«Қайрат» өз алаңында оралдық «Ақжайыққа» есе жіберді.
«Қайрат» - «Ақжайық» - 0:1
Голдар: Нұрғалиев, 76
«Қайрат»: Стас Покатилов (Қ) - Станислав Лунин, Шелдон Бато, Акош Элек, Ғафуржан Сүйімбаев - Хуан Фелипе (59, Эппель), Магомед Парагульгов (46, Қуат), Бауыржан Исламхан (К) - Исаэль Барбоза, Андрей Аршавин, Адеринсола Эсеола.
Қосалқы құрам: Владимир Плотников (Қ) - Ян Вороговский, Айбол Әбікен, Александр Соколенко, Нұралы Әліп, Елдос Ахметов, Сергей Кейлер.
«Ақжайық»: Евгений Боровик (Қ) - Мирам Сапанов, Еркін Топалов Денис Главина, Берік Шайхов (90+4, Покатилов), Сергей Басов - Азат Ерсәлімов (К), Игорь Худобяк, Еркебұлан Нұрғалиев (82, Сакенов) - Чачуа Амбросий, Малик Мане (63, Карашаускс).
Қосалқы құрам: Сергей Ткачук (Қ) - Руслан Хаиров, Бауыржан Омаров - Әділет Болатов.
Оңтүстік астанадағы матчтың бірінші таймында гол соғылған жоқ. Алматылықтар қанша тырысқанымен, «Ақжайық» өз қақпасының маңында сауатты ойнап, қонақтар қақпасынан саңлау табу қиын болды.
Батыс футболшылары қарымта шабуылдардан бақ іздеді. Алғашқы мүмкіндік Чачуада болды, ол алыстан соққы бағыттаған – доп қақпа маңынан өтті.
Ойынның 30-минуты «сары-қаралардың» әдемі шабуылымен есте қалды: Исламхан «Ақжайықтың» айып алаңына еніп, қарсыластың екі қорғаушысынан өткен соң Аршавинге пас қалдырған, соңғысы допты қақпадан биікке тепті.
Үш минуттан соң Эсеола қызыл түсті футболшылардың қақпасына ұмтылыс жасап, соққы бағыттауға тырысқан, қонақтардың қорғанысы орнынан табылды.
Алаң иелері екінші таймды белсенді бастады. Команда капитаны Исламхан алыс «тоғыздықты» көздеген, Боровик өз командасын құтқарып қалды.
Матчтың 76-минутында «Ақжайық» ойыншылары Покатиловтың айып алаңына пас асырып, Нұрғалиев баспен гол соқты – 0:1. Бұл матчтағы жалғыз гол болды.