«Қайрат» қазақстандықтардан құралған жас құраммен Қазақстан кубогының жартылай финалына өтті.
«Ордабасы» - «Қайрат» - 1:1. Пенальти сериясы: 3:4
Голдар: Абикен (аг), 53 – Вороговский, 45
«Ордабасы»: Жасур Нәрзіқұлов (Қ), Хрвое Спахия, Пабло Фонтанелло (К), Никита Бочаров (Джигаурли, 68), Абдуллай Диакате, Кирило Ковальчук, Иван Нагаев, Тимур Досмағамбетов, Ұлар Жақсыбаев, Еркебұлан Тұңғышбаев, Самат Шәмші
Қосалқы құрам: Давид Лория (Қ), Талғат Адырбеков, Әбілхайыр Зулфакиров, Мардан Төлебек, Қайрат Әшірбеков, Бекжан Әбдірахман, Виталий Ли, Әлішер Сүлей
«Қайрат»: Стас Покатилов (Қ), Сергей Кейлер, Нұралы Әліп, Айбол Әбікен, Александр Соколенко, Исламбек Қуат (Қ), Рамазан Оразов, Магомед Парагульгов, Ян Вороговский, Акмаль Бахтияров (Сәрсенов, 66), Вячеслав Швырев
Қосалқы құрам: Илья Караваев (Қ), Әлібек Қасым, Адам Адахаджиев, Павел Кривенцев, Ескендір Қыбырай, Мади Айтөре, Артур Шушеначев, Максим Котов
Ширек финалдық жеребе шымкенттік «Ордабасы» мен алматылық «Қайратты» Қазақстан кубогында кезіктірді. Ел чемпионатындағы соңғы нәтижелерге көз жүгіртсек, алаң иелері үшін кубоктық матчта жеңіске жету өте маңызды. Қайраттықтар болса, алаңға қазақстандықтардан құралған жас құрамын ойнатты.
Матчтың басында шымкенттіктер допқа иелік етті. Ал «Қайрат» қарымта шабуылдардан бақ іздеді. Алғашқы минуттан алматылықтардың қапталдағы қорғаушысы Сергей Кейлер жақсы өнер көрсетіп, «Ордабасының» қорғанысына бірнеше рет қауіп төндірді.
Матчтың 30-минутына таман қарсыласымыз Стас Покатилов қақпасына бірнеше қауіпті шабуыл жасады. Бірақ қорғаныс орнында табылды және «Қайратқа» сәттілік жолдас болды. Бірінші таймның аяғында Ян Вороговский бұрыштан әуелеген допты голға айналдырды – қорғаушы баспен дәл соққы жасап, команданы алға шығарды.
Екінші таймда «Ордабасы» жылдам таразы басын теңестіріп кетті – 1:1, Айбол Әбікен автогол соқты. Артынша командалар бір-бірінің қақпасына бірнеше шабуылдар жасады, бірақ есеп өзгерген жоқ. Матчтың соңында Рамазан Оразов қапталдан әуелеген допты түйіндеуге тырысқан, алайда Жасур Нәрзіқұлов сәтті ойнады. Командалар матчтың негізгі уақытын тең есеппен аяқталып, қосымша екі таймға ауысты. Экстра-таймда да командалар жеңімпазды анықтай алмады. Нәтижесінде алматылық «Қайрат» пенальти сериясында жеңіске жетті.