«Қайрат» футбол клубы

«Қайрат» футбол клубы

Кирилл Кекер: «Үш ұпай алуымыз керек болды»
Қайрат

Кирилл Кекер: «Үш ұпай алуымыз керек болды»

21 октября 2023
/ 06:00

«Қайрат» бас бапкері «Ақсуды» (4:1) жеңгені туралы айтты:

– Осы жылдың өз алаңымыздағы соңғы ойынымыз болды. Бір апта бұрын жолдастық кездесуде 20 000 жанкүйер болса, ал бүгін үш ұпай үшін маңызды ойында аз адам келді. Бізді қолдап келген жанкүйерлерге өз атымнан және команда атынан көп рақмет айтамын.

– Ойынның барысы мен мазмұнына көңіліңіз тола ма?

– Өз алаңымыздағы соңғы матчта жеңіске жетуге мақсат қойдық. Үш ұпай алуымыз керек болды. Гол жіберіп алғанымызға сәл көңіліміз түсті. Жігіттер талабымызды орындауға тырысты.

– Құпия болмаса, үзіліске шыққанда Максим Зуевпен не туралы сөйлестіңіз?

– Бұл – қалыпты процесс. Жоғары жақта бапкер-аналитик пен көмекшіміз отырады. Олар ойынды толықтай көрсе, мен басқаша көремін. Біз нені жақсартуға болатынын, нені жалғастыру керегін және нені өзгерту керегін талқыладық. Жұмыс бабы бойынша сөйлестік. Басқа нәрсені сөз қылмадық.

– Жанкүйерлер мен журналистер атынан осы маусымда сәтті әрі лайықты өнер көрсетуіңізбен құттықтаймыз. Осы маусымның нәтижесі көңіліңізден шықты ма?

– «Қайрат» – топ-клуб, Қазақстанның ең үздік клубы. Әрине, ойыншылардың да, бапкерлер штабының да төртінші орын алғандарына көңілі толмайды. Тек жоғары нәтижеге ұмтыламыз. «Қайратта» екінші орын сәтсіз деп есептелетін кездер есімде. Дегенмен биыл былтырғыдан көп ұпай жинадық. Көп гол соғып, аз гол жібердік. Бірақ мұндай нәтижені қаламаймыз. Бізде жас ойыншылар көп ойнайтыны анық. Оларға сеніп, алаңға шығарамыз. Біреуі сенімімізді ақтаса, екіншісі ақтамайды.

– Ал клубтардың бюджетін ескерсек, бұл – жақсы нәтиже ме?

– Ойынға клубтардың бюджеті емес, адам шығады. Биыл кейбір ұпай алатын матчтарда ұпай ала алмадық. Бірақ бұл – футбол. Жақсы сәттер де болды. Команданың прогресі туралы айтатын болсақ, биыл біз маңызды матчтарда ойнағанды үйрендік. Бізге қарсы көптеген командалар жатып алып ойнады, бұрын олай емес еді. Бұл да дамуымыздың бір элементі. Мұндай командаларға мүмкіндік бермеуді, бірінші гол соғып, есепті одан әрі ұлғайтуды үйренуіміз керек. Бүгінгі матчта сондай жағдай орын алды. «Атырауға» қарсы матчқа 8 күн қалды. Қазір бұл ойынның турнирлік кестеге маңызы жоқ екеніне қарамастан, осы күндерді кәсіби түрде өткізіп, дайындалғымыз келеді.

– Бұған дейін Қазақстан құрамасында «Қайрат» ойыншылары көп болуы керек дедіңіз. Қазір «Қайраттың» Әліп, Оразов сияқты түлектері ойнап жүр. Бірақ неге командаңыздың ойыншылары шақырылмайды?

– Әрбір футболшы алдына ұлттық құрамада ойнау деген мақсат қояды. Ойыншыларымызға шақырту түскенде олар қуанып, ұлттық құрамаға ынтамен барады. Олардың құрамды анықтайтын бапкерлер штабы бар. Магомед Адиевпен кездесіп, сөйлескен емеспін. Ойыншылар тізімге кірмесе, онда кейбір критерийге сай келмейді деген сөз. Қазірше солай шығар. Болашақта оларды қарастырады деп ойлаймын. Тек жұмыс істеу керек. Менің ойымша, болашақта ұлттық құрама сапында түлектеріміз көп болады. U-21 құрамасына қарасаңыз, 10 ойыншымыз шақыртылды. Оларға тек уақыт керек. Мүмкін қазір ұлттық құрама деңгейінде кешірілмейтін қате жіберіп жатқан болар. Бақылап, қарап көреміз. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ұлттық құрамаға шақырту алған ешкім жоқ. Ойынымызды тұрақтап, өзімізге сұрақ қоюымыз керек.

arrow-prev
arrow-next

Поделиться

Біздің серіктестер

close

Единый личный кабинет ФК «Кайрат»