«Қайрат» футбол клубы

«Қайрат» футбол клубы

Денис Леденёв: «2008 жылғы жігіттердің техникалық дайындығы өте жақсы»
Академия жаңалықтары

Денис Леденёв: «2008 жылғы жігіттердің техникалық дайындығы өте жақсы»

09 августа 2023
/ 06:00

«Қайрат» U-16 (2008) командасының аға бапкері клубтың баспасөз қызметіне үлкен сұхбат беріп, Қазақстан чемпионатының алтын медалін мерзімінен бұрын жеңіп алу және жас футболшылардың дамуы, алдағы Санкт-Петербургте өтетін халықаралық турнир, құрам таңдауы, команданың алға қойған мақсаты мен мықты қарсыластары туралы айтты.

– Денис Александрович, мерзімінен бұрын жеңіп алған чемпиондығыңыз құтты болсын! Бұған байланысты әсеріңіз қандай?

– Көп рақмет! Сізді де құттықтаймын, өйткені біз бәріміз «Қайрат» құрылымында жұмыс істейміз. Тек жақсы әсердемін. Чемпионаттың аяқталуына үш ойын қалғанда чемпион атанамыз деп ойлаған жоқпыз. Жігіттер жарады, әр ойында өздеріне берілген тапсырманың барлығын орындады.

– Командаңыздың турнирдегі ойынын қалай бағалар едіңіз?

– Тек жақсы әрі жағымды жағынан. Негізі, біздің 2008 жылғылар командасының 29 ойыншысы бар. Оның ішінде 7 ойыншы үлкен жастағылармен ойнайды. Қалған жігіттер негізгі ойыншылардың қолдауынсыз мерзімінен бұрын чемпион атанды. Өткен жылдары жігіттер алаңға аз шықты, бірақ осы маусымда олардың деңгейі команда үшін шешуші болды.

– Жаттығуға деген көзқарасыңыз туралы айтыңызшы. Жас футболшылардың шеберлігі мен тактикалық қырын дамыту үшін қандай әдіс қолдандыңыз?

– Үш жыл қатарынан U-16 құрамасымен жұмыс істеп келемін. Көп жеке әңгімелесу, топ болып бейне талдау жасау керек. Біздің ұстанатын философиямыз бар. Негізі, бұл допты басу және ұстау. 2008 жылғы жігіттердің техникалық дайындығы өте жақсы. Шынымды айтсам, биыл прессинг жасауға көп уақыт жұмсамай, доппен көбірек жұмыс істедік, тактикалық және шабуылдық әрекетке жаттығу жасадық. 

– Үш жыл қатарынан U-16 құрамасын жаттықтырып келемін дедіңіз. 2006, 2007 және 2008 жылдары туған ойыншылар арасындағы ұқсастық пен айырмашылықты бөліп айта аласыз ба?

– Әрине, әр команда әртүрлі. Бұл командалардағы жігіттер әртүрлі жолдармен дамыған. Мінезі бойынша командалар ерекшеленбейді, барлығында қажетті командалық менталитет бар. Дегенмен қазір QJ League-те өнер көрсететін 2006 жылғы команданы алсаңыз, мен баптаған кезде олар техникалық жағынан әлсіздеу болды. Жауынгерлік қасиетімен ерекшеленетін жігіттер көбейіп, 4-5 жігіт қана шығармашылық жағынан көзге түсіп жүр. 2007 жылғы команда бұл көрсеткішке байланысты 50/50 деп айтар едім. Бірақ 2008 жылғыларды алатын болсақ, мұндағы жігіттер допты ұстау, футболды ойлау жағынан мықты. Олар бір команда болып ойнайды. 

– Жыл басынан бері ойыншылар қаншалықты дамыды? Ал олардың ең маңызды жетістігі қандай?

– Бұған дейін мен жігіттердің алдыңғы жылдары ойын тәжірибесі аз болғанын айттым, өйткені бізде деңгейі жоғары 7-8 ойыншы бар. Осыған байланысты 2008 жылғы 2-3 жігіт өте тез дамыды. Мұның бәрі ойын уақытының мөлшеріне және бапкер құрамының оларға деген сеніміне байланысты.

