«Қайраттың» шабуылдаушы жартылай қорғаушысы Исаэль Барбоза мансабының алматылық клубта қалай өтіп жатқанын және оңтүстік астанадағы өмірі туралы айтып берді.
- Исаэль, сен Қазақстанда бесінші маусым бойы ойнап жатырсың. Өзіңді бразилиялық «қазақ» санамайсың ба?
- Осы бес маусым мен үшін өте жақсы өтті. Өзімді осы елге бейімделген жігіт ретінде санаймын.
- Өз командаң үшін биылғы чемпионаттың басы қалай өтті деп ойлайсың?
- Чемпионаттағы алғашқы екі ойынды жақсы өткізіп, екі жеңіске қол жеткіздік. Меніңше, жақсы бастадық.
- Қалай ойлайсың, «Қайрат» биыл чемпион бола ма?
- Бізде чемпион болу үшін бәрі де бар. Бірақ қазір бұл туралы айтуға әлі тым ерте. Чемпионат ұзаққа созылады. Біз – фавориттердің біріміз.
- Менеджерің Сергей Новиков маған сенің Қазақстан ұлттық құрамасында ойнауға қуана келісетініңді айтты. Солай ма?
- Қазақстан құрамасы сапында ойнауға келер болсақ, мұндай мүмкіндік туса, келісер едім.
- Команданың Венгрия және Болгарияға қарсы матчтарын көрдің бе? Бұл туралы не айта аласың?
- Венгрлерге қарсы ойынды аз уақыт қарадым. Қазақстан құрамасы жаңа бапкердің келуімен жақсырақ ойнай бастады.
- «Қайратта» досың Жерар Гоуды сағынып жүрсің бе?
- Әрине, Жерарды сағынамын, ол өте жақсы ойыншы болған еді. Біз екеуіміз бауырлар сияқтымыз, жиі сөйлесеміз.
- Сенің командаңда қазір жас футболшылар көп. Олардың арасында кім жоғары деңгейде ойнай алады деп ойлайсың?
- Бұл жігіттерде өз таланттарын дамыту үшін бар жағдай жасалған. Қазір бәрі өздеріне байланысты – көп жұмыс істеу керек.
- «Қайраттың» қазіргі бапкері Карлос Алос туралы не айта аласың?
- Карлос – өте жақсы бапкер, мықты маман. Оның үстіне, ол – өте жақсы адам. Бұл ойыншылар үшін өте маңызды.
- Алматыдағы өмірің қалай?
- Алматыға келгеніме төрт жыл болды, өзімді өте жақсы сезінемін. Ол менің екінші үйіме айналды десем болады.
- «Қайраттың» жанкүйерлерімен қарым-қатынасың қалай? Оларға не айтасың?
- Жанкүйерлермен қарым-қатынасым өте жақсы – олар мені қатты құрметтейді, сол үшін оларға алғысым шексіз. Фанаттарымызға команданы қашан да қолдайтындары үшін рахмет айтып, осындай қолдауларын тоқтатпауды сұраймын. Осы жылы біз чемпион боламыз деп үміттенемін, себебі бұл адамдар чемпиондықты қатты қалайды.
Дереккөз: Kazfootball.kz