«Қайрат» бас бапкері Кирилл Кекер Премьер-лиганың 1-туры аясындағы «Қызылжарға» (2:1) қарсы ойынға қатысты пікір айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді:
– Әуелі стадионға келіп, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан бізді қолдаған жандарға алғыс айтамын. Жылдың осы мезгілінде алаңды күтіп, баптаған адамдарға рақмет айтқым келеді. Қанша дегенмен ауа-райының өзгеруі әсер етеді. Қазақстанда жалғыз футбол алаңы бар екенін көрдік. Сол алаңда ойнағанымызды мақтан тұтамыз. Маусымды жеңіп бастау маңызды болды. Қолымыздан келді. Ойыншыларға атқарған жұмыстары үшін рақмет!
– Қорғаушылардың көп қате жіберуінің себебі неде?
– Командалық жұмыстың жоқтығы бар, себебі мұндай байланыста екі-үш ойын ойнадық. Ойыншыларға бейімделу үшін уақыт қажет. Жастықтың да әсері бар. Мрынский 19 жаста, Широбоков 21 жаста, Ибра 23 жаста. Қорғаушыларымыз жас.
– Тәжірибелі Виктор Васин алаңға қашан шығады?
– Нақты айта алмаймын, бірақ халықаралық үзілістен кейін ол алаңға шығады деп үміттенеміз. Оның жағдайына қараймыз. Қазіргі уақытта ол жалпы топта әлі жаттығып жүрген жоқ.
– Әли Әлиев матчтың барысы мен нәтижесіне Жоао Пауло мен Зарианың жеке деңгейі әсер еткенін айтты. Сондай-ақ екінші таймда алаңда басым болдық деді. Айтқан сөзімен қаншалықты келісесіз?
– Әли Ханәліұлы – қиялы бай керемет бапкер. Бұл оның пікірі, бірақ біздің пікіріміз басқа. Ойыншылардың деңгейі әсер еткені қалыпты жағдай. Бізде бір сәтті жалғыз шеше алатын ойыншылар бар. Мұндай ойыншылар әр командада болады.
– Қайрат Советайұлы киім ауыстыратын бөлмеде не деді?
– Баршаны жеңісімізбен құттықтап, осы бетіңнен қайтпаңдар деді.
– Команда капитанын қалай тағайындайсыз? Неліктен Устименко капитан болып шықты? Неге Жоао Пауло бастап шықпады?
– Мен бастаған бапкерлер штабы капитан тағайындайды. Жоао Пауло – капитан емес. Ол – командамыздың көшбасшысы, өте маңызды ойыншы әрі біз осындай ойыншымыздың барына қуанамыз. Оны бәріміз қатты құрметтейміз, беделі зор. Бірақ тілді қатты біле бермейді. Біз онымен бұл жайлы сөйлестік. Ол командадағы рөлін жақсы түсінеді. Қазіргі уақытта капитанымыз – Виктор Васин. Вице-капитандар – клуб түлектері, Абу-Дабиде өткен турнирде Садыбеков, Устименко, Швырев команданы бастап шықты. Сейдахмет те капитан болды. Біз үшін бұл проблема емес.
– Крачковский маусымаралық кезеңде командадан кетті. Сол позицияда ойнайтын ойыншы іздеп жүрсіз бе?
– Іріктеу – үздіксіз жүріп жатқан нәрсе. Ойыншының көптеген критерий бойынша бізге сәйкес болуы керек. Шартты түрде басқа командалар жасайтын нәрсені жасай алмаймыз. Критерийлеріміз бен мүмкіндіктерімізге сәйкес таңдаймыз. Трансферлік терезе сәуірдің басында жабылады. Сол уақытқа дейін командамызда жаңа ойыншылар келуі мүмкін. Бірақ келмесе, онда бізде көп жас түлектеріміз бар. Бұл – клуб стратегиясы.
– Чемпионат басталардан бір күн бұрын бір команданың турнирден шығып қалғанына қалай қарайсыз? Чемпионат құрылымы тұтастығын жоғалтқандай...
