Оңтүстіккореялық жартылай қорғаушы Хан Чжон Ву «Қайратпен» келісімшартқа отырғаннан кейінгі алғашқы сұқбатында алға қойылған мақсаттар жайында, футболдағы арманы, жақсы көретін фильмі, Сон Хын-Минге деген көзқарасы туралы айтып, оның алдында бүкіл әлемде хит болған Gangnam Style әнін шебер орындап берді.
- «Қайратқа» келгенім үшін бақыттымын, - деп бастады Хан Чжон Ву өз әңгімесін. – Командадағы ғажайып әріптестеріммен бірге жаттығып, бірге ойнайтыным үшін қуаныштымын. Өзімді көрсететін сәтті тағатсыздана күтіп жүрмін. Маған сенім артқан футбол клубына тезірек өз пайдамды тигізгім келеді. Тез бейімделіп, негізгі құрамның тұрақты ойыншысы болуға тырысамын. Менің арманым – әрбір матчта гол соғу немесе нәтижелі пас беру. «Қайратқа» мүмкіндігінше жиі жеңіске жетуге көмектескім келеді.
- Сен қазақстандық футбол тарихына ҚПЛ-дағы алғашқы оңтүстіккореялық ойыншы болып еніп отырсың!
- Мен үшін үлкен құрмет. Осындай мәртебеге сай өнер көрсету үшін бар күшімді саламын. «Қайратқа» максималды пайдамды тигізіп, сонымен қатар, кореялық футболдың абыройын асқақтата түсу үшін жанымды сала ойнаймын.
- Бүгінде кореялық футболдың абыройын «Тоттенхэмде» Сон Хын-Мин жақсы-ақ асқақтатып жүр.
- Маған Сон Хын-Мин қатты ұнайды! Оған үлкен құрметпен қараймын. Ол үлкен табысқа қол жеткізді. Өзінің қайталанбас стилі, өзіне ғана тән ойын мәнері бар. Ол жылдам ойыншы, соққылары да жойқын. Оның үстіне, халықаралық тәжірибеге бай. Оның Бундеслигада жақсы ойнағанын ешкім де ұмыта қойған жоқ. Сон Хын-Мин англиялық «Тоттенхэмде» одан да артық ойнап жүр.
- Футболмен айналысуыңа не түрткі болды?
- Әкем футболды жақсы ойнайды. Бірақ бұл оның жәй ғана хоббиі еді. Әдетте демалыс күндері доп теуіп, 5-6 жасымда мені матчтарға алып кететін. Мен де қызығып, футболмен айналыса бастадым. Тоғыз жасымда тұрақты түрде қатыстым. Мені байқап қалды. Осы мамандықта өз күшімді сынап көруді шештім.
- Биыл «Қайрат» сапында Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде ойнайтын мүмкіндігің бар...
- Еуропа лигасы – бүкіл әлемнің жанкүйерлері тамашалайтын үлкен турнир. Сондықтан, оған қатысқым келеді. «Қайратқа» іріктеу кезеңінен өтіп, топтық кезең жолдама алуға, кейін жоғары орындарға таласуға көмектесемін деп үміттенемін. Егер бәрі осылай өрбісе, шексіз бақытты болар едім.
- Футболдағы ең үлкен арманың қандай?
- Өзімді Ла Лигада сынмп көру. Өзімді испан чемпионатының үлкен жанкүйері санаймын. Чемпиондар лигасында ойнап, «Қайраттың» сапында гол соққым келеді. Футболдағы армандарыма жақындау үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын.
- Қандай әуен тыңдайсың?
- Америкалық орындаушыларды жиі тыңдаймын. Хип-хоп ұнайды. Мысалы, Кендрик Ламар.
- Ал қандай фильмдер ұнайды?
- Ең сүйікті фильмім – британиялық About Time («Болашақтан келген жігіт») лентасы. Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» туралы кітаптарының желісімен түсірілген фильмдер ұнайды.
- Себебі Поттер сиқыршы болғаны үшін бе?
- Сиқыр, фэнтези элементтері бар картиналар ұнайды. Оған қоса, Эмма Уотсон – өте сұлу.
- Ең сүйікті тағамың?
- Пицца.
- Спортшы үшін ең пайдалы тамақ деуге келмейді...
- Түсінемін, сондықтан да кейде ғана бір-екі тілімін ғана жеймін. Маған дәмі ұнайды. Ірімшікті жақсы көремін. Сондықтан, бұл кейде өзімді бір қуантап қоюдың тәсілі.
- Кешкі аста команда алдында Оңтүстік Кореяда шыққан Gangnam Style әнін орындағанда қобалжымадың ба?
- Қатты ұялып, абыржыдым. Осынша көрермен алдында бұрын-соңды ән айтып көрмегенмін. Оның үстіне, олар – өз клубтастарым. Әрине, жақсырақ орындауға тырыстым. Ән командамен бір болуыма, ұжымға тез сіңісіп кетуіме көмектеседі деп ойлаймын. Солай секілді.
- Тамаша орындадың, бәріне ұнады!
- Иә, маған да жағымды болды! Көп рақмет! Менің ән орындауым бәріне ұнаған секілді! Маған бәрі қол шапалақтады! Бәрі жақсы болғаны үшін қуаныштымын. Алаңда да солай ойнай аламын деп ойлаймын.
- Командада кіммен жақынырақ сөйлесіп жүрсің?
- Бауыржан Исламханмен, Елдос Ахметовпе, Айбол Әбікенмен. Олар маған қатты көмектесіп жүр. Ал Нұралы Әліп оның бауырына ұқсайтынымды айтты. Тамаша команда. Ғажайып атмосфера. Бәрі керемет!