«Қайраттың» жас орталық қорғаушысы Нұралы Әліп мансабының қалай басталғанын, негізгі командадағы тәжірибесі жайында және Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алғаны туралы айтып берді.
- Нұралы, әңгіме басында қайда туғаныңызды және қашан футболмен айналыса бастағаныңызды айтып өтіңізші. Алғашқы бапкеріңіз кім болды?
- Мен Маңғыстау облысында Ақтау қаласында тудым. Футболмен 2008 жылы «Каспий» футбол клубында айналыса бастадым. Бірде мектепте сабақта отырғанбыз, бізге бір адамдар келіп, 1998/1999 жылы туған балаларды футбол секциясына қабылдау жатқандарын айтты. Мен алғашқы жаттығуға барып көрдім, қатты ұнап қалды. Алғашқы бапкерім Ержан Жамбыров болды. Ол өте қатал әрі талапшыл бапкер болатын, ал адам ретінде өте жақсы дос еді. Бұл бапкер маған сенді және қиын сәттерде қолдады. Өзімнің алғашқы бапкерім маған көп нәрсе жасады, себебі оның арқасында мен өмірде де, футбол алаңында кәсіби бола бастадым.
- «Қайраттың» академиясына қалай келдіңіз?
- 2015 жылы шілденің ортасы болатын. 1999 жылы туған ойыншылар арасында ел біріншілігің сайыстары өтіп жатқан. Сол кезде біз өз алаңымызда алматылық «Қайратты» 2:0 есебімен ұттық. Бір аптадан соң мен «Қайратқа» қаралымға шақырту алдым, бұл үшін Павел Петрович Черепановқа алғыс айтқым келеді. Мен сынақтардан сәтті өтіп, үш жыл бойы академияда жаттығу жасадым. Алматылық клубтың жасөспірімдер командасында ойнадым, кейін дубльге ауыстым. Бұл маған үлкен тәжірибе сыйлады.
- Өзіңізді «Қайраттың» негізгі құрамында қалай сезінесіз?
- Басында қиын болды, бірақ командадағы өзімнен үлкен әріптестерімнің қолдауымен тез бейімделдім.
- Футболда сіз үшін қай позиция қолайлы? Қай тұста өзіңізді сенімдірек сезінесіз – қорғаныста ма, жартылай қорғаныста ма? Бүгінгі таңда ҚПЛ-да қай ойыншыларды үздік қорғаушылар деп айта аласыз?
- Мен үшін орталық аймақта ойнау қолайлы. Өзімді қорғаушы ретінде де, тіреуші хавбек ретінде де жақсы сезінемін. Қазақстанда үздік қорғаушылар деп Юрий Логвиненко, Ғафуржан Сүйімбаев пен Елдос Ахметовты айта аламын.
- Енді «Қайраттың» бас бапкері Карлос Алоспен бірге жұмысыңыз туралы сөйлесейік. Ол қаншалықты талапшыл маман? Ол футболшылармен жұмыс істеу кезінде нер нәрсеге басты назарын бөледі?
- Карлос Алос – өте талапшыл маман, ол жастарға сенім артады. Оның арқасында мен қазір осы командада жүрмін. Жаттығу кезінде біздің бас бапкеріміз допты бақылау мен тактикаға көп уақытын бөледі.
- Осы айда сіз алғаш рет Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алдыңыз. Бұл туралы естігенде не сезіндіңіз?
- «Қайраттың» петропавлдық «Қызыл-Жар СК-ға» қарсы матчынан кейін маған ұлттық құрамадағы бапкерлердің бірі хабарласып, құжаттарды дайындай беруімді айтты. Мен тіпті оның кім болғанын да сұраған жоқпын. Толқығаннан болар. Кейін ұлттық құрамаға шақырту алған ойыншылар тізімінде өзімді көрдім де, қатты қуандым...
- Құраманың соңғы екі матчы қалай өткенін айтыңызшы. Бұл матчтарда ойыншылар Станимир Стоиловтың нұсқауларын орындай алды ма?
- Меніңше, Қазақстан құрамасының соңғы матчтары жоғары деңгейде өтті. Команда бапкердің нұсқауын орындады. Құрама ойыншылары өзара түсінісіп, сенімді ойнады, маңыздысы, өз ойынын көрсетті, жылдам шабуылдар жасады, қорғаныста ойнады. Қолымыздан келмегені, концентрацияны сақтап қала алмадық, - болгарлармен матчта тең есепті ұстай алған жоқпыз. Бірақ бұл басы ғана, құрама алға жылжи береді.
- «Қайратқа» қайта оралып, командаңыздың биылғы ҚПЛ-дағы старты туралы сөйлесейік – «Қызыл-Жар СК» және «Атырауға» қарсы ойындар жайында.
- Мен үшін «Қызыл-Жар СК» және «Атырауға» қарсы матчтарда толқыныс болды. Келесі ойындарда өзімді сенімдірек ұстаймын деп ойлаймын.
- Келесі матчта сіздің командаңыз сенбіде «Ақтөбемен» кездеседі. Бұл қарсылас туралы не айта аласыз?
- Қарсыластың өз алаңы дайын болмауына байланысты «Ақтөбемен» Шымкентте ойнаймыз. «Ақтөбе» - өте мықты команда. Бізді алаңда шайқас күтіп тұр деп ойлаймын. Жеңіске жетуге деген ниеті көп команда үш ұпай олжалайды.
- Осы маусымда «Қайратпен» бірге не нәрсеге таласқыңыз келеді? Команданың ел чемпионы мен Кубокта, еурокубокта қалай өнер көрсеткенін қалайсыз?
- «Қайрат» - бұл қашан да жоғары мақсаттарды қоятын команда. Осы маусымды өзімізді жақсы деңгейде көрсетіп, жоғары орындарға таласқымыз келеді. Қолымыздан келеді деп ойлаймын.
- Сұқбат соңында футболдағы арманыңыз туралы айтыңызшы. Футболда не нәрсеге қол жеткізгіңіз келеді?
- Әрине, болашақта өзімді барлық жоғары деңгейдегі футболшылар секілді Еуропада сынап көргім келеді. Бірақ бұл үшін көп жұмыс істеу қажет – бәрі Алланың қолында.
Дереккөз: Sports.kz