Бүгін «Қайраттың» және де барлық қазақстандық футбол тарихындағы айтулы күнді атап өтуге себеп бар. 10-сәуір күні алматылық «Қайрат» отандық футболдың жоғары эшелонында (КСРО чемпионатының «А» класының бірінші тобында, ол сол кезде осылай аталатын) алғашқы ойынын өткізген күнге 60 жыл толды. Оның қарсыласы Ленинградтан келген «Адмиралтеец» командасы болды.
60 жыл бұрынғы ауа райы қазіргі ауа райын еске салады, сондықтан бұл материалды Гидрометеоорталықтың қызметкерлері де ескерсе болады. Матчқа екі күн қалған кезде Алма-Атада ауа температурасы нөлден төмен түсіп, қалың қар түсті. Кездесу алдында алаң тазаланғанына қарамастан, бұл ойын барысына өз әсерін тигізді.
Жергілікті уақытпен сағат 16:00-де Қазақ КСР отыз мыңға шақталған Орталық стадионы жанкүйерлерге толды. Әр түрлі дереккөздердің бағалауына сәйкес, матчты 25-тен 30 мыңға жуық көрермен тамашалаған.
Кеңес Одағы спортқоғамы мен Қазақ КСР ұйымдарының төрағасы Қаркен Ахметов матчтың қатысушыларын қарсы алып, оларды футбол маусымының басталуымен құттықтап, алдағы біріншілікте үлкен табыстар тіледі. Команда капитандары 1960 жылдың футбол маусымының ашылу жалауын көтереді. Командалар келесідей құрамдарда қармен көмкерілген алаңға шықты (тек 3 градус жылы болды).
«Қайрат»: Г. Шершевский, В. Мороз, А. Федотов, Б. Каретников, Л. Остроушко, В. Скулкин (команда капитаны), В. Иванушкин, А. Черемушкин, В. Степанов, Г. Неверов, О. Мальцев.
«Адмиралтеец»: З. Шехтель, В. Голубев, В. Спиридонов, Б. Демидов, Ю. Морозов (команда капитаны), О. Шилин, В. Виноградов, Ю. Варламов, А. Васильев, И. Свешников, В. Царицын.
Айта кету керек, қонақтар командасында барлық ойыншылар КСРО спорт шебері атағына ие болған еді. Кездесуге Мәскеу облысының Бүкілодақтық санаттағы судьясы Г. Епихин бастаған төрешілер бригадасы қызмет етті. Ол матчты жоғары деңгейде, нақты және сенімді өткізді. Қайраттықтар бұл матчта 1+4+2+4 жүйесін қолданды, себебі 9-шы нөмірдегі Вадим Степанов төртінші қорғаушының орнын алды. Ленинградтық ойыншылар 1+3+3+4 жүйесін қолданды.
Матч еш барлаусыз басталды, ойын жоғары жылдамдықпен жүрді. Алғашқы минуттар екі жақты шабуылдарда өтті. 7-ші минутта Олег Мальцев қарқынды серпіліс жасап, ойламаған жерде қонақтардың қорғаушысының артынан алаң орталығына шығады. Доп бірден бос орынға беріледі. Мальцев өзінің қарсыласы Виктор Голубевті жеңіп, айып алаңына өтіп, соққы жасайды, бірақ доп қонақтардың қақпашысы Зураб Шехтельдің қолына түседі. Осылайша қақпаны алудың алғашқы нақты мүмкіндігі жойылды.
Бес минуттан кейін Владимир Иванушкин айып алаңына жылдам өтіп, қақпаның алыс жоғарғы бұрышына бағыттап, жоғарылатып соққы ұрады. Ленинградтық қақпашы қатты секіріп, допты бұрыштамаға қарай қағып жіберіп үлгереді. Біраз уақыт өткен соң, Мальцев соққы позициясына шығып, оның соққысынан кейін доп қақпаның маңдайшасына тиіп, алаңнан тыс шығып кетеді. Олег Мальцев пен Владимир Иванушкин шабуылда белсенді болды, ал Герман Неверов пен Анатолий Черемушкин артқа тартылып, «диспетчерлер» қызметін жақсы орындады.
