«Қайрат» ФК баспасөз-қызметі «сары-қаралар» Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында кездесетін командалар туралы материалдар сериясын жалғастырады.
30 қаңтарға жоспарланған ресейлік «Чайкаға» қарсы ойыннан кейін, алматылықтар Босния және Герцеговинаның «Вележ» футбол клубымен күш сынасады. Мостар қаласының командасына қарсы спарринг 1 ақпанға жоспарланған.
«Қызыл әскер» (жанкүйерлер «Вележді» солай атайды) өз алаңындағы ойындарын 6000 көрермен сыятын «Врапчичи» стадионында өткізеді. Балкан маңында танымал саналатын клуб 1922 жылы құрылған. «Вележ» қол жеткізген ең үлкен титулдардың ішінде екеуін ерекше атап өтуге болады: өткен ғасырдың 80-жылдары команда екі мәрте Югославия кубогын жеңіп алған. Сол уақыттары «Вележдің» құрамында гол соққыш форвард Вахид Халилходжич өнер көрсетті, ол бұл команданың сапында жүзден астам гол соққан.
Осы маусымда «Вележ» Босния және Герцеговинаның Бірінші лигасында ойнап жүр. Қазіргі уақытта команда бірінші орында келеді, олар Премьер-лигаға қайта оралуға жақын тұр. Осылайша, Түркияда «Вележ» «Күз-Көктем» форматында өтетін ұлттық чемпионаттың шешуші кезеңіне дайындалып жатыр.
Transfermarkt порталында жазылған ақпаратқа сүйенсек, «қызыл әскерлердің» жалпы құны 2,3 миллион еуроны құрайды. «Вележдің» ең қымбат ойыншысы болып оң қанаттағы вингер Обрен Цвиянович пен бразилиялық форвард Брандау саналады. Бұл футболшылардың бағасы – 225 мың еуро.
Бұл клубқа қатысты бір қызықты оқиға бар, 2014 жылы «Вележ» Австрияда «Ростовқа» қарсы жолдастық матчқа кешігіп қалған. Ойынға барар жолда босниялық команда мінген автобус апатқа ұшыраған. Ешкім жарақат алған жоқ, бірақ ойынды жарты сағатқа кеш бастауға тура келді.