«Қайрат» футбол клубы 24 жастағы қазақстандық қақпашы Данил Устименконың кететінін хабарлайды.
Данил – бала кезінен клуб жүйесінің барлық деңгейінен өтіп, кейін негізгі командаға ілінген «Қайрат» Академиясының түлегі. Оның «Қайрат» сапындағы дебюті 2020 жылы Премьер-лиганың 3-ші турындағы «Жетісуға» қарсы матчта өтті. Онда ол алғаш рет қақпасына гол өткізбеді.
«Сары-қаралар» құрамындағы мансабында Устименко 74 матч өткізіп, оның 26-сында қақпасына гол дарытпаған. Данил – «Қайрат» сапында екі дүркін Қазақстан чемпионы атанған санаулы ойыншылардың бірі. Сондай-ақ 2021 жылы Қазақстан Кубогын жеңіп алды.
Данилдің Қазақстан құрамасына бірнеше рет шақырылғанын және биылғы маусым айында Ұлттық құрама сапында Әзірбайжанға қарсы ойында дебют жасағанын да айта кеткен жөн.
«Қайрат» футбол клубы Данилге қосқан үлесі үшін алғыс айтып, алдағы мансабында табыс тілейді!