«Қайрат» футбол клубы

«Қайрат» футбол клубы

Раде Дугалич: «Қайрат» чемпиондық титулды иеленуге лайықты
Қайрат

Раде Дугалич: «Қайрат» чемпиондық титулды иеленуге лайықты

01 февраля 2019
/ 00:00

Сербиялық қорғаушы Раде Дугалич «Қайраттың» ресейлік «Чайкаға» қарсы алғашқы жолдастық матчында маңызды гол соғып, алматылық команданың жеңіске жетуіне көмектесті – 3:1. Бүгін «сары-қаралардың» жаңа ойыншысы футболдағы өзінің арманы, кикбоксшы бауыры, «Қайраттың» базасынан алған әсері жайында айтып, Халық командасын «Црвена Звездамен» салыстырды.

- Раде, «Чайка» қақпасына соққан әдемі голыңмен құттықтаймыз!

- Дұрыс позиция таңдап, баспен соққы бағыттадым. Өз голыммен жанкүйерлер мен командалас әріптестерімді қуантқаным үшін бақыттымын. Кейін тағы екі гол соққанымыз жақсы болды. Бәрі оңай болған жоқ, бірақ ОЖЖ-дағы алғашқы ойындар қашан да ауыр басталады. Жиындар – жаттығу кезінде бәрі бар күшін салып, сондықтан матчтар ауыр өтетін уақыт. Бірақ бәріміз де жинақымыз. Алға қарай жылжи береміз. Алда «Вележге» қарсы кездесу күтіп тұр. Ойындағы байланысты жақсарту үшін жұмысымызды жалғастырамыз. Лайықты ойнауға тырысамыз.

- «Чайкаға» қарсы ойында сен дубль жасауға жақын болдың!

- Ол кезде стандарттық шабуыл болды. Қашан да оған қатысуға тырысамын. Кезекті бұрыштамадан кейін доп маған детті. Көп ойланбай, қақпаға қарай соққы бағыттадым. «Чайканың» қақпашысы бұл жағдайда тамаша ойнады. Соққымды кері қайтарды. Бірақ алда әлі де болады. Голдар мен дубльдер жүре-жүре бола береді...

- «Қайраттағы» алғашқы күнің жайында айтып берші.

- Бәрі тамаша болды. Осылай жылы қарсы алады деп ойламадым. Бірден «Қайраттың» тату отбасы, керемет ұжым екенін түсіндім. Мені тамаша қарсы алғандары үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Қуаныштымын!

- Ойыншылардан кіммен достасып үлгердің?

- Бәрімен. Тамаша жігіттер. Клубқа келген аз уақытымның ішінде мен сөйлеспеген футболшы қалған жоқ. Алаңда команда жаңа маусымға, оның ішінде Суперкубок үшін «Астанаға» қарсы өтетін алғашқы ойынға қаншалықты сапалы дайындалып жатқаны көрінеді.

- Алғашқы ресми матч және бірден беделді жүлде үшін ойын – тамаша бастама!

- Жаңа сынаққа барлық ойыншы дайын. Маусымды жақсы бастауды ойлап отырмыз. Суперкубокты иелену маусым басында жанкүйерлерге тамаша сыйлық болады. Сол үшін бар күшімізді саламыз. Ойыннан ойынға қарай жылжи береміз. Әр матчқа деген жігеріміз Чемпиондар лигасының финалына тең болады. Біздің алдымызға нақты мақсат қойылған – чемпионатты жеңіп алды. «Қайрат» жаңа чемпиондық титулды жеңіп алуға лайықты. Соның сәті келді деп ойлаймын.

- Біздің базамызды көргенде алғашқы әсерің қандай болды?

- Біздің базамыз – сөзсіз ТОП. Оның осынша керемет болатынын күтпедім де. Осы секілді әдемі базаларды көп көрмедім. Осында инфрақұрылымдағы спорт нысандарымен кез келген клуб мақтана алмайды. «Футбонаут» жаттығу құрылғысы таңқалдырды. Мұндай құрылғы әлемнің төрт футбол клубында ғана бар екен. Оны жиірек пайдалануға тырысамын. Маған қатты ұнады. Әсері жоғары және жемісті. Жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауға үйретеді.

- Алексей Шпилевскийдің бапкерлік штабымен жұмыстың ерекшеліктері қандай?

- Оның өзі және онымен бірге келген адамдар жаттығуға жаңа және пайдалы нәрселер қосып, ойынды әлемге танылған германиялық және австриялық клубтардың ережелеріне сәйкес құрайды. Біздің бапкерлік штабымыз «Лейпциг» пен «Зальцбургтің» мектебінен өткен. Бұлар қазір әдемі футбол көрсетіп жүрген ғажайып командалар. Шынымды айтсам, осынша деңгейде ешқашан жаттығып көрмедім. Дайындық процесінен үлкен ләззат аламын. Біз дереу шешім қабылдап, жылдам қозғалуға, үнемі қысым жасауға тырысамыз. Бұл ҚПЛ-да да, Еуропа лигасында да нәтиже әкелетініне сенімдімін.

