Қазақстан кубогының ширек финалдық матчында өте ерекше, тіпті, тарихи оқиға болды: «Қайрат» «Ордабасыға» қарсы матчқа легионерлерсіз шықты, деп хабарлайды «Sportinform».
Бұл оқиғаның ерекшелігі алматылық клуб осы арқылы ақ туды көтерген жоқ, керісінше, шетелдіктердің көмегінсіз, тек өздерінің күш-қуатына сеніп, жеңіске жетуге тырысты. Оның үстіне, команданың тіркеуіне капитан Бауыржан Исламхан да енбей қалды, ал алаңдағы жасы ең үлкен ойыншы 26 жастағы голкипер Стас Покатилов болды. Алаңға шыққан 14 ойыншының жартысы клуб академиясының тәрбиеленушілері – қазақстандық футболдың басты үміттері.
Бірақ алматылықтардың басшылығы осындай батыл қадаммен шектеліп қалған жоқ. «Made in KZ» ұғымын қолдансақ, бәрі де солай болсын» деп шешсе керек. Сөйтіп, команданың бас бапкері ретінде Шымкентке жас әрі болашағынан үміт күттірер маман Андрей Карпович аттанды. Ол бүгінде испаниялық Карлос Алостың көмекшісі қызметін атқарып жүр.
- Матч фовариті саналған тәжірибелі қарсыласпен ауыр күреске толы жеңіске жеткенімізге ғана қуаныштымыз деп айта алмаймын, - дейді Карпович. – Өз басым жас футболшылардың ойынға қойылған жоспарда орындап, матч концепциясын ұстанғанына қуандым. Өткен кезеңде де шетелдіктерсіз ойнаған болатынбыз, бірақ ол кезде Исламхан мен Ахметов сынды тәжірибелі ойыншыларды қолданған едік. Ал бұл жолы футболшылар 18-20 жаста ғана болды.
- Қазақстан кубогында жергілікті тәрбиеленушілермен ойнау кімнің шешімі болды?
- Бұл клуб бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаевтың шешімі болатын. Ол былтыр да осы идеяны ойластырып жүрген еді, Кубоктың финалында да толығымен қазақстандық құрамды шығарғысы келді. Бірақ кейін финалға дейін кім алып шықса, солар ойнасын деп шешім қабылдадық. Ал биыл Қайрат Советайұлы осы жоспарды жүзеге асыруды ұсынды. Бұл клуб даму жолының жалпы векторына енеді.
- Алматылықтарды енді не күтіп тұр – сіздер тек қана баск футболшыларын ғана қолданатын бильбаолық «Атлетик» секілді боласыздар ма?
- Бұл бұрын үлгі деп айтар едім. «Барселонаның» философиясымен салыстырған жөн болар, олар кей матчтарға толығымен клуб академиясының тәрбиеленушілерімен шыққан еді, сол құрамның өзі өте мықты болатын. Өз ойыншыларымызды сондай деңгейге дейін дайындауға тырысамыз. Бірақ «Барселонаның» өзі де басқа футболшылардың көмегіне жүгінеді. Ешкім легионерлерден бас тартпайды. Бірақ Кубокта біз осылай ойнаймыз – өз күшімізбен, клуб академиясының жас тәрбиеленушілеріне мүмкіндік береміз. Әзірше бұл жігіттердің ойынына көңіл толады.
- Қалай ойлайсыз, «Ордабасы» қарсыласын дұрыс бағаламады ма?
- Олай емес. Ойынның мазмұнынан-ақ олардың бізге қарсы жігерлене ойнағанын көруге болады. «Қайрат» кез келген құраммен және түрлі жағдайда да «Қайрат» болып қала береді. Бізге қарсы қашан да ерекше жігермен шығады. «Ордабасы» жеңіске жету үшін бірнеше мүмкіндік жасады. Бірақ біз де шабуылда қарап қалмадық, мүмкіндік туған жағдайда қысым жасауға тырыстық. Кездесудің соңғы секундтарында гол соғатын тамаша мүмкіндікті пайдалана алмай алдық. Сол сәтті гол соққанымызда, пенальти сериясына жетпейтін де едік. Бір жағынан, мұндай пенальти сериясы біздің жас футболшыларға пайда әкеледі, бұдан да өту керек. Ол сенімділікті күшейтеді. Себебі бүгін біздің кеше ғана мектеп оқушысы болып жүрген ойыншыларымызға Қазақстан, Грузия, Өзбекстан құрамасының футболшылары қарсы тұрды. Бірақ олар тең дәрежеде күресті.