«Қайрат» ФК-ның баспасөз қызметі клуб Академиясы тәрбиеленушілерінің ата-аналарымен сұхбаттар топтамасын бастайды. Бірінші материалда сіздер Т. С. Сегізбаев атындағы Академия тәрбиеленушісі, болашақта әлемдік деңгейдегі қақпашы болуды армандайтын Никитаның анасы Марина Политикпен танысасыздар.
- Марина Анатольевна, сіздің ұлыңыз Никита футболмен қалай айналыса бастады?
- Біздің ұлымыз футболмен жеті жастан бастап айналыса бастады. Павлодарда футбол орталығы ашылған кезде, біз оны бірден іріктеуге апардық. Никита іріктеуден сәтті өтіп, жаттығуды бастады. Жасөспірім жасқа келгенде кәсіби футболшы болуды қалады, жоғары деңгейде өнер көрсеткісі келді.
- Никита әрдайым голкипер рөлінде ойнады ма?
- Жоқ, ұлым алдымен алаң ойыншысы болды, тіпті шабуылда да ойнады. Содан кейін қақпашы болуды шешті және оның амплуасын ауыстыру өте оңай болды. Ол мәскеулік ЦСКА жанкүйері, тіпті Игорь Акинфеевтің нөміріндей 35-ші нөмірді алды.
- Никита қай кезден бастап «Қайратқа» ауысуды ойлай бастады?
-Никитаның «Қайратқа» түсу ниеті 2017 жылы пайда болды. Шамамен бір жылдан кейін Алматыға іріктеуге бару туралы ұсыныс келіп түсті. Біз өте қатты қуандық. 2018 жылдың қараша айында мен Никитаны күйеуіммен бірге іріктеуге жібердім. Бұл ретте бізден ештеңе талап етілмеді. Бізге жолымызды және де күйеуімнің қонақ үйге тұруын төлеп берді. Барлығы жақсы ұйымдастырылды: оларды қарсы алып алды, қонақ үйге орналастырды, Академияда экскурсия өткізді. Барлығын көрсетті: командалар қайда жаттығатынын, қайда тұратынын, қосымша сабақтарды қай жерде өткізетінін. Шешінетін бөлмелер, бутсаларға арналған кептіргіштер, асхана. Күйеуім мен ұлымды Академиядағы тамақ сапасын бағалау үшін түскі аспен тамақтандырды. Олардың қуаныштарында шек болмады. Олар бір апта бойы Алматыда болды. Никита Академияда жаттықты, ал менің күйеуім Вадим тәрбиешілермен, әдіскерлермен, жаттықтырушылармен танысты. Бізбен бірге Павлодардың балалары болды. Олардың барлығы жаттығып, тест тапсырды. Кейін бізге іріктеуден сәтті өткенімізді хабарлады. Содан кейін біз бір ай бойы барлық құжаттарды жинадық, ұлымыз екінші тоқсанды аяқтады, біз бәрін салыстырып, барлығын талқыладық. Никита үлкен футболды армандайтындықтан, оны «Қайраттың» Академиясына жібереміз деп шештік.
- Отбасы кеңесінде шешім қалай қабылданғандығы жайлы толығырақ айтып берсеңіз?
- Біз қарапайым отбасымыз: мен бухгалтер болып жұмыс істеймін, Никитаның әкесі байланыс саласында. Ұлымыз үшін бұл үлкен мүмкіндік екенін түсіндік. Біз күйеуімізбен футболға көп уақыт бөлеміз, баланы барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ету үшін қандай шығындар қажет екенін түсінеміз. Егер Павлодарда Алматыдағыдай жағдай болса, онда осындай жас шамасындағы балаларды жіберу қажеттілігі тумас еді. Алматы қаласына көшкенде Никита он үш жаста болды. Әрбір ата-ана баласының ең жақсыны алуына барын салады. Уақыт зымырап өтуде. Жас ойыншылар әрқашан өсіп, дамуы керек. Осындай мүмкіндікті жіберіп алсаңыз, балаңыздың барлығына ұмтылысын жоғалтуға болады. Сондықтан біз «Қайраттың» пайдасына таңдау жасадық. Оның арманын жүзеге асыру үшін онда барлық жағдайлар жасалған. Никита: «Мен дайынмын. Мен өсіп, дамуды қалаймын» - деді. Күйеуім мен ұлым Академияны өз көзімен көрді. Кейінірек мен клубта керемет инфрақұрылым барын, керемет жағдай жасалғанын көрдім. Елде футболшының дамуы үшін бұдан асқан жақсы орын жоқ. Әр ата-ана өз баласына ең жақсыны қалайды.
- Академияда болған кезде балаңызға жиі қоңырау шаласыз ба?
- Біз әрқашан байланыстамыз. Күн сайын Никита бос уақытында қоңырау шалады. Біз барлық мәселелерді талқылап, барлығын әңгімелейміз. Тек спорттық өмір туралы ғана емес, сонымен қатар тұрмыс, оқу мәселелері туралы да айтылады. Біз күйеуімізбен кеңес береміз, қашықтан көмектесеміз. Барлығы қарапайым отбасылардағыдай. Қазір Никитаның үйде екенін білесіздер, мен оның өсіп, барлығын өзі жасай алатынын көріп жатырмын. Мен бұған өте қуаныштымын. «Қайрат» Академиясының барлық қызметкерлеріне алғыс айтамын.
- Никита карантин жағдайында қалай жаттығып жатыр?
- Ол Академия жаттықтырушылары әзірлеген арнайы бағдарлама бойынша жаттығады. Алдымен бұл кросстар, жүгірулер болды. Қазір карантин жағдайында жаттығулар онлайн өткізіледі. Яғни, әрбір ойыншы бапкерлер штабының қадағалауымен жаттығуларды үйде орындайды.