«Қайрат» бас бапкерінің қызметін атқарушы Андрей Карпович «Ертіске» қарсы матч нәтижесі жайында.
- Көп нәрсе айтпаймын, айтқым да келмей тұр. Бұл футбол – мұндай болып тұрады. Алғашқы минуттарда қиындықты өзіміз жасадық, гол жіберіп алдық, кейін есепті теңестіруге тырыстық. Өкінішке қарай, мүмкіндіктерді пайдалана алмадық. Тағы да жеңіске лайық болмадық, бұл жеңіс үшін жеткіліксіз.
- Алғашқы минуттарда жіберілген гол «Ертістің» ойынына өзгеріс енгізді ме?
- Матчтың алғашқы минуттарында «Ертіс» нақты басымдыққа ие болды. Тиісінше, шатыса бастадық, көптеген жас әрі тәжірибесіз жігіттер ойнады, кей тұстарда қажет емес қателіктерді көптеп жібердік. Есепті теңестіруге тырыстық, ал бұл үшін әрқашан қосымша күш салу қажет. Қобалжап, асыға бастадық, сөйтіп жүріп матч аяқталды. Әрине, бұл гол біздің жоспарларымызды өзгертті, біз матч басында ойынды өзіміз қиындаттық.
- Маусым соңына дейін «Қайрат» легионерсіз ойнай бере ме?
- Иә, бұл клубтың шешімі. Бұл мәселе туралы айтқым келмейді, себебі бұл туралы көп жазып, көп айтылып жүр. Біз Қазақстан кубогының финалына дайындалудамыз, тиісінше, қазақстандық құрамды ойнатып жүрміз.
- Самат Сәрсенов пен Магомед Парагульговтың сәттері туралы не айта аласыз? Бұл туралы ойыншыларға жаттығуларда не айтасыз? Неліктен жас ойыншылар тырыспай жүр?
- Әрине, біз гол соғып, допты бақылауда ұстауға тырысамыз. Өкінішке қарай, ойын жоқ. Матчтан кейін ойыншыларға өз шағымдарымды айттым. Олар үшін бұл – өсіп-жетілудің керемет мүмкіндігі және мұндай сәттерді жіберіп алмау керек. Бұл біздің ең жақын резервіміз, команданы құратын осы адамдар. Олардың ойынға деген көзқарасы бізді қанағаттандырмайды. Бізде үлкен шағымдар бар, соны талқылаймыз, өйткені футболды бұлай ойнамайды. Менің ойымша, стадион мен жанкүйерлерді алдай алмайсың – ниеттеніп, жаныңды салып ойнасаң, жеңілістің өзі кешіріледі.
- Кей ойыншылар ойын туралы емес, демалыс жайында ойлап жүргенге ұқсайды.
- Жағдай оңай емес, іс жүзінде мұндағы мәселеде «таяқтың екі жағы» бар. Қазір бұл жігіттер – негізгі құрам ойыншылары. Қазір бізде қазақстандық футболшылар көп емес, олар бәсекелестіктің жоқ екенін біледі. Олардың әрқайсысы да кез келген жағдайда негізгі құрамда ойнайтынын түсінеді, сондықтан біз жастар командаларынан ойыншыларды тартамыз. Клубтың позициясы Қазақстан кубогының финалына дайындалу екені құпия емес. Кім күшті, сол ойнайды – біз үшін ешқандай айырмашылық жоқ.
- Команда капитаны Бауыржан Исламхан бірінші таймда көрінген жоқ.
- Ол біздің капитанымыз және оған айтылар сындар бар, өйткені ол бүкіл командаға жауапты ұжымдағы бірінші адам. Біз сөйлесіп, талдаймыз, бірақ, өкінішке қарай, бізде басқа ойыншылар жоқ. Сіздер түсініңіздер, олар ұлттық құраманың ойыншылары, олардың 10-ы құрамада ойнайды – бұл біздің команда.
- Шағым айтпайтын ойыншыларыңыз бар ма?
- Жоқ, бәріне де айтылар шағым бар, түрлі деңгейде. Мінсіз матч болмайды, оның үстіне біз жеңіліп қалдық. Жауапкершілік бүкіл ұжымның мойнында.
- Келесі маусымда бапкерлік штабта қаласыз ба?
- Қазір айта алмаймын, оны мен шешпеймін. Мұның бәрі болашақтың еншісінде.