Қазақстандықтардың бірнеше өткір шабуылдарына төтеп бере отырып, «Адмиралтеец» футболшылары «Қайраттықтардың» алаңының жартысына жиірек шабуыл жасай бастайды. Біртіндеп ойын қарқыны толығымен «Адмиралтеецтарға» көшті, әсіресе шабуылда Юрий Варламов пен Игорь Свешников белсенді болды. Бірақ қайраттықтар өз айып алаңында жақсы ұйымдасқан тығыз тосқауыл жасады және орталық арқылы жасалған ленинградтықтардың барлық шабуылдары қирады. Мұнда орталық аймақ пен флангтерде жақсы ойын көрсеткен Анатолий Федотовтың ойынын ерекше атап өту керек. Сондай-ақ, қақпашы Гелий Шершевский Игорь Свешников пен Владимир Виноградовтың соққысынан кейін бірнеше қауіпті соққыны ала алды.
Бірінші таймда ойын басымдылығы «Қайратта» болды. Егер Ленинградтықтар шабуылдарды негізінен орталық арқылы жүргізсе, ал «Қайрат» шабуылдарды негізінен қапталдағы шабуылдардың есебінен жүргізді, алайда аз ғана күшпен және жеткіліксіз жылдамдықпен болды. Екі команданың футболшылары көп күш-жігер жұмсады, бірақ олар табысқа жете алмады.
Ойынның екінші жартысы да өте тартысты өтті. Екінші таймда қайраттықтар шабуылға белсенді түрде қатысты, шабуылға ең соңғы қорғаушылар да қосылды (мысалы, 83-ші минутта Анатолий Черемушкинның орнына шыққан Юрий Стулов). Олар аймақтық басымдыққа ие болды, бірақ шабуылдардың соңғы кезеңдерінде алма-аталықтардың форвардтары сенімсіз және келісімсіз әрекет етті, қақпаға соққы жасайтын тиімді сәттерді жиі пайдаланбады. Он минуттың ішінде «Адмиралтеец» қақпасына үш бұрыштама тағайындалды және бір рет Спиридонов бос қақпадан допты қайтарды.
Ленинградтықтар қарымта шабуылдарға екі-үш футболшы қатысатын ойынды құрастырды. Алайда, алаң иелерінің қорғаныс желілері қарсыластарын тежеді, ал алыс қашықтықтан соққан соққылар көздеген жеріне жетпеді, немесе қақпашы Гелий Шершевский сенімді ойын көрсетті. «Адмиралтеецтерде» Валентин Царицын ерекше көзге түсті, оның қарсыласы Борис Каретников болған. «Қайраттың» қорғаушысы дуэльдерде бірнеше рет ұтылып қалды, бірақ оның сенімді серіктестері жағдайды сақтап қалды. Ауыр және дымқыл топырақ жоғары дәрежедегі футболды көрсетуге мүмкіндік бермейтіні сезілді. Футболшылар шаршап, ойын қарқыны айтарлықтай төмендеді, кездесудің соңғы минуттары екі жақты шабуылдарда өтті. Бірақ сол қызықты кездесу нөлдік тең есеппен аяқталды.
Ауа райының қолайсыздығынан командалардың қосалқы құрамдарының кездесуі негізгі құрамдардың ойыны қарсаңында емес, келесі күні, яғни 11 сәуірде өтті. 1:0 есебімен қайраттықтар жеңіске жетті. Бұл жалғыз голды кім соққаны анық емес. «Казахстанская правда» газетінің ақпараты бойынша (12.04.1960 ж.) Юрий Стулов ерекше көзге түсті десе, «Алмаатинская правда» Тимур Сегізбаевты голдың авторы деп атады.
1960 жылы 13 маусымда Ленинградта өткен екінші айналымның матчы да нөлдік тең есеппен аяқталды.
