«Қайрат» ФК-ның Тимур Сегізбаев атындағы Академиясының тәрбиеленушілері жыл сайын өтетін респубикалық «Қамқорлық» деп аталатын мейірімділік акциясына қатысты.
«Қамқорлық» аясында қарастырылған іс-шаралар жетім балалар, мүгедек балалар, сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар мен материалдық табысы төмен отбасыда тұратын балалардың өмірін жақсартуға бағытталған.
«Қайрат» футбол клубының ұжымы балалардың құқығын қорғау бойынша қазақстандық комитеттің бастамасына қолдау көрсетіп, қамқорлыққа зәру балаларға қолдау көрсетуге ат салысты.
«Қамқорлықты» іске асыруда өз үлестерін қосқан Т. С. Сегізбаев атындағы Академияның жасөспірімдері алматылық №31 жалпы білім беру мектебінде қонақта болды. Жас қайраттықтар материалдық қиындықта жүрген отбасылардың балаларына фирмалық спорт костюмдерін, күртке және клубтық ойын жейдесінің жинақталымын сыйға тартты.
Айта кетерлік жайт, осылайша «Қайраттың» тәрбиеленушілері мектептегі достарына қолдау көрсетті деуге болады. Академияның спорт интернатында тұрып жатқан жас қайраттықтар №-31 орта мектепте білім алады.