«Қайраттың» бас бапкері «Қызыл-Жар СК-ға» қарсы матчтың қорытындысы туралы пікірін айтты.
- Бірінші кезекте, өз ойыншыларымды осындай жеңісімен құттықтап, олардың бүгін атқарған жұмысы үшін, бар күштерін салғандары үшін алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ, Нұралы Әліп пен Вячеслав Швыревті негізгі командадағы ресми дебютімен құттықтаймын.
Чемпионатты бастау қашан да қиын. Әсіресе осындай ойында, қарсыласымызда бір мүмкіндік болып еді, соны пайдаланып кетті. Олардың жабылып алып, өте төмен ойнайтынын білдік және гол соғу қиынға соқты.
Доппен көбірек жұмыс істеуіміз керек, себебі доп біздің бақылауымызда болса, қобалжитындай көрінеміз. Кей сәттерге көңілім толмады, сондықтан кей тұстар бойынша әлі жұмыс істеуіміз қажет деп ойлаймын. Біз ойынды сараптамадан өткізіп, оны жақсарта түсуіміз қажет. Осы жаққа келетін командалар көбіне жабық футбол көрсетіп, өз қақпаларының маңында ғана ойнайды. Бұл жағдай чемпионат бойы жалғасады, сондықтан доппен жұмыс істеу қарқынын күшейтуіміз қажет. Сол арқылы бос аймақтарды пайдаланып үйренеміз.
«Қайрат» - рухы бар команда, бұл өте маңызды. Ол қашан да соңына дейін барады. Бұл ойнай алатын және жеңіске жеткісі келетін команда. Ол бір тұтас ұжым және бүгін біз үш ұпай еншілеп, маңызды ойында жеңіске жеттік. Жанкүйерлерге үлкен рақмет, біздің жеңісіміз солардың арқасында.
- Осы трансферлік кезеңде командада жаңа ойыншылар бола ма?
- Трансферлік кезең әлі ашық, бірақ трансфер бұл бапкерге ғана байланысты нәрсе емес. Бұл клубтың жағдайы, оны сараптамадан өткізіп, кейін шешім қабылдау қажет. Не боларын көре жатармыз.