Сөз соңында, 1960 жылы 10 сәуірде «Қайрат» формасында ойынға қатысқан 12 футболшының ішінде Владимир Иванушкин ғана тірі, қазіргі кезде Алматыда тұрады. Атақты ойыншы және жаттықтырушы Леонид Остроушко 2019 жылдың 3 желтоқсанында Санкт-Петербургте қайтыс болды, Вадим Степанов 1973 жылдың 2 қаңтарында қайтыс болды, Анатолий Федотов – 1985 жылдың 4 маусымында, Владимир Мороз – 1990 жылдардың басында, Владимир Скулкин – 1999 жылдың 13 сәуірінде, Борис Каретников – 2010 жылдың 6 желтоқсанында қайтыс болды. Бұл спортшылар Алматыда, қалғандары Қазақстаннан тыс жерде жерленген.
1960 ж. 10 сәуірде матчқа қатысқан ленинградтықтардың ішінен Юрий Андреевич Морозов (13.05.1934 ж. – 16.02.2005 ж.) футбол ортасында танымал. Көптеген жылдар бойы ол ленинградтық (санкт-петербургтік) «Зенит» және Мәскеу ЦСКА басқарды, КСРО құрамасымен жұмыс істеді, кеңестік және ресейлік үздік бапкерлердің бірі болды.
Тағы бір қызықты фактіні атап өту керек, 1960 жылы 10 сәуірде матчқа 12 емес, 13 қайраттықтар қатысты. Олай дейтініміз, бір жылдан кейін «Қайратқа» ауысып, онда екі маусым өткізіп, одан кейін қазақстандық Жамбыл мен Семей командалардың түстерін қорғаған Игорь Свешников «Адмиралтеец» құрамында ойнаған. Ол 1985 жылы 10 ақпанда Ленинградта қайтыс болды және ол 1973 және 1974 жылдары «Қайратты» жаттықтырған Артем Григорьевич Фальянның бейітінен алыс емес жерде Большеохтинск зиратында жерленген.
Міне, көбісі біле-білмейтін тағы бір факт. 1960 жылдың 10 сәуірінде Адмиралтеецтің қақпасын қорғаған Зураб Шехтель – атақты жеңілатлет, еңбегі сіңген спорт шебері, өткен жүзжылдықтың 1930-шы және 1940-шы жылдардағы молота лақтырудан ең үздік кеңестік спортшының бірі, КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы Александр Яковлевич Шехтельдің асырап алған баласы. 1960 жылдың 10 сәуірінде ойынға қатысқан Владимир Николаевич Иванушкиннің пікірі бойынша, «Адмиралтеец» қақпасының алынбауы, бірнеше анық кіретін допты шығарған, осы ірі габаритті қақпашының үлкен еңбегі. Шехтельдің спорттық өмірбаянынан қызықты мәлімет: Шехтель 1950 жылы ленинградтық «Зенит» пен мәскеулік «Динамо» қосалқы құрамдарының матчында ол Лев Яшиннің қақпасына парадокс гол соқты. Өз қақпасынан алаңға доп лақтырғаннан кейін, ол ұшуда ұзақ траекторияны алып, сол маусымда «Динамо» құрамында дебют жасаған Яшиннің артына түсті. Зураб Шехтель1972 жылы автомобиль апатында қаза тапты.
Тағы айта кететін мәлімет, 1960 жылдың маусымында «Қайратты» белгілі мәскеулік футбол маманы Николай Яковлевич Глебов басқарған (10.05.1909 ж. – 16.01.1996 ж.). Ол Алма-атада төрт жыл жұмыс істеп, команда ойынының іргетасын құруға үлкен үлес қосты.
Игорь РЫЖКОВ
Бұл матчтың үзінділерінің фотосуреттері (республикалық газеттерден).
Авторлары: Я. Либерчук, М. Кудряшев, В. Шин.
Sportinfo.kz ұжымы «Қайрат» командасын, оның даңқты ардагерлерін айтулы күнмен құттықтап, клубқа және оның жанкүйерлеріне коронавирустың пандемиясын еш шығынсыз өтуді тілейді. Қазіргі қайраттықтарға біз осы кезеңде жақсы қалыпты сақтап қалуды, ал болашақта - жарқын жеңістерді, туған Орталық алаңында аншлагтарды және «Қайрат» пен Қазақстанды халықаралық аренада танымал қылатын отандық футболшылар арасында жаңа жұлдыздардың пайда болуын тілейміз. Біз «Қайраттың» барлық дәстүрді қайта жаңғыртып, оларды толықтырып, халықтың командасы болатынына сенеміз!