Қазақстан кубогының ширек финалдық матчында «Қайрат» сырт алаңда шымкенттік «Ордабасымен» кездеседі. Бұл ойында Андрей Карпович команда бас бапкері қызметін атқарады.
Қазақстандық маман Sports.kz-ке команданың жоспарымен бөлісіп, матчтан не күтетінін айтты.
- Біз клубтың даму стратегиясына сай жас футболшыларға үлкен назар аударуды жалғастырамыз және «Ордабасыға» қарсы матчта тағы да қазақстандық құраммен шығамыз. Қазақстан кубогында ойын уақытын беру – біздің жас ойыншыларымызды қатты жігерлендіреді, әсіресе, бұл футболшы ретінде өсуге және жылдам бейімделуге көмектеседі.
Жігіттердің ойнауға, кәсіпқой футболшы болып өсуге ниеті сақталуы үшін, мұндай матчтар ерекше маңызды. Әсіресе, бұған төрешінің қатесіз әрі әділетті қызметі әсер етеді, сондықтан, бұл ойында төрешілер бригадасы өзін кәсібилік тұрғыда көрсетуі өте маңызды. Ал біз, өз кезегімізде, жанкүйерлер үшін тартысты матч көрсетуге тырысамыз. Ойыншылардың өзін көрсетуіне мүмкіндік беріп, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз, - деді алматылықтардың бас бапкері.