– Біз ойыншылар туралы көп айтамыз, бірақ U-16 командасының бапкер құрамының тамаша жұмысын атап өтуге болмайды. Өзіңіздің көмекшілеріңізден бастап, өз тәжірибеңізге дейін әр жаттықтырушының үлесі туралы айтып беріңізші.

– Біздің штаб жақсы. Менің көмекшім Еркібаев Еркін Жақсылықұлы. Көбінесе Квочкин атындағы Академияда жұмыс істеді. Ал өзі бұл жігіттерді бір уақытта ашық есік күні болған кезде іріктеп алған. Онда бірнеше жыл оларды баптады. Сегізбаев атындағы Академияға ауысқанда жігіттер қатты қуанды. Еркін техникалық жағынан да, ақыл-ой жағынан да мықты. Өз ісінің маманы. Қақпашылар бапкері – Жәменкеев Дидар Ерболатұлы. Барлығымыз бірге отырып, талдап, апта бойына жоспар жасаймыз. Жалпы, біздің ұжым жақсы жасақталған. Шектен шықпай көп әзілдесеміз.

– Сізді жас футболшылармен жұмыс істеуге не шабыттандырады? Қандай қиындықтарға тап боласыз?

– Бұл – еліміздің ең жақсы Академиясы екенімізге мотивация беретіні сөзсіз. Жағдайдамыз да жақсы. Оның үстіне біздің жігіттер – ең мықты. Осында жүріп, жұмыс істегенде дамисыз. Түрлі халықаралық турнирлерге басқа елдерге жиі барып тұрамыз. Қиындыққа келетін болсақ, олар кез келген жағдайда болып тұрады. Біздің ойыншылар 15 жаста. Өтпелі кезеңде. Жігіттер өзгеріп жатыр. Бұрын олар көңіл жықпайтын болса, қазір біраз ұрыс-керіс шығарып, наразылық танытады. Оны жеке әңгімелесу арқылы шешеміз. Осындайда ғана проблема бар.

– Сіз ерекше атап өткіңіз келетін ерекше ойын немесе командалық жетістік бар ма?

– Биылғы жылдың басын алайық. Санкт-Петербургке турнирге бардық. Бірінші ойын өте оңай болды. Біз Минскінің «Динамосын» 5:0 есебімен жеңдік. Екінші ойын өте жақсы өтті, біздің қарсыласымыз «Црвена Звезда» болды. Бұл – деңгейі өте жоғары команда. Осы тамаша ойында біз көп эмоция қалдырдық. Біз есеп аштық, сосын екі гол жіберіп алдық, кейін есепті теңестіріп, соңғы минутта гол салдық. Жеңіс голын соқтық деп ойладық. Алайда төреші қосымша уақыт қосқан соң қарсылас гол соғып, 3:3 есебімен тең тарқадық. Матч тартысқа толы болды.

– Дегенмен чемпионат әлі аяқталған жоқ. Келесі тур қашан болады? Ал команданың чемпиондықтан басқа қосымша мақсаты бар ма?

– Қазақстан чемпионатының бесінші туры 7-12 тамыз аралығында өтеді, бізге үш ойын өткізу керек. Бізді бірден «Астана» футбол орталығына қарсы бірінші ойын күтіп тұр. 6 тамызда ұшамыз, алда үш ойын бар. Чемпион атанғанымыз анық. Оған қоса, біз ол жаққа негізгі құрамда емес, чемпионатта әлі ойнамаған филиалдардағы балаларды алып барамыз. Алайда 2008 жылғы жігіттер үш жылдан бері Қазақстан чемпионатында өнер көрсетіп, содан бері бірде-бір жеңіліс көрмеген. Әрине, бұл көрсеткішті сақтауға тиіспіз. Тапсырмаларымыз – жоғары. Әр ойында жеңіске жетіп, қақпаны құрғақ ұстауға тырысу керек. Мұндағы басты дүние – ойыншылардың кәсібилігі мен жауапкершілігі.

– Қазір бұл туралы айтуға әлі ерте, бірақ сіздің пікіріңізді тыңдағым келеді. Бес жылдан кейін біз негізгі командада бір жігітті көру мүмкіндігі қандай?

– Болашаққа көз жүгіртсек, өзіне қойылатын талаптарды төмендетпесе, ол жаққа өтетін ойыншылар жеткілікті. Мен 5-6 ойыншы туралы нақты айта аламын. Олардың атын атамай-ақ қояйын.

