«Қайраттың» бас бапкері Карлос Алос «Ақтөбеге» қарсы матчтан соң журналистердің сұрақтарына жауап берді.
- Әдеттегідей, жігіттерді құттықтауыммен бастаймын. Бүгін біз маңызды үш ұпай еншіледік және бүгін бізге өте үлкен қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Матч сараптамасына келер болсақ, «Ақтөбе» бірінші таймда бізге қарағанда жақсырақ ойнады. Бізде қорғаныс пен жартылай қорғаныс арасында бос аймақ өте көп болды. Маркос Пиззелли сол аралықта допты қабылдап алып, қауіп төндірді.
Екінші таймда біз қарсыластың жарты алаңында қысым жасауға көштік. Бұл тәуекелді түсіндік. Әрине, бұл қадам басқа нәтиже алып келуі де мүмкін еді, бәрі солай болды да. Футбол жәй ғана сәттілік пен сәйкестік деп ойламаймын, себебі біз бұл жеңіске расымен де лайық болдық. Мұндай матчтар, әрине, инфарктке алып келуі мүмкін, бірақ біз жұмысты жалғастырамыз.
- «Қайрат» неге гол соққаннан кейін «ұйықтап қалғандай» болды?
- Олай деп ойламаймын. Футбол – бұл екі команда ойнайтын спорт, ал «Ақтөбе» өте жақсы ойнады. Бірінші таймда бізде позициялық тұрғыда мәселелер болды, бапкер ұйықтап қалған шығар. Біз матчта Электі артқы шепке қойып бастадық, Исламхан мен Фелипе шабуылдаушы жартылай қорғаушылар болды. Бұл қадамға Элек Пиззеллимен бір аймақта ойнау үшін бардық, оған бір нәрсе жасауға мүмкіндік бермеуі тиіс еді. Бірақ «Ақтөбе» екі шабуылшы арқылы басқа жүйемен ойнады, Пиззелли шабуылшының астында ойнады, бұл бізді таңқалдырды. Екінші таймда біз бос аймақтарда иелік ету үшін жүйені өзгертіп, екі тіреуші жартылай қорғаушымен ойнадық. Біз ұйықтап қалдық деуге келмес. Футболды екі команда ойнайды және «Ақтөбедегі» шетелдік футболшылардың деңгейі өте жоғары.