«Қайрат» қазақстандық құраммен Қазақстан кубогының жартылай финалындағы алғашқы матчында «Ертісті» сенімді жеңді.
«Қайрат» - «Ертіс» - 2:0
Голдар: Қуат, 7, Исламхан, 27
«Қайрат»: Стас Покатилов (Қ), Александр Соколенко, Айбол Әбікен, Нұралы Әліп, Сергей Кейлер, Исламбек Қуат, Бауыржан Исламхан (К), Георгий Жуков, Акмаль Бахтияров, Ян Вороговский, Вячеслав Швырёв
Қосалқы құрам: Илья Караваев (Қ), Адам Адахаджиев, Рашид Люхай, Рамазан Оразов, Ескендір Қыбырай, Мәди Айтөре, Артур Шушеначев, Максим Котов, Самат Сәрсенов
«Ертіс»: Никита Калмыков (Қ) (К), Сергей Кисляк, Адриан Гомес, Гболахан Салами, Милош Стаменкович, Дмитрий Шмидт, Владимир Воменко, Руслан Есімов, Илья Калинин, Павел Шабалин, Александр Кислицын
Қосалқы құрам: Алмат Бекбаев (Қ), Дору Попадюк, Адриан Аврамия, Берік Айтбаев, Мақсат Әмірханов, Рахымжан Розыбакиев, Кирилл Шестаков, Арман Смаилов, Мадьяр Рамазанов
Ескертулер: Қуат, 19, Әліп, 19, Сәрсенов, 83 - Шмидт, 30
Ойыншылар ұлттық құрама сапынан оралған соң команда Орталық стадионда павлодарлық «Ертісті» қабылдады. Бұл Қазақстан кубогының жартылай финалындағы алғашқы матч болатын. Бұл ойында «Қайрат» шетелдік ойыншыларды қолданбай, алаңға тек жергілікті ойыншылар мен «сары-қаралар» Академиясының тәрбиеленушілерін ғана шығарды. «Қайрат» өз стиліне сай ойыншы сенімді бастады. Матчтың 7-минутында Акмаль Бахтияров алғашқы қауіпті сәтті жасады, Никита Калмыков қақпасына қауіпті соққы бағыттаған, алайда қақпашы өз командасын құтқарып, допты алаңнан шығарып жіберді. Бұрыштамаға біздің капитан келіп, қақпаға қарай пас әуелеткен еді. Доп Исламбек Қуаттың аяғына келіп, ол бірден соққы жасады. Жолай футболшыларға тиген доп қақпаға еніп кетті.
Қонақтар бұл голдан кейін салы суға кетпей, аз уақыт өткен соң қарымта шабуылдарға ұмтылды. Илья Калинин ұрымтал тұсқа шыққан, алайда Стас Покатилов дұрыс позиция таңдап, соққыны кері қайтарды. Ойын қыза түсті, екі команда да белсенді ойнап, әр допқа талас жүргізді. Соның салдарынан 19-минутқа дейін бас төреші Асхат Абданбаев Исламбек Қуатқа, кейін реферидің шешімімен келіспеген Нұралы Әліпке сары қағаздан көрсетіп шықты. Алаң иелері ғана емес, қонақтар да жиі ойын тәртібін бұзды.
Кезекті фолдан кейін төреші айып соққысын белгілеген. Исламбек Қуат допты жылдам Исламханға берді, соңғысы 35 метрден қақпаға жойқын соққы жасап, есепті еселеді. «Ертіс» те беріле салған жоқ, шабуылын жасай берді, көбіне сол қаптал белсенді болды. Бірінш таймның аяғында Вячеслав Швырев есепті 3:0-ге жеткізуге жақын болған, бірақ қонақтардың қақпашысы орнынан табылды.
Екінші таймда ойын қарқыны төмендеді, Швыревте қанжығасын майлайтын тағы бір мүмкіндік болған, өкінішке қарай, қақпашыдан айласын асыра алмады. 4 минуттан соң Александр Соколенко Бауыржан Исламханнан пас алып, ұрымтал тұсқа шыққан, бірақ оған дәлдік жетіспеді. Командалар бірнеше ойыншысын ауыстырды, тыңнан шыққан Самат Сәрсенов 83-минутта сары қағаз алды. Ойынға төрт минут қосылған, бірақ «Қайрат» екі гол айырмашылығын ұстап қалды.