– Менің пікірім ешкімді қызықтырмайтынын талай рет айттым. Қаласаңыз, талдап көрейік. Барлық клуб футболшыларға 11 айда 26 матч өткізу үшін қомақты ақша төлейді. Бұл деген дұрыс па? Ал қазір 24 матчқа азайды. Қазақстан Кубогы мен Лига Кубогын қосқанның өзінде 11 айда кемінде 31 матч ойнаймыз. Ал маусымда бірде-бір ойынды жіберіп алмау үшін қандай футболшы болуың керек. Жарақатың, ауруларың, алған карталарың бар. Орташа алғанда, бұл жылына 25 ойын болып шығады. Бұл өте аз. Мысалы, 2020 жылы Екінші лигада 21 команда болды, яғни жыл сайын 40 матч өтеді, ал бір футболшы орта есеппен 30 ойын өткізеді. Бұл жақсы прогресс деген сөз. Менің ойымша, ойын көп болуы керек. Содан кейін жас ойыншыларға мүмкіндік беріп, бапкерлік идеяны енгізуге мүмкіндік туады. Ал енді әр командада қателесуге жол жоқ. Премьер-лиганың 24 ойынының әрқайсысы Әлем Чемпионатының финалы сияқты. «Ақтөбені» мысалға алайық. Олардың бірінші ойыны 1 наурызда болса, ал келесі ойын 31 наурызда өтеді. Бұл дұрыс па өзі? Футболшы немесе бапкер бір ай бойы не істейді? Кіммен ойнайды? Бүкіл әлемде футболшылар ойнау үшін жаттығады, ал бізде жаттығу үшін ойнайды екен. Мен үшін бұрынғы футболшы, бапкер ретінде 24 ойын аз.
– Яғни, 14-ші команда «Ақсу» сияқты спорттық емес негізде кірсе, бұл сізді алаңдатпай ма?
– Мені ештеңе алаңдатпауы керек. Мен «Қайрат» футбол клубында жұмыс істеймін. Өз құзыретім шегінде өз командама жауаптымын. Бәріміз Еуропаға теңесеміз. Англия, Германия чемпионаттарында қанша ойын бар екенін қараңыз. Кипрді алайық, онда 14 команда бар, бірақ олар екі айналым ойнайды. Содан кейін турнирлік кестеге сәйкес олар екіге бөлініп, тағы бір айналым ойнайды. Сонда көп ойын болады. Еурокубоктардың топтық кезеңінде олардың неше командасы ойнайды, ал бізде қанша команда бар? Ал біз оны мақтан тұтып жүрміз. Біз 1 наурызда бастап, 4 қарашада аяқтаймыз. 8 ай. Бізге көп ойын ойнауға не кедергі болатынын түсіндіріңізші?
– Облыстық бюджеттен «Ақсуға» не «Мақтааралға» бөлінбеген ақшаның жоқтығы кедергі болып отыр. Командалардың сапасы жағынан алшақтық болса, бұл сізді алаңдатпай ма?
– Жарайды, тұрақты ойнайтын 10 клуб болсын. Командалар аз болсын, ойын көп болсын, сапа да көбейеді. Содан кейін супер Бірінші лига болады, онда барлығы Премьер-лигаға шығу үшін күресіп, шарттарға сай болғысы келеді. Бізде жоғары деңгейдегі бір футбол алаңы бар. Ол Алматыда. Барлық ойыншы осы алаңда ойнауға келіп, тамаша эмоция алып кетеді. Қалған алаңдар, шындығында, сапасыз. Оны бәрі біледі. Бізде қанша таза футбол стадионы бар? Астана мен Ақтөбеде. Ақтаудағы ма? Жарайды, бірақ алаңды есепке алмағанда, стадионның өзі қауіпті. Абайсызда біреуді итеріп жіберіп, ол трибунадан ұшып кетсе, ауыр жарақат алады. Қазақстанда алаңдардың, стадиондардың, матчтардың мүмкіндігінше көп болғанын қалаймын. Мұның бәрі көргенге, адамды қызықтырғанға әсер етеді.