердік.
– Бұл турнирдің – 1XBET-Лига Кубогының идеясы ұнады ма? Басқа командалар екінші не үшінші құрамын шығарады. Ал сіздің мақсатыңыз қандай?
– Мүмкін қазірге бұл жаңа турнир шығар. Әзірге оған аса мән бермейді. Бірақ, кім біледі, болашақта матчтардың қызығы мен қарқындылығы жағынан Кубоктан асып түсетін шығар. Команда еурокубокқа қатысып, ойын кестесі тығыз болса, онда бұл турнирдің қажеті бар ма деп ойлана аламыз. Бірақ мүмкіндігінше көп матч ойнауымыз керек. Чемпионатты алатын болсақ, онда матч көп емес. Біз бұл турнирге оң жағынан қараймыз. Соның арқасында қосымша ойын тәжірибесі де жинақталады.