«Қайрат» футбол клубы Академиясының тәрбиеленушілері Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогына өтетін халықаралық турнирге қатысу үшін Қазақстанның жасөспірімдер (U-16, U-17) құрамасына шақырту алды.
16 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасына 18 футболшы шақыртылған, олардың 7-еуі «Қайрат» Академиясында ойнайды: Әділ Жанайдар, Егор Ткаченко, Абдулла Шен, Александр Широбоков, Арсен Азатов, Абзал Қалау және Байжан Маделхан. Команданың аға бапкері – Иван Азовский.
Қазақстанның 17 жасқа дейінгі құрамасына да 18 футболшы шақырту алды, олардың 11-і біздің Академиямыздың тәрбиеленушілері: Никита Пивкин, Дамир Қасаболат, Владислав Бутырин, Лев Кургин, Роман Балута, Омар-Василь Нұртаев, Ғани Сүлейменов, Ален Айманов, Айбар Құсайынов, Ғалымжан Кенжебек және Александр Бовкун. Бұл құраманы Игорь Свечников жаттықтырады.
Айта кетейік, шақырту алған 36 футболшының 18-і «Қайрат» Академиясының тәрбиеленушілері саналады.
Ал халықаралық турнир Алматыда «Талғар» жаттығу базасында 24-28 тамыз арасында өтеді. Қазақстандықтардан бөлек турнирде Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан құрамалары және ресейлік «Краснодар» командасы өнер көрсетеді.
Фото: ҚФФ