Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы 2018 Премьер-лиганың жиырма екінші турындағы үздіктер құрамасын жариялады. Үздік 11 футболшыдан құралған команда InStat статистикалық сараптама компаниясының ойындарды сараптау көрсеткіштерінің негізінде құрылған.
Ең пайдалы ойыншылардың тізіміне «Қайраттың» екі ойыншысы енді: «сары-қаралардың» капитаны Бауыржан Исламхан мен қапталдағы қорғаушы Ғафуржан Сүйімбаев.
Ғафуржан Сүйімбаев, «Қайрат»
«Қайраттың» бапкерлік штабы екінші айналымның соңғы матчында ойын жүйесін өзгертті. Қызылжарда Сүйімбаев сәл алға жылжып, сол қапталдан шабуылды жалғыз өзі бастап отырды. Қайраттықтардың латералі қарсыластан допты 5 рет тартып алып, 11 рет допқа бірінші жеткен. Сондай-ақ, қарсыластың айып алаңына бес рет пас шығарды, пастарының дәлдігі 91 пайызды құрайды. Бұл статистика Ғафуржанның сенімділігіне күмән келтірмейді, оның ойын индексі – 259 ұпай.
Бауыржан Исламхан, «Қайрат»
Қызылжарда өткен матчта жанкүйерлер Бауыржан Исламханның ең үздік ойынын тамашалады – ол жылдам, өзіне сенімді көрінді. «Қайрат» капитанының жігерлі ойыншы бүкіл командаға шабыт бергендей. Ол қарсыластың қақпасына екі рет соққы бағыттап, айып алаңына 12 рет пас шығарды. 8 рет қарсыластан сытылып өтті, оған қарсы 3 рет ойын тәртібі бұзылған. Пастарының дәлдігі 89 пайызды құрады. Кездесу соңында нәтижелі пас беріп, Исаэль қанжығасын майлады. InStat Index көрсеткіші бойынша ең үздік нәтиже – 299. Бауыржан Исламхан өткен турдың ең үздік ойыншысы.
Фото: «Қызыл-Жар СК»