«Қайраттың» камерундық қорғаушысы «Астананы» жеңгені (1:0), голды тойлауы және жаңа шаш үлгісі туралы айтты:
– Маки, жеңіс құтты болсын! Кешегі ойын туралы айта кетсең. Команда алдында қандай міндет тұрды?
– Рақмет! Біздің басты мақсатымыз жеңу болатын. Бізге бұл үш ұпай керек еді. Оған қоса, өз алаңымызда ойнағандықтан жанкүйерлерімізді қуантқымыз келді. Бұл жеңісті соларға және Қайрат Советайұлына арнаймыз.
– Екінші таймдағы нөсер ойын барысын қалай өзгертті?
– Екі команда да бірінші таймда өте жақсы ойнады. Бізде гол соғатын мүмкіндік көп болды, бірақ оны пайдалана алмадық. Бірақ сенімімізді жоғалтпай, үш ұпай алу деген мақсатты ойымыздан шығармадық. Шынымды айтсам, жаңбыр жауа бастағанда ойын одан сайын өрбіді. Доп алаң бойымен жылдам қозғала бастады. Екі командаға да байыппен ойнау керек болды. Кішкене бір сәт ойынды шешіп кететінін білдік.
– Қазақстан чемпионатында, оның үстіне «Астанаға» бірінші рет гол салдың. Гол соққан сәтте қандай сезімде болдың?
– Иә, бұл менің чемпионаттағы бірінші голым. Құдайға және менің командаластарыма, әсіресе, керемет пас берген Левке рақмет.
– Гол салғандағы тойлауың нені білдіреді?
– Негізі мен екі рет тойладым. Алдымен қолымды аспанға көтердім. Бұл менің Құдайға деген ризашылығымның белгісі. Екіншісі – ишарат тілі. «Құдай бәріңді жақсы көреді» дегенді білдіргім келді. Барлық адамға деген махаббатымның белгісі деп те айтуға болады.
– Ойын алдында сенің сары шашыңды көріп таңғалдым. Ол сәттілік әкеледі деп едің. Шаш үлгіңді жиі ауыстырып тұрасың ба?
– Ха-ха, жиі ауыстырамын деп айта алмаймын. Мен кейде сырт келбетімді өзгерткенді ұнатамын. Осылайша шашыма жақсы күтім жасаймын. Қазіргі шаш үлгісіне келсек, ойын алды жаттығуда бас бапкер маған дәл сен қойғандай сұрақ қойды. Жеңіс алып келеді деп жауап қаттым. Нәтижесінде солай-ақ болды.
– Ойын басталар алдында Еркебұлан Сейдахмет сүйіктісіне сөз салды. Команда бұған қалай қарады?
– Бауырымыз үшін өте қуаныштымыз. Жұбы жазылмай, бақытты болсын деп тілейміз! Бұл бізді жігерлендірді. Сонымен қатар сол екеуі үшін де жеңгіміз келді. Негізгі қарсыласты жеңіп, ұсыныс тастаған сәтті еске алып, риза болып қалсын деген ниет болды.