Талдықорғандық «Жетісудың» бапкері Қайрат Айманов «Қайратқа» қарсы матч нәтижесі туралы пікірін айтты.
- Бірінші таймда жігіттер барлық нұсқауды орындады. Біз қорғаныс арқылы екінші нөмірмен ойнадық, себебі «Қайрат» бар күшімен шабуылдайтынын білдік. Команда өте шебер, мықты ойыншылар жинақталған. «Қайратқа» қарсы ашық футбол көрсету өте қиын.
Бірінші таймда қарқынды ұстай білдік, жақсы қорғанып, ойынға қойылған жоспарды орындадық. Екінші таймды да жақсы бастаған едік. Бірақ, өкінішке қарай, пас беруде қателіктер кетті. Бірінші гол соғылған сәтте біздің орталық қорғаушымыз қателесті. Өз қақпамызға жылдам шабуыл жасалып, гол өткізіп алдық. Аз уақыттан соң тағы да пас берер сәтте қателестік, қорғаушы айып алаңына жақын тұста қателесті. Артынша шабуылдаушы ойыншыларды шығардық. Ойынның аяғында есепті теңестіруге жақын едік, бірақ Ибраевтың соққысы маңдайшаға тиді.