«Қайраттың» израильдік қорғаушысы «Тобылды» жеңгені туралы айтты (2:1).
– Офри, матч туралы айта кетсең.
– Ең бастысы, өз жұмысымызды орындап, үш ұпай алдық. Кей жерде жақсы ойнадық, кей жерде сүреңсіз ойын көрсеттік. Барлық ойымыз келесі ойынға бағытталған.
– Жарақат алғаннан кейін өзіңді қалай сезінесің?
– Бұл жарақат мені екі апта бойы мазалады. Мен екі рет тобығымды шығарып алдым. Алғаш рет бұл Қызылордаға ұшар алдында болды. «Қайсарға» қарсы ойында мен өз командама көмектескім келгендіктен ауруды басатын дәрімен ойнауға тура келді, бірақ мен жүз пайызға дайын емес едім. Бір аптадан кейін мен қайтадан тобығымды шығарып алдым. Бапкерлермен және медицина қызметкерлерімен бірге Ақтөбеге ұшпаймын, «Тобылмен» өз алаңымыздағы ойынға дейін сауығамын деп шештік. Кеше ойнап, команданың жеңіске жетуіне көмектескеніме өте қуаныштымын.
– Соңғы кездері ортада ойнап жүрсің. Алаңдағы бұл позицияға қаншалықты бейімделдің?
– Бапкер мені осы екі позицияда пайдалана алатынын біледі. Мен тіреуіш жартылай қорғаушы ретінде ойнағанды ұнатамын. Қорғаныс ортасында және жартылай қорғаныс ортасында ойнаудың айырмашылығы туралы айтатын болсақ, онда екінші жағдайда, алаңның барлық бөлігінде көбірек жүгіріп, қысым жасау қажет. Орталық қорғаушы болып ойнасаң, бүкіл алаң көрініп тұрады. Ал жартылай қорғаныстың ортасында ойнасаң артқа, алға және жан-жағыңа қарап жүру керек. Сондай-ақ шабуылды құруға қатысасың.
– Алда чемпионат көшбасшысы «Ордабасымен» ойнайсыңдар. Көктемгі ойынды еске түсірсең, қарсылас туралы не айта аласың? Келесі матчқа қалай дайындаласыңдар?
– «Ордабасы» – қазіргі таңда чемпионаттағы үздік команда. Олар өте жақсы ойнайды әрі өте тәжірибелі ойыншыларға толы. Бірақ біз «Қайрат» екенімізді, Қазақстандағы ең үлкен клуб екенімізді ұмытпауымыз керек. Әр ойында жеңіске жету үшін ойнаймыз. Көктемде оларды жеңуіміз керек еді, бірақ тең түстік. Енді шымкенттіктерден үш ұпайды тартып алғымыз келеді. Аламыз деген үміттемін.