«Қайрат-Жастар» жолдастық кездесуде көкшелік «Оқжетпеспен» тең түсті. Есеп - 2:2.
Ысқырық шалынысымен Александр Арефьевтің шәкірттері шабуылға шығып, жылдам ойын көрсете бастады. Клубтың басшылығы мен негізгі команданың бапкерлер құрамы ойын барысын алаң жиегінен тамашалап отырды. Алғашқы минуттар «Қайрат-Жастардың» басымдығымен өтті. 23-ші минутта әріптесінен пас алған Бақдәулет Жүзбай қақпа бағанасын дәл көздеді. Жеті минут өткеннен соң Жүзбай есепті ашты. «Оқжетпес» ойыншыларының шабуылдағы қателігін пайдаланып, қарымта шабуылдан гол соқты. 35-ші минутта Артур Шушеначев есепті еселей түсті. Бірінші таймның соңында қонақ команданың ойыншысы Артем Дмитриев Айбар Нұрдәлиевке қарсы өрескел ойнап, ереже бұзды. Төреші эстониялық футболшыға бірден қызыл қағазын көрсетті.
Екінші таймға «Қайрат-Жастардың» бес бірдей ойыншысы алмастырылды. «Оқжетпес» футболшылары күшке сүйеніп, ойынға қайта оралды. «Қайраттың» жас ойыншылары екі мәрте Дарко Зоричтен көз жазып қалды. Черногориялық футболшы дубль авторы атанып, командасын жеңілістен аман сқатап қалды.