«Қайраттың» бас бапкері Алексей Шпилевский өз командасының «Жетісуға» қарсы матчтағы сенімді жеңісі туралы айтып, сонымен қатар БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
- Біріншіден, біз жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымыз! Біз есе қайтаруға және үш ұпай алуға дайындалдық. Менің ойымша, жігіттер алғашқы минуттардан бастап ойынға жігерленіп шыққандығын көрсетті. Мұндай матчтар оңайға түспейді, әсіресе халықаралық үзілістен кейін. Біздің командада құрама ойыншылары көп. Енді тезірек қалыпқа келіп, Қызылордадағы келесі матчқа дайындалуымыз керек. Әрі қарай жұмыс істейміз, аяғына дейін күресеміз.
- «Қайрат-Жастармен» өткен жолдастық кездесу бұл кездесуге дайындалуда маңызды рөл атқарды ма?
- Жоқ, бұл рөл ойнаған жоқ. Біріншіден, «Қайрат-Жастар» басқа ойын схемасы бойынша ойнады, сонымен қатар, бізде алаңда ойнаған көптеген футболшылар ол кезде болмады. Біз үшін Алматыда қалған ойыншыларға ойын тәжірибесін беру маңызды болды. Мұндағылар өте қарқынды жұмыс істеді. Ұлттық құрамаға кететіндердің сол жерде ойнайтынына кепілдік жоқ екені түсінікті және де олардың жаттығу процесі де мүлдем өзгеше. Сондықтан, мұнда қалған ойыншылар өте жақсы жұмыс жасады.
- Бауыржан Исламханның физикалық жағдайын қалай бағалайсыз?
-Оның жағдайы жақсы. Бұл тактикалық идея болды. Бірнеше күн бұрын мен Георгий Жуковпен және Исламханмен сөйлестім, олардың әрқайсысын осы ойынға 45 минутқа шығаратынымды түсіндірдім. Біз «Жетісуға» дайындалдық, алаңда футболшылардың ерекше орналасуына байланысты жаттықтық. Қарсыластың қалай ойнайтынын білдік. Бүгін Жуков та, Исламхан да өз міндеттерін толық орындады.
- Еурокубоктағы «Астана» күнтізбесін ескере отырып, алтынға деген үмітіңізді қалай бағалайсыз?
- Мен Астананы жалғыз бәсекелес деп айтпас едім. Чемпиондық жарысқа «Тобыл» мен «Ордабасы» да қатысады. Енді не болатынын көрейік. Ең алдымен, өзімізге қарауымыз керек. Өзіміздің ойынымызға. Жігіттер мұны түсінеді. Биыл біз көп жұмыс істедік, аз қалды, бірақ бұл жеңіл болмайды.
Маусымның соңына қарай ойыншылар жақсы қалыпта ма? Олар чемпионаттың ақтық кезеңіне дайын ба?
- Мен тек жаттығу барысындағы дайындықты айта аламын. Маусымның жақындап келе жатқаны сезіліп тұр, ұлттық құрамаларға көптеген ойыншылар шақырылды, бірақ бұл себеп емес. «Астана» Еуропа Лигасының іріктеу додасында ойнады, енді топтық кезеңге шығады. Жігіттер үшін бұл үйреншікті емес футбол, көп энергияны қажет етеді. Біздің футбол өзіндік құрбандықты талап етеді. Менің командамның физикалық жағдайы жақсы екенін көріп отырмын. Менің ойымша, бұл финалда үлкен рөл атқаруы керек. Көшбасшыларға қарсы матчтарда екінші таймда қарсыластардың бәсеңдеп қалғаны байқалады, ал менің жігіттерім соңына дейін жүгіреді. Қалған матчтарда біз 200 пайызға барымызды салып ойнауымыз қажет!