Футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты тарихындағы үздік бомбардир Мария Ялова сайтымызға «Қайрат» клубындағы жаңа рөлі туралы сұқбат берді.
- Мария, футболдағы мансабыңыз жарқын деп айтуға болады. Әйелдер арасындағы ҚР чемпионаты және ұлттық құрама сапында үздік бомбардир атандыңыз. Бапкер болған қалай екен?
- Шынымды айтсам, бапкерліктен гөрі ойнаған жақсы екен. Сенен алаңға шығып, баспкердің айтқанын орындау ғана талап етіледі. Бапкерлікте талай ауыртпашылықтарға жолығады екенсің. Қиын да әрі қызықты жұмыс.
- «Қайраттың» әйелдер құрамасы туралы айтып өтсеңіз...
- «Қайрат» әйелдер құрамасы биыл ашылды. Команда 12-13 жас аралығындағы қыздардан құралған. Біреуінің бір-екі жыл тәжіребиесі болса, енді біреуінің айналысқанына үш-ақ ай болды. Сондықтан да, алдыма қойған мақсатым – барлығын бір деңгейге жеткізу. «Қайрат» бізді өз қарауына алғанына біз қуаныштымыз. Бұл жерде бәрібір басқаша дайындаласың. Жауапкершілігі мол. «Қайрат» - тек қана халықтық клуб емес, сонымен қатар бренд. Статусы жоғары бренд. Барлығы да мұны түсінеді.
Қазір біз 2 маусымда өтетін жарысқа дайындық үстіндеміз. Турнир Шымкентте өтеді. Алғашқы қатысқалы отырған сайыс болғандықтан турнир бізге қиынға түсуі мүмкін. Бізбен бір топта «Ордабасы», «Тараз» және «Оңтүстік Академиясы» клубтары секілді мықтылар өнер көрсетеді. Сәйкесінше, әр топтан екі команда шыға алады. Барлығы 18 команда өнер көрсетеді. Бұл турнир тәжіребие жинақтауға көмектеседі.
- Командаңызда үміт артар футболшылар бар ма? Мүмкін болашақ Мария Ялова шығып қалар?
- Менің тәрбиеленушілерім мен сияқты болғанын қаламаймын. Олардың менен асып түскенін тілеймін! Егер олар жақсы ойын өрнегін көрсетіп жатса, кәсіпқой деңгейде сәттіліктер күліп қарайды деген ойдамын. Әйелдер командасын құру - Қазақстан футбол федерациясы шығарған дұрыс шешім. 12-13 жас аралығындағы қыздардан құралған клубтар енді пайда болып келе жатыр. Көптеген жылдардан кейін олар ел құрамасында ойнайды. Мұның барлығы - алға деген ұмтылыс.
- Ел чемпионатында өнер көрсететін қыздарымыздың жағдайы қалай?
- Бізде өте әлсіз чемпионат. Өкінішті
жағдай, бар жоғы 3-4 командамыз бар...Іріктеу деген ұғым жоқ. Құрамаға допқа
жай ғана аяғы тигендерді жинап алғанбыз. 5 жылдан кейін жағдай өзгереді деп
ойлаймын. Биыл жалпы саны 19 команда құрылды. Жақында бұл қыздар 17, 19 жасқа
дейінгі құрамалар сапын толықтырады. Спортта бәрі дерлік қала бермейді.
Алайда, менің жеке мектебімде екі жылда біреуі ғана өз еркімен кеткен болатын. Бәрі
де футболмен айналысқысы, өз мақсаттарына жетуге тырысады.
- Қазақстанда әйелдер футболы дегенде ауызға бірден «БИИК-Қазығұрт» командасы келеді.
- Шымкентте үздік клуб қана емес, сонымен қатар, футбол ойнауға жақсы жағдай да жасалған. Мектеп лигасы да бар. Оған 400 команда қатысады. 400! Өте тамаша. Осылайша, оларда іріктеу болады. Командалардан әр түрлі жастағы талантты ойыншыларды жинап аласың. Мектеп лигасы кез келген қалада болуы қажет. Біз тек осылай ғана өсе аламыз. Бәсекелестік бар жерде, сапа да бар.
- Біздің құрама әлемдік рейтингте 73 орынды иеленіп отыр.
- Иә. Бізде кадр жетіспеушілігі қатты білінеді. Егер ойыншысы болмаса, құрама қалай ойнайды? Кімді шақырсаң да – Гвардиола ма, Моуринью ма, бәрібір. Ешқандай нәтиже болмайды. Іргетас қаланбайынша – ойын да жоқ. Қазір алға жылжу бар. Егер де әр клуб базасында тағы да қосымша бір клубтан құрылса, өсеміз. Иә, бұған көп жылдар кетеді. Бірақ та, нәтиже көруге болады. U-17, U-19 құрамаларының бапкерлеріне жұмыс жасау да оңайға соғады. Олардың таңдауға мүмкіндігі жоғары болады.
- Еуропа құрамаларының ішінде қайсысы жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүр?
- Барлығы дерлік. Франция, Германия, Нидерланды. Мысалға алайық, Нидерланды. Олар Бельгиямен бірігіп арнайы чемпионат құрды. Екі жылдай уақыт болып қалды. Деңгейлері де тез арада өсті. Француздықтар да жоғары ойын көрсетіп жүр. Біз оларға қарсы ойнадық. Есімде, алаңға келген сәтімізде Франция құрамасын кішкентай қыздар күтіп тұрды. Олар сүйікті командасын көргенде қуаныштан жарылардай болды. 5-7 мың көрермен келді. Кіру ақылы болса да, стадион лық толы. Бізде тегін қылсаң да, көрерменнің келуі қиын.
- Әйелдер футболына деген қайшы көзқарастарға көп ілігесіз бе?
- Иә. Жақсы көзбен қарайтындар да баршылық. 15 жыл бұрын құрама сапында ойнағанымызда бізде тіпті жейдеміз де болмады. Ерлердің киімін шешіп алып ойнайтынбыз. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Ер адамның ұзын жейдесін киіп алып, алаңда өнер көрсеткен кездер көп болған.
- Жейдені қысқартуға болмады ма?
- Жоқ. Рұқсат етілмеді. Ойын біткесін иесіне қайтаруымыз керек болды. Қазір барлық жағдай жасалған – экипировкамен де, доппен де жасақталғанбыз. Бар мәселе - бәсекелестіктің жоқтығы. Бәсекелестік болмаған жерде, даму да жоқ.
- 2002 жылы әйелдер футболын насихаттайтын «Бекхэм сияқты ойна» фильмі жарық көрегн болатын. Мүмкін, Қазақстанға да осындай фильм түсіру керек шығар. Мысалға, «Исламхан сияқты ойна»?
- Тамаша идея. Әйелдер футболы көбірек насихатталса, жақсы болар еді. Фильм қызығушылықты арттырары сөзсіз. Бізге 14, 15 жастағы қыздар қай жерде айналысарымызды білмедік деп келеді. Барлық спорт секілді ерте жастан бастаса, тіпті жақсы.