- «Қайратқа» ауысқанға дейін біздің футбол туралы не білдің?

- Қазақстанда «Қайрат» деген ұлы футбол клубы бар екенін білдім, ол мәртебесі бойынша Сербияның «Црвена Звезда» клубымен пара-пар. «Астана» туралы естідім, оны «Партизанмен» салыстыруға болады. Яғни, соңғы уақыттары жеңіске жетіп жүр, бірақ алынбас қалам емес. Басқа да командалар туралы аз-кем білдім. Қазақстанда менің көптеген достарым мен таныстарым өнер көрсетті. Оның ішінде, сербиялық футболшылар да бар.

- Алматыда көптеген сербтер өмір сүретінін білдің бе?

- Білмедім. Мұнда отандастарым бар екенін енді біліп жатырмын, олармен сөйлесіп тұруға болады. Біздің қаламызда серб мейрамханасы бар екенін естідім. Суперкубок матчынан кейін қалыңдығыммен бірге барамын деп ойлап отырмын.

- Қалыңдығың Алматыға қашан көшіп келмек?

- Оның есімі – Невена, Алматыға маусымның басында келеді. Түркиядағы ОЖЖ-дан соң менің пәтерім туралы мәселе шешіледі. Тағы бір жаңа ойыншы Конрад Вржешиньскиймен осы тақырып туралы аз ғана сөйлескенбіз. «Қайраттың» басқа ойыншыларымен көрші болғымыз келеді. Біздің сүйіктілеріміз командадағы басқа футболшылардың әйелдерімен және қыздарымен сөйлесіп, араласып тұрғаны маңызды. Бірге матчқа барып тұра алады. Айта кеткен жөн шығар, Невена екеуіміз Рождествода некелестік. Тойды биыл жасаймыз.

- Енді сенде қазақтың үлкен тойы бола ма?

- Бәрі де мүмкін! Қазақстанда үлкен мерекелер ұйымдастырылатынын естідім. Әсіресе, тойларда. Оған дәстүр бойынша бірнеше жүздеген адам шақырылатынын білемін.

- Отбасың үлкен бе?

- Әкем, анам, інім Митар. Оның жасы 23-те, ол кикбоксингтен әлем чемпионы. Жартылай ауыр салмақта өнер көрсетеді. Әуесқой деңгейде Сербия құрамасының намысын сәтті қорғады. Кейін кәсіпқойға ауысты. Қазір титулды жекпе-жекке дайындалып жатыр.

- Мансабыңның «ресейлік» кезеңінде ең есте қалған нәрсе не?

- Әрине, «Тосномен» бірге Ресей кубогын жеңіп алғанымыз. Әсіресе, жартылай финалда «Спартакты» ұтқанымыз. «Авангардқа» қарсы шешуші матчта мен ойнаған жоқпын. Сары қағаздар бөгет болды. Финалда трибунада Павел Погребняктің қасында отырдым. «Тосно» 2:1 есебімен жеңіске жетті. Беделді жүлдеге қол жеткіздім. Бұл үлкен табыс болды.

- Армавирлік «Торпедода» Валерий Карпинмен жұмыс істедің. Ұнады ма?

- Жақсы жұмыс істедік. Сондықтан да болар, мені капитан қылып сайлады. Ол өте талапшыл бапкер. Ол үшін командадағы тәртіп бірінші орында. Жақсы маман және өте тік адам. Бәрін өзіңе айтып береді. Мүдірмей.

- Футболдағы арманың қандай болды?

- Джон Терридің кезеңіндегі «Челсиде» ойнағым келді. Онымен бірге орталық қорғаныста ойнаймын деп армандайтынмын. Өкінішке қарай, Джон мансабын аяқтады. Айтпақшы, ол «Спартакқа» ауысқанында, мен оған қарсы ойнар едім. Алайда Терри футболмен қоштасты. Алдағы мақсаттарыма келер болсақ, қазір «Қайраттың» Суперкубокты еншілеуіне ғана емес, басқа да жүлделер алуына көмектесуге міндеттімін. Жанкүйерлер бізді әр матчта қолдағанын қалаймын. Бізге қарсы кімнің ойнағаны маңызды емес: «Тараз», «Ертіс», «Тобыл» немесе шетелдік қарсыластар. Трибунаның толы болғанын қалар едім. «Қайратқа» қарсы кез келген команда ерекше жігермен ойнайтынын білемін. Біздің жанкүйерлерімізге де бұл белгілі нәрсе. Олар үлкен көлемде барлық матчқа келгені, бізге ыстық қолдау көрсеткені маңызды. Жанкүйерлермен бір тұтас болғанымызда ғана, Суперкубокты иеленіп, Қазақстан чемпионаты мен Кубогын ұтып аламыз. 

arrow-prev
arrow-next

Поделиться

Біздің серіктестер

close

Единый личный кабинет ФК «Кайрат»