«Қайраттың» ресейлік жартылай қорғаушысы Андрей Аршавин «Атырауға» қарсы ойында бір гол соқты және командалас әріптестеріне екі рет нәтижелі пас беріп, матчтың қаһарманы болған еді. «Мұнайшылармен» матчтан кейін ойыншы клуб ресми сайтының сұрақтарына жауап берді.
- Андрей, біріншіден, жеңіспен құттықтаймыз. Матч күтпеген қарқынмен өтті, неге ойын осылай өрбіді?
- Себебі «Атырау» есепте алға шықты, бұл біз үшін күтпеген жағдай еді. Жалпы, бірінші таймда біз аймақ бойынша да, ойын бойынша да басым болдық. Гол жібереміз деп ойламаған да едік. Екі оңай гол жіберіп алған соң, матч басқаша сценариймен өрбіді. Біз де, жанкүйерлер де мұндайды күтпеген едік.
- Алаңға тыңнан шыққан ойыншылар дұрыс таңдалды деуге бола ма? Карлос мырза дұрыс шешім қабылдады ма?
- Меніңше, бұл сұрақты бапкердің өзіне қою керек (жымиып). Себебі ойыншыларды шығаратын сол ғой, сұрақтарды да соған қою қажет.
- Кеше сен ғажайып ойын көрсеттің. Жанкүйерлердің пікірінше, сен 37 жастағы футболшыға мүлде ұқсамадың.
- Кеше өзімде болған мүмкіндіктерді пайдалана алдым. Бар болғаны сол, алып-қосар ештеңем жоқ (жымиып).
- Бұл сен үшін мерейтой болған еді: «Қайрат» сапындағы жүзінші матчың. Бұл сәтті қалай бағалай аласың?
- Жалпы, бір клуб сапында осынша ойын өткізсең, демек мұнда ұзақ уақыттан бері жүрсің, мұнда саған сенім артады деген сөз. Осы үш жыл ішінде «Қайрат» сапында 100 матч ойнағаныма қуаныштымын.