Алматылық «Қайраттың» фарм-клубы Түркияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында қатарынан екінші жолдастық матчын өткізді. «Қайрат-Жастардың» қарсыласы даниялық «Академиск Болдклуб Гладсаксе» командасының жас ойыншылары болды.
Басында матчтың өтер-өтпесі белгісіз болып тұрды. Себебі ойынның алдында құйынды жаңбыр жауған. Соның салдарынан, футбол алаңы матчты өткізуге толық дайын болмады. Алайда көгалды бағалаған сарапшылар матчты өткізуге рұқсатын берді. Көп күттірген ойын өтетін болды.
Ойынның алғашқы минуттарында «Қайрат-Жастар» ойыншылары белсендірек қимылдады. Алматылық команданың тарапынан үлкен жылдамдық, алуан түрлі шабуылдар мен прессинг копенгагендік қарсыластарға қиындық тудырды. Даниялықтар ойынды қалай өрбітерін білмегендей көрінді.
Біздің шабуылға төтеп берген «Академиск Болдклуб Гладсаксе» қорғаушылары қарымта шабуыл бастау үшін өз әріптестерін таба алмай, допты тезірек өз қақпасынан алысқа тебе берді. Бірақ алматылықтар допты өздеріне қайтарып алып, «Қайрат-Жастардың» даниялықтар қақпасына қарай жаңа ұмтылыстары басталды.
Ойын көбіне Александр Арефьев шәкірттерінің сол қанаты арқылы өрбіді. Себебі көгалдың оң жағында жаңбыр суы толып, ол жақта доппен ойнау қиынға соқты.
Алғашқы қауіпті соққы 30-минутқа таман болды. Қайраттықтар сәтті комбинация ұйымдастырған. Адам Адахаджиев бұрыштан доп әуелетті, ал Ұлан Өтешев баспен дәл соққы бағыттады – 1:0. Артынша, «Қайрат-Жастар» тағы бірнеше қауіпті шабуыл жасады, оның көбін Сұлтанбек Астанов түйіндеуге тырысты. Бірақ бұл жағдайларда «Академиск Болдклуб Гладсаксе» қорғанысы мен голкипері өз орнынан табылды.
36-минутта скандинавиялық команда сәтті қарымта шабуыл ұйымдастырды. Допты алаңға ауттан қосқан даниялық футболшылар есепті теңестіріп кетті. Комбинацияның соңында Анис Бен Слимани дәл соққы бағыттажы. «Қайрат-Жастар» қақпашысы Дінмұхамед Жомарт өз иелегін қорғауға тырысқанымен, қолынан келмеді – 1:1.
Бір қызығы, 41-минутта «Академиск Болдклуб Гладсаксе» өкілдері матчты тоқтатуды сұрады. Себебі викингтер елінен келген команданың бапкерлік штабы найзағай ойнай бастаған кезде кездесуді аяқтауды қалаған. Найзағай аренадан алыс жерде ойнап жатса да, грузиялық рефери Александр Месхи даниялық команда өкілдерінің өтінішін орындады.
Сәл демалыстан соң Александр Арефьев «Қайрат-Жастардың» резервін де бақылап көруді ұйғарды. Алаңнан негізгі құрамның бірнеше ойыншысын алып тастады. Олардың орнына шыққан жас ойыншылар қарсыластың қарқынына төтеп бере алмады. «Академиск Болдклуб Гладсаксе» ақырындап басымдықты өз қолдарына алды да, кейін тағы бір гол соқты. 57-минутта даниялық команда шабуылын сәтті аяқтай алды. Бұл жолы Эмиль Мигинд қанжығасын майлады – 1:2. «Қайрат-Жастардың» ойыншылары есепті теңестіру үшін алға ұмтылды, бірақ шабуылға көп көңіл бөлген олар қтелік жіберді. Нәтижесінде, Матиас Харслунд копенгагендік команданың үшінші голын соғып, матчтың нүктесін қойды – 1:3.