«Қайрат» футбол клубы

«Қайрат» футбол клубы

Арманға апарар жол
Клуб жаңалықтары

Арманға апарар жол

10 сентября 2019
/ 11:00

Алматы қаласында жыл сайынғы «Арманға апарар жол» жобасы аясында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар арасында футбол турнирі өткізілді.

Аталмыш турнир «Бауыржан» қорының ұйымдастыруымен жетінші рет өткізіліп жатыр. Жыл сайын жарыс жеңімпаздары әлемдік футбол грандтарының бірінде қонақта болуға мүмкіндік алады.

Турнирдің салтанатты ашылуына дәстүрлі түрде «Қайрат» футбол клубы қатысты. Алматы қаласының «Орталық» стадионында өткен турнирдің жетінші салтанатты ашылу рәсіміне «Қайраттың» еңбек сіңірген ардагері Виктор Катков, сондай-ақ «сары-қаралардың» қорғаушылары Елдос Ахметов пен Сергей Кейлер қатысты.

Турнирді жетінші жыл қатарынан ашып жатқан Виктор Георгиевич құттықтау сөз сөйлеп, барлығына турнирді жақсы өткізуді тілеп, жоба үшін алғысын білдіріп және де балалар үйінің балаларын қолдаудың маңыздылығын еске сала кетті. Сондай-ақ Елдос Ахметов те турнир қатысушыларына қолдау көрсетіп, тілек білдірді. Сергей Кейлер турнирдің ресми ашылуы кезінде дәстүрлі бірінші допты соқты.

 Турнирге Қазақстанның әр аймағынан 12 команда қатысады. Бір апта ішінде олар үздік команда атағына таласады. Бас жүлде «Сантьягу Бернабеу» стадионына жолдама және де «Реал» жұлдыздарымен кездесу.

Естеріңізге сала кетейік, «Арманға апарар жол» жобасы жыл сайын балалар үйінің балаларына әлемнің ең ірі клубтарының біріне баруға мүмкіндік береді. Бұған дейін турнир жеңімпаздары «Барселона», «Милан», «Бавария», «Челси», «Атлетико» және «ПСЖ» сияқты футбол грандтарында қонақта болды.

 

 

arrow-prev
arrow-next

Поделиться

Біздің серіктестер

close

Единый личный кабинет ФК «Кайрат»