«Қайраттың» бас бапкері Алексей Шпилевский «Ақтөбеге» қарсы матч алдында кездесуге дайындық туралы айтып, Сергей Политевичтің айығуы жайында ақпаратпен бөлісті, сонымен қатар, «Қайрат-Жастар» ойыншысы Сұлтанбек Астановты мақтады.
- Жақсы дайындық кезеңін өткіздік. Жұмыс көп болды. Екі режим бойынша жаттықтық. Жылдамдыққа, шыдамдылыққа көп көңіл бөлінді. Біз алға тағы бір қадам жасадық. Сергей Политевич жалпы топқа оралды. Жаттығу жасап жүр. Бұл қуантады. Енді оңтайлы күйге оралу үшін оған уақыт қажет. Ол «Қайрат-Жастармен» бірге «Жетісу-Б» командасына қарсы жолдастық кездесуде ойнайды. Біздің мамандарымыздың арқасында Елдос Ахметов тез айығып, тіркеуге енді. «Ақтөбемен» кездесуді тағатсыздана күтіп жүрміз. Қарсыласымыз мықты, сондықтан ауыр матч күтеміз. Оның үстіне, ойын жасанды көгалда өтеді, оған бейімделу керек. Жігіттер күресуге дайын.
- «Жетісу-Б» командасына қарсы жолдастық матчқа қатысқан Сұлтанбек Астановтың дайындығын қалай бағалайсыз?
- Халықаралық үзіліс кезінде «Қайрат-Жастар» футболшыларын жаттығуға және талдықорғандықтармен ойынға шақырдық. Сұлтанбек өз мүмкіндігін пайдаланды, өзін көрсете алды. Оның болашағынан зор үміт күтеміз. Оған біздің жылдам футболымызға үйренуі үшін уақыт қажет екені түсінікті, бірақ Астановтың футболда іргетасы бар. Ол «Ақтөбемен» матчтың тіркеуіне қосылады.
- Қазақстан кубогындағы алғашқы қарсылас туралы не айта аласыз?
- Мұндай кездесулер әрқашан қиын. Әсіресе сырт алаңдағы ойындар Мұндай кездесулерге командалар соңғы шайқастай дайындалады. Сондықтан «Ақтөбе» мен «Оқжетпеске» қарсы матчтардан кейін «Каспиймен» кездесуге дайындыққа баса назар аударамыз. Біз Кубокта тек қазақстандық құраммен ойнай береміз. Жас футболшыларды шақырып, оларға қажетті тәжірибені береміз.