– «Қайрат» Академиясының ойыншыларына беретін ТОП-3 кеңесіңіз.

– Бірінші кеңес – мақсат қою. Жігіттер футболмен айналысады, бірақ олардың барлығы не істеп жатқанын және мұнда не үшін келетінін білмейді. Оларға шабыттандыратын әрі футболға қатысуының мағынасын анықтайтын үлкен мақсатты құруға көмектесуіміз керек. Екінші кеңес – кәсібилік. Олар футболшы болғысы келсе, кәсіби маман болу қажет. Ұйқы режимін бұзбай, уақытылы тамақтанып, тырысып, еңбектенуге тиіс. Үшінші кеңес – футболдан басқа, олар бір нәрсемен айналысып, жан-жақты болуы керек.

– Тамыз айының соңында сіздің командаңыз Санкт-Петербургте өтетін халықаралық турнирге қатысады. Дайындық қалай жүріп жатыр?

– Бұл турнирге дайындық 17-23 тамыз аралығында өтеді. Қазір біздің команда екіге бөлінген. 7 ойыншы үлкен жастағылармен айналысады, оларды маңызды тур күтіп тұр. Қалған 7 жігітпен өз турымызға бөлек дайындалып жатырмыз.

– Турнирге құрам қалай  құрылғанын айтыңызшы.

– Регламент бойынша ол жерге 18 ойыншы – 16 алаң ойыншысы және 2 қақпашы бара алады. Бапкер штабы Академия басшылығымен бірге отырып, талқылап, осы турнирдің құрамын ұжымдық түрде таңдады. Биыл академиямыздың екі командасы Санкт-Петербургке жол тартты. Ақпан айында 2008 жылғы командамыз екінші орын алса, мамыр айында негізінен біздің ойыншылардан құралған 2007 жылғы команда Казачёнок кубогының иегері атанды.

– Бұл турнирде команданың алдында қандай мақсат тұр?

– Біз жоғары орында тұру үшін күресеміз. Оңай емес, бірақ өзімізді көрсетіп, еліміздің, клубымыздың намысын қорғауға барамыз. Сол жердегі қарсыластарымыз бізге дайындалатыны сөзсіз. Олар үшін «қайдағы бір қазақтар» келіп, үнемі бірінші, екінші орын алып кететіні намысына тиеді. Жеңуімізге жол бермейді деп ойлаймын.

– Қарсыластар туралы бір ауыз сөз айта аласыз ба?

– Бірінші ойын сол «Црвена Звездамен» өтеді. Соңғы ойнағанымыздан алты ай өтті, бұл жолы қайсымыз жақсы дайындалғанымызды тексереміз. Келесі – Ресей жастар құрамасы. Біз олармен өткен жылы ойнап, екі рет 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатынбыз. Біз білмейтін үшінші команда – Бразилияның «Интернасьонале» командасы. Өкінішке қарай, олардың видеоларын да таба алмадық.

– Мұндай турнирлерге қатысу Академияның жас ойыншыларының дамуы мен тәжірибесіне қалай әсер етеді? Бұл қаншалықты маңызды?

– Бұл – өте маңызды! Мысалы, Қазақстан чемпионатын алайық. Өткен жылды есептемегенде, U-18-ге дейінгі барлық жастағы командалар алтын медаль жеңіп алды. Сөздің шыны керек, қарсыластық танытатын тек бірнеше команда бар. Қалған ойындар жиі 7:0, 10:0, 15:0 есебімен аяқталады. Бұл ойындарда жігіттерде ешқандай қысым болмайды, яғни олар дамымайды. Ал халықаралық турнирге барсақ, басқа мектеп, әртүрлі философиясы бар командалар бар. Ол жақтағы қарсыластар ересек ер адам сияқты физикалық жағынан күштірек. Әрине, мұндай турнирлер Қазақстан чемпионатына қарағанда ойыншыларды жақсы дамытады. Қазір Ресейдегі турнирлерге барамыз. Бұл деген жақсы, бірақ Еуропадағы турнирлерге барып, сонда өзімізді көрсетсек, одан да жақсы болар еді. Ал филиал командалары Қазақстан чемпионатына шығуы керек. Менің ойымша, дұрысы солай болады.

arrow-prev
arrow-next

Поделиться

Біздің серіктестер

close

Единый личный кабинет ФК «